Жаңалықтар жаңғырығыОқиға

Батыс Қазақстанда тікұшақ қонған кезде 4 адам қаза тапты

ОРАЛ. 24 ақпан. Батыс Қазақстан облысында «Казавиақұтқарушы» компаниясының тікұшағы жерге қатты келіп қонып, нәтижесінде 4 адам ажал құшты. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.

«Соңғы мәліметтер бойынша, Төтенше жағдайлар министрлігінің іздеушілер тобы тікұшақ апатқа ұшыраған жерге жеткен. Апат салдарынан төрт адам қаза тауып, екі адам зардап шеккен», – делінген хабарламада.

Атап көрсетілгендей, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тексеру жөніндегі департаментінің қызметкерлері оқиға болған жерге қарай ұшып шыққалы жатыр.

Оқиға Батыс Қазақстан облысының Чапурино елді мекенінен 6 шақырым қашық жерде орын алған. Тікұшақ жерге өте қатты келіп қонған. Оның бортында экипаждың бес мүшесі мен екі жолаушы болған. Соның салдарынан әуе машинасы қирап, бүліншілікке ұшыраған, төрт адам бірден жантәсілім етіп, екі адам дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген.

Мұның неліктен бұлай болғаны, бұған ненің себепкерлік еткені белгісіз.

Қазір апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу көлік прокуратурасының бақылауымен жүргізіліп жатқаны айтылды.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button