16 жасар қазақстандық шахматшы қыз қытайлық әлем чемпионын ұтты
АСТАНА. 16 мамыр. Қазақстандық 16 жасар шахматшы қыз Алуа Нұрманова әлемнің әйелдер арасындағы қазіргі чемпионы, қытайлық Цзюй Вэньцзюньді ұтып, сенсация жасады. Бұл туралы Zakon.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Қазақстандық 16 жасар шахматшы Алуа Нұрманова іс басындағы әлем чемпионы, қытайлық Цзюй Вэньцзюньді Pro Chess League глобалды лигасының финалында ұтып, өзінің Gotham Knights командасының жеңіске жетуін қамтамасыз етті», – делінген Қазақстан шахмат федерациясы баспасөз қызметінің хабарламасында.
Федерацияның хабарлауынша, біздің талантты қыз Хикару Накамура, Владимир Федосеев және Шамсиддин Вохидов секілді гроссмейстерлермен бір командада ойнаған.
«Алуа сондай-ақ халықаралық гроссмейстерлер Алхибан Бамкаранмен (Үндістан), Николас Теодрумен (Грекия), Бенджамин Бокпен (Нидерланд) тең ойнады», – делінген хабарламада.
Лиганың басты кезеңінде құрамдарында әлемнің Магнус Карлсен, Хикару Накамура, Аниш Гири, Фабиана Каруана, Александр Грищук, Катерина Лагно секілді мықты ойыншылары бар 16 командасы ойнаған.