Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

ӘЧ-2022: Аргентина құрамасы үшінші мәрте әлем чемпионы атанды!

ДОХА. 19 желтоқсан. Футболдан әлем чемпионатының финалдық ойынында Аргентина құрамасы Франция командасын матчтан кейінгі пенальти сериясы қорытындысымен ұтып, чемпион атанды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Осымен, аргентиналықтар бұл атаққа үшінші мәрте қол жеткізіп отыр.

Ақтық сынақ алдында екі құрама да екі дүркін чемпион болып тұрды. Атап айтқанда, Аргентина 1978 және 1986 жылдары, Франция 1998 және 2018 жылдары Әлем кубогына ие болған еді.

Кездесу Доха шаһарының іргесінде осы чемпионат үшін арнайы салынған Лусаил кентіндегі оның атын алған «Лусаил» стадионында ойналды.

Командалар алаңға мынадай сөрелік құрамда шықты:

Аргентина: Мартинес, Молина, Ромеро, Отаменди, Тальяфико, Ди Мария, Де Пауль, Фернандес, Макаллистер, Месси, Альварес.

Франция: Льорис, Кунде, Варан, Упамекано, Эрнандес, Гризманн, Тчуамени, Рабьо, Дембеле, Жиру, Мбаппе.

Аргентиналық жұлдыз Лионель Месси үшін бұл матч әлем чемпионатындағы 26-шы болды. Ол осымен германиялық Лотар Маттеусты басып озып, өзінің кезекті рекордын жасады.

Матчтың басынан Аргентина құрамасы оның тізгінін қолға алды. Негізінен бұл тұста шабуылдың бәрін сол жасап жатты.

Кездесудің 23-минутында француздар өз айып алаңдарында аргентиналық шабуылшыны қағып құлатты. Пенальти! Оны Лионель мүлтіксіз орындады. Ал 36-минутта Ди Мария есепті еселеді – 2:0!

Француздар екінші таймда ғана еркін қимылдай бастады. Олар онда да қарқынды матч бітуге 10 минуттан аса уақыт қалғанда барып қыздыра түсті. Соның нәтижесінде әуелі, 80-минутта пенальти ұру құрметіне қол жеткізді. Онда Килиан Мбаппе қателескен жоқ. Сөйтіп, бір доптың қарымтасы қайтты. Артынша Килиан өзінің екінші голын 81-минутта ойын сәтінде түсірді. Осылайша таразы басы теңесті.

Қарсыластар негізгі уақытты осы 2:2 деген есеппен аяқтады.

Бұдан кейінгі овер-таймда аргентиналықтар тағы да алға шықты. Бұл жолы 109-минутта Месси тағы бір гол салып, дубль жасады. Осымен бәрі біткен шығар деп отыр едік. Бірақ француздар олай ойламапты. Матч бітуге екі минут қалғанда аргентиналықтар өз айып алаңдарында тағы тәртіп бұзып, онбірметрлік соққы белгіленді. Оны тағы Мбаппе дәл соғып түсірді. Сөйтіп, ол әлем чемпионатының финалдық матчында хет-трик жасаған бірінші футболшы болды. Ақырында есеп 3:3 болып тіркелді.

Мұның бәрінің соңы матчтан кейінгі пенальтиге алып барды. Оны Аргентина құрамасының жігіттері мүлтіксіз орындады. Есеп – 4:1!

Енді осы жерде өз жеке пікірімізді білдіре кетейік. Бұл кездесуде Аргентина қарсыласынан әлдеқайда күшті көрінді, ойынның өне бойында оның артықшылығы айқын байқалып тұрды. Сондықтан біз бұл жеңісті әділетті деп есептейміз.

Ең соңынан екі команда футболшыларына да медаль тапсыру салтанаты болып өтті. Сонымен бірге, турнирдің арнайы жүлделері де табыс етілді.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button