Грузия мобилизациядан қашқан ресейліктер үшін жолдарын жапты
ТБИЛИСИ. 7 мамыр. Грузия билігі Ресейдегі мобилизацияға ілігуден қашқан қашқындар келіп жүрген басты жолдардың біріне тосқауыл қойды. Бұл туралы «Sputmik-Грузия» порталы дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Тбилиси шенеуніктері 5 мамырдан бастап Казбеги – Жоғарғы Ларс кеден-өткізу бекетінен жеңіл көліктердің өтуіне тыйым салды.
«5 мамырдан бастап, бір ай бойы құрылыс-қалпына келтіру жұмыстары (автомобиль көліктері үшін жаңа өткел-жолдар жасау мақсатында) жүретініне байланысты бұл жерден жеңіл көліктердің екі жаққа да жүріп өтуіне тыйым салынады», – делінген Грузия қаржы министрлігінің хабарламасында.
Грузияның Жоғарғы Ларс шекара өткелі Ресейде мобилизация жүргізілгелі бері ең маңызды учаскелердің біріне айналды. Грузия Ресейден қашқандардың ең көп аяқ басатын аумақтарының бірі болып шықты. Науқанның қызып жатқан кезінде бұл жерден күніне орта есеппен 10 мыңға дейін көлік өтіп тұрды.
Тұтастай алғанда, Грузия соғыстан қашқандардың негізгі бағыттарының бірі болды. Өткен жылғы қараша айында Грузия президенті Саломе Зурабишвили мобилизация басталғалы бері елге 700 мыңнан аса ресейліктің келгенін баяндаған болатын.
Орыстар сонда өз елінің кезінде бұл елге де соғыс ашқанын, соның салдарынан Грузияның Оңтүстік Осетия мен Абхазия жерлерінен айрылып қалып отырғанын қаперлеріне де алмайтын болғаны ғой. Міне, бетсіздік деген қайда жатыр!