Атырауда 8 жасар ұл екі баланы суға батудан құтқарып қалды
АТЫРАУ. 4 желтоқсан. Атырауда Дінмұхаммед Жаңбырбай есімді 8 жасар ұл Жайық өзеніне батып бара жатқан екі баланы аман алып шықты. Бұл туралы «Ақ Жайық» хабарлады.
Оқиға 3 желтоқсан күні Жайық өзенінің үстінде орын алған. Дарияның Жұмыскер кенті тұсында ойнап жүрген 14 және 9 жастағы екі бала кенет арнадағы жұқа мұз ойылып, суға түсіп кеткен. Мұны байқап қалған Дінмұхаммед дереу оларға көмекке келген. Сөйтіп, екеуін де әупірімдеп жүріп, ойықтан суырып шығарған.
«Оларды көрген кезімде менде тек оларды құтқарып қалу туралы ғана ой болды. Сосын ойыққа жүгіріп келіп, алдымен біреуін, артынан екіншісін тартып алып шықтым», – деді кейін 8 жасар қаһарман.
Соңынан оқиға орнына полицейлер келіп, көмек көрсетіп, балаларды ата-аналарына аман-есен тапсырған.
«Мен өз өмірін де сынға салып тұрып, көзсіз ерлік көрсеткен Дінмұхаммедке өзімнің алғысымды білдірмей тұра алмаймын. Мен сондай-ақ осындай лайықты ұл өсіріп жатқан оның ата-анасына да орасан зор алғысымды айтқым келеді», – деді 9 жасар баланың анасы.