Қазақстан Жазушылар одағына жаңа төраға сайланды
АЛМАТЫ. 12 мамыр. Бүгін Қазақстан Жазушылар одағының XVI құрылтайы болып өтті. Онда одақтың жаңа басқарма төрағасы сайланды. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болып Мереке Құлкенов сайланды.
Құрылтайда Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары болып Нұржан Қуантайұлы, орынбасарлары болып Бауыржан Жақып, Қасымхан Бегманов, Ғалым Қалибекұлы, Бейбіт Сарыбай сайланды.
Құрылтайда Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет одақтың бес жылда атқарған жұмысы туралы есеп берді.
Мереке Әбдешұлы Құлкенов (1951 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) облысы Қызылқоға ауданы Қарабау ауылында туған. Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты.
Мереке Құлкенов С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Бірнеше кітаптың авторы. Солардың бірі – Рахымжан Отарбаевпен бірлесіп жазған «Бас» драмасы үшін Мәдениет министрлігі жариялаған «Бәйтерек» республикалық байкауында екінші жүлдеге ие болды (2004 ж.).
1970 жылы әскери борышын өтеп келгеннен кейін, 1971-1973 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің газет-журнал баспасы баспаханасында баспагердің көмекшісі болды. «Қазақстан пионері» газетінде, Қазақстан телеарнасында, «Пионер» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеді. 1993-1997 жылдары «Жалын» журналының бас редакторы болды, бұдан кейін «Ана тілі» республикалық газетін, «Таң-Шолпан» журналын басқарды. 1991 жылдан «Өлке» баспасының бас директоры болып еңбек етіп келеді.
Ол «Құрмет» орденімен, ұлттық журналистиканың «Алтын жұлдыз» сыйлығымен, бірнеше медальдармен марапатталған.