ӘЧ-2022: Хорватия құрамасы мундиальдың қола жүлдесін жеңіп алды
ДОХА. 17 желтоқсан. Бүгін, сенбі күні Катарда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатында Хорватия құрамасы Марокконы 2:1 етіп тізе бүктіріп, қола жүлдегер атанды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Матч Доха қаласындағы «Халифа Интернейшнл» стадионында ойналды.
Хорватия құрамасы бұдан 24 жыл бұрын, 1998 жылы Францияда өткен әлем чемпионатында Нидерланд командасын ұтып, бірінші рет қола жүлде алған еді. Аты аңызға айналған хорват шабуылшысы Давор Шукер сол турнирде 6 гол соғып, үздік мерген атанды. Бұдан кейін «шаршылылар» 2018 жылы күміс медальға қол жеткізді. Олар Ресейде өткен мундиальдың Мәскеуде ойналған финалдық кездесуінде Франциядан 0:2 есебімен ұтылып қалды.
Катарда үшінші орын үшін таласта хорваттар фаворит болып саналды. Бір жағы, Марокко құрамасы Африка құрлығынан жартылай финалда күш сынасқан бірінші команда болып отыр.
Командалар алаңға мынадай сөрелік құраммен шықты:
Хорватия: Доминик Ливакович, Йосип Станишич, Йосип Шутало, Йошко Гвардиол, Мислав Оршич, Ловро Майер, Лука Модрич, Матео Ковавич, Иван Перишич, Андрей Крамарич, Марко Ливайя.
Марокко: Яссин Буну, Ашраф Хакими, Ашраф Дари, Жавад Эль-Ямиг, Яхья Аттият-Аллах, Абдельхамид Сабири, Софьян Амрабат, Билал Эль-Ханнус, Хаким Зиеш, Юссеф Ән-Несери, Софиан Буфаль.
Кездесу Хорватияның қауырт шабуылымен басталды. Мұндай шалттықты күтпеген марокколық өз айып алаңдарында сасқалақтап ойнап, бірінші минуттарда-ақ гол жібергізіп қоя жаздады. Содан кейін ғана естерін жинап, өздері де шабуылға шыға бастады.
Бірақ бірінші голды хорваттар түсірді. Осының алдында бірнеше рет қауіпті жорықтар ұйымдастырған олар 7-минутта қарсыластары қақпасының құлпын ашты. Осы тұста бұрыштамадан берілген допты Иван Перишич баспен ұрып, айып алаңының ортасына қарай жіберді, оны Йошко Гвардиол да басымен қақпаған қарай бағыттап, тордан бір-ақ шығарды.
Дегенмен, марокколықтар таразы басын тез теңестіріп үлгерді. Арада небәрі бір минуттан аса уақыт өткенде, 9-минутта айып нүктесінен футболшының әуелетіп жеткізген добын Ашраф Дари баспен дарбазаға қарай дәл бағыттады.
Бұдан кейін командалар алма-кезек шабуылдаумен болды. Десе де, хорваттардың басымдығы айқын көрініп тұрды. Олар осы басымдықты 42-минутта тағы голға айналдыра білді. Бұл жолы сол қанаттан берілген айып добын тоқтатпай ұрған Мислав Оршич өз командасын алға шығарды.
Қарсыластар екінші таймды да осылай жөңкілген жорық үстінде өткізді. Онда да қауіпті сәттер, таблодағы есепті өзгертуге мүмкіндік беретін мезеттер аз болған жоқ. Бірақ біресе шабуылдаушылар нысанадан жаңылып жатса, біресе голкиперлер үстемдік пен шеберлік көрсетіп тұрды. Осылайша матч аяқталды.
Кездесу соңынан Хорватия құрамасының футболшыларына медальдары тапсырылды.