Украин әскерлері 14 елді мекен жанында жаудың шабуылын қайтарды
КИЕВ. 2 ақпан. Украина Қорғаныс күштері Ресей оккупанттарының 14 елді мекен жанындағы шабуылдарына тойтарыс беріп, жолдарына тосқауыл қойды. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Украина Қарулы күштерінің Бас штабы бүгін Facebook-те осының жайын тарқатып жазды.
«Өткен тәулікте дұшпан күштері 6 рет ракетадан атқылады, олардың 4-і Донецк облысындағы Славянск, Краматорск және Дружковка елді мекендерінің азаматтық инфрақұрылымдарына бағытталды, сондай-ақ 4 мәрте әуеден соққы берілді. Жау дүркін отты реактивті жүйеден 73 сапар снаряд жіберді. Соққылар салдарынан бейбіт тұрғындар қаза тапты», – делінген хабарламада.
Ресей авиациялық және ракета соққыларының қатері әлі бүкіл Украинаға төніп тұр.
Жау қазір белсенді түрде барлауға шығып, жекелеген бағыттарда шабуылға дайындалуда.
Басқыншылар көп көлемде адам шығынына ұшырап жатқанына қарамастан, Лиман, Бахмут, Авдеевка және Новопавловск бағыттарында шабуылға шығуға әрекет жасауын тоқтатар емес.
Украина әскерлері өткен тәулікте Луганск облысының Новоселовское, Площанка, Невское, Червонопоповка, Диброва, Кузьмино және Белогоровка, Донецк облысының
Спирное, Белогоровка, Васюковка, Благодатное, Красная Гора, Бахмут және Клещеевка елді мекендері жанында оккупанттардың шабуылдарына тойтарыс берді.
Ал Ресейдің басқыншы армиясы адамзаттың алдында соғыс қылмыстарын жасауды одан әрі үдете жалғастырып келеді. Олар кеше, 1 ақпан күні кешке Краматорск қаласының тұрғын үй секторына ракетадан жоспарлы түрде соққы жасады. Нәтижесінде 3 адам қаза тауып, 21 адам зардап шекті. Соққылау салдарынан 8 көп қабаттты үй бүліншілікке ұшырады, біреуі толық күйреді. Қирандылар астында адамдар болулары да мүмкін.