РФ «Путинді тұтқындау» ордерін қолдаған Арменияға соқтығып жатыр
МӘСКЕУ. 28 наурыз. Ресей Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) Рүм статутына қосылуға ниет білдіргені үшін Арменияға жан-жақты қоқан-лоққы жасай бастады. Бұл туралы шетел ресурстарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Арменияның Халықаралық қылмыстық сотқа қарасты Рүм статутына қосылу жөніндегі ишарасы Ереван үшін «кері әсер» етуі мүмкін. Мұны Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі кеше «РИА «Новости» агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында баяндады.
Дипломаттың айтуынша, Мәскеу армян билігінің бұл қадамын қазір Халықаралық қылмыстық сот РФ президенті Владимир Путинді қамауға алу жөнінде ордер беріп жатқан кезде ешбір құптауға болмайтін іс деп есептейді. Ресей басшылығы бұған дейін ордердің өзін «заңды тұрғыда түкке тұрмайтын қағаз» деп атап, біраз сандалған болатын.
«Армян әріптестерімізге олардың жүзеге асуы ықтимал бұл қадамының өздері үшін барынша қолайсыз кері әсерлері болуы мүмкін екені ескертілді», – деп атап өтті дипломат агенттік тілшісіне.
Армения Конституциялық сотының райысы Арман Диланян (суретте) 24 наурыз күні ХҚС-ның Рүм статутында бекітілген міндеттемелері республиканың негізгі заңына сәйкес келетінін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Конституциялық соттың шешімі түпкілікті болып табылады, ол жария болған сәтінен бастап өзінің күшіне енеді. Енді оны парламент міндетті түрде ратицификациялауы тиіс. Демек, Кремльдің қаһарынан қорқа қояйын деп тұрған Ереван жоқ.
Еске сала кетейік, 17 наурызда Гаагадағы Халықаралық қылмыстық соттың сотқа дейінгі палатасы Ресей президенті Владимир Путин мен оның балалар омбудсмені Мария Львова-Белованы қамауға алу үшін ордер жазып берген еді. Оларға Украинада соғыс қылмысын жасады, соның ішінде оккупанттар армиясы басып алған украин территорияларынан украин балаларын күшпен депортациялап әкетті деген айып тағылды.
Қазір ХҚС-ның Рүм статуты негізінде қазір әлемнің 123 елі жұмыс істейді. Ордер жазылғаннан кейін осы мемлекеттердің кез келгені Ресей президентін тұтқынға алып, соттау үшін Гаагаға жөнелтулері тиіс.
Бұған дейін Германия, Оңтүстік Африка республикасы, Бразилия және Австрия сияқты бірқатар мемлекеттер өз территорияларына келе қалса, Путинді бірден тұтқындайтындарын мәлімдеген-ді.