Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Гиркин: 2023 жылы украин армиясы Мәскеу мен Питерді де басып алады

МӘСКЕУ. 31 желтоқсан. Ресей сәуегейлері арасында 2023 жылы Украина армиясының күш алып, Ресейдің бас қалаларының өзіне келетінін айтатындар шығып жатыр. Бұл туралы «Донпресс» хабарлады.

«Ресей Украинамен соғысы барысында осы кезге дейін жаулап алған территорияларынан ғана айырылып қоя салмайды, енді өз жерінің де бір бөлігін беретін болады», – деді Ресей ФСБ-сының бұрынғы қызметкері, «ДХР» халық әскери құрылымы бөлімшесінің экс-командирі Игорь Гиркин-Стрелков.

Оның айтуынша, РФ президенті Владимир Путин мен қорғаныс министрі Сергей Шойгу Украинаға қарсы соғыста жеңіске жете алмайды, оған бұлардың қабілеттері жетпейді.

«Шойгу арнайы әскери операцияны тындырды, біздің армияны отшашулар мен мерекелер үшін қызмет ететін парад-шерулік мекемеге айналдырып жіберді… Егер ұры Шойгу мен нойыс штаб бастығын орындарынан алмаса, бұл соғыста біз жеңілеміз», – деді ол.

Гиркин сондай-ақ Украинадағы соғыста жеңіліс табар болса, Ресейдің территория жағынан да біраз ұтылатынын айтты.

«Украина Кубанды басып алады, сол өлкедегі Сочиді де өзіне қаратады, Қырымды да қайтарады. Мәскеу мен Петербург ілдалап күн көреді. Жалғыз бұлар ғана емес. Батыстағы әріптестері үшін «тәтті» болып көрінген жердің бәрін басып алады», – деді ол тағы.

Бір айта кетерлігі, Ресейдің Краснодар өлкесінде, яғни Кубань жерінде негізінен Запорожье казактарының ұрпақтары тұрады. Олардың тілдері – орыс-украин тілдерінің қоспасы. Атақты Кубань казактары хоры репертуарының басым бөлігін украин тіліндегі әндер құрайтыны бекер емес. Ал оның жетекшісі тектен-тек Украинаның халық әртісі атанған жоқ.

Ал Гиркин-Стрелковтың өзін жақында Нидерланд соты 2014 жылы Малайзияның жолаушылар ұшағын атып түсіргендердің тобында болғаны үшін өмір бойы түрмеге отыру жазасына кескен еді. Мына соғыста Ресей жеңілсе, оның жазасын өтеу үшін әкетілетіні де сөзсіз.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button