Киевте құлаған тікұшақта ішкі істер министрлігінің басшылары қаза тапты
КИЕВ. 18 қаңтар. Киев облысының Бровары қаласында тікұшақ құлауы салдарынан Ішкі істер министрлігінің жоғары басшылығы опат болып кетті. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
«Қаза тапқандар қатарында Ішкі істер министрі Денис Монастырский, оның бірінші орынбасары Евгений Енин және министрліктің мемлекеттік хатшысы Юрий Лубкович бар. Барлығы 16 адам құрбан болды, олардың үшеуі балалар болып шықты», – делінген әдепкі хабарламада.
«18 қаңтар күні таңертең Броварыда Төтенше жағдайлар министрлігінің ұшағы құлады. Осы авиа апатының нәтижесінде Ішкі істер министрлігінің башылығы: министр, министрдің бірінші орынбасары және мемлекеттік хатшы қаза тапты», – деп жазды Ұлттық полиция жетекшісі Игорь Клименко Facebook-ке, Киев облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олексий Кулеба Телеграмда.
Кейін анықталғанындай, жалпы 18 адам қаза тауыпты. Бұлардың – үшеуі балалар. Ал тікұшақ бортында 9 адам болған.
Оқиға барысында зардап шеккен 22 адам ауруханада жатыр, олардың 10-ы балалар екен.
Қазір оқиға орнында барлық кәсіби және арнайы қызметтер жұмыс істап жатыр. Апат болған жерді тексеру жалғасуда.
Министр Денис Монастырскийдің жасы 42-де еді. Оның артында әйелі мен екі ұлы қалды.
Монастырский Хмельницкий басқару және құқық университетінің заң факультетін бітірген. 2019-2021 жылдары Украинаның халық депутаты, Жоғарғы Раданың құқық қорғау әрекеттері мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы болған. Ал 2021 жылғы 16 шілдеде Жоғарғы Рада оны Ішкі істер министрі етіп тағайындады.
Евгений Ениннің жасы да 42-де еді. Оның да артында әйелі және екі баласы қалды.
Енин Украина Қауіпсіздік қызметі ұлттық академиясын және Украина мемлекеттік қаржы және халықаралық сауда университетін халықаралық заңгер мамандығы бойынша бітірген.
Енин 2002-2005 жылдары Украина Қауіпсіздік қызметінің жедел бөлімшелері мен Сыртқы барлауы құрамында офицер лауазымында қызмет еткен.
Содан кейін бірнеше жыл әртүрді елшілік қызметтерде жұмыс істеген.
Енин 2016-2019 жылдары бас прокурордың орынбасары, 2020-2021 жылдары Украина Сыртқы істер министрінің орынбасары болған, ал 2021 жылдың қыркүйегінен Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалған.
Юрий Лубковичтің жасы 33-те. Ол – Тернопольден. «Erasmus University Rotterdam» университетін «бизнес» мамандығы бойынша бітірген, содан кейін Тернополь ұлттық экономикалық университетін тәмамдаған. 2021 жылғы 17 қарашада Ішкі істер министрлігінің мемлекеттік хатшысы болып бекітілген.
Тікұшақ Бровары қаласында балалар бақшасына жақын жерге құлаған. Апаттың артынша өрт бұрқ ете қалған.