Украина Қарулы күштеріне қай ел қандай және қанша танк береді?
КИЕВ. 29 қаңтар. Украина армиясына батыс елдері бергелі жатқан танктердің маркалары мен саны жөнінде жасалған инфографика пайда болды. Бұл туралы «Диалог.Ua» хабарлады.
Көптеген мемлекеттер Украинаға жақын арада қазіргі заманғы соғыс машиналарын беруге ниетті екендерін білдіріп отыр.
«Батыстың Украинаға қазіргі заманғы ұрыс танкілерін беруге салып қойған жасырын тыйымы алынып тасталғаннан кейін тұтас бір мемлекеттер өздерінің украин тарапына аталған соғыс машиналарын жіберуге құлықты екендерін ашық білдіре бастады», – делінген хабарламада.
Американың CNN телеарнасы Киевке кімнің қандай және қанша танк беруге ниетті болып отырғаны жан-жақты сызып көрсетілген инфографика жариялады.
Байқалып тұрғандай, Германия мен Польшаның әрбірі 14-тен «Leopard 2» тенкілерін жібереді, тап осындай машинаның 4-і Канададан жеткізіледі.
Өз кезегінде АҚШ өзінің «M1 Abrams» танкілерінің 31-ін беретінін мәлімдесе, Ұлыбритания өз елінде шығарылатын «Challenger 2» танкісінің 14-ін аттандырады.
Алайда бұл әлі толық тізім емес. Танк коалициясына қосылуға ықтиярлы болып отырған мемлекеттердің саны да, олардан келетін соғыс машиналарының саны да бұдан әлдеқайда көп. Бүгінгі таңда сондай-ақ Испанияның Киевке өзінде бар «Leopard 2»-нің бірнешеуін жібергісі келетіні де белгілі. Мадрид тарапы мұны алдағы көктем айларында орындалатынын мәлімдеп те қойды.
Бұлардан бөлек, Нидерланд Киевке жөнелту үшін Германиядан 18 «Leopard 2» танкісін сатып алатын болып отыр. Бұған қоса, Польша өзінде бар модернизацияланған 60 «PT-91 Twardy» танкісінің жартысын бергісі келеді.
Бұдан бұрын Польша Қорғаныс министрлігінің инициативасымен одақтастар арасында танк коалициясы құрылғаны баяндалған еді. Соңғы сәтте бұл топты Түркияның да толтыруы мүмкін екені айтылып жатыр. Бұл елдің арсеналында 316 «Leopard 2A4», 170 «1A4» версиялы және тағы 227 «1A3» нұсқалы танктер бар.
Еске сала кетейік, Украина президенті Володимир Зеленьский бұған дейін украин армиясына шабуыл операцияларын табысты өткеру үшін 300-500 танк керек екенін атап өткен болатын.