Бизнесмен Мухоряповтың өнімдеріне бойкот жариялау жайы көтерілді
АЛМАТЫ. 20 қазан. Қазақстандық бизнесмен Рамиль Мухоряповтың қазақ тіліне қатысты пікірі оның өнімдеріне бойкот жариялау мәселесін көтеруге дейін алып барды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Журналист Айбар Олжаев кәсіпкер айтқан: «Егер сіз орысша сұрап, сізге қазақша жауап берсе, ол ұлтшылдық, әрі төмен мәдениеттің белгісі» деген тұжырымна байланысты: «Отандық кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың осы репликасы бар жағынан алғанда, түсініспеушілік туғызып отыр», – деп жазды. Себебі, Мемлекет басшысының өзі кеше қазақ тіліне қатысты саяси арандатушылықты қою керек екенін ескерткен болатын.
Журналистің пайымынша, кәсіпкер бұл тұрғыда көп нәрсені ушықтырып жіберген сияқты және оның арты бизнесі үшін жақсылықпен аяқталмайтыны көрініп тұр.
Міне, қоғамда осыған орай алғашқы реакция пайда болды. «Қазақ тілді аудитория бизнесмен Рамиль Мухоряпов иелік ететін Choco бизнесіне бойкот жарияламақ ниетін білдірді. Оның өнімдеріне баламалар ұсыныла бастады», – деп атап өтті Олжаев бұдан әрі.
Осылай деп түйін түйген журналист кәсіпкер Мухоряповтың нақты қандай өндірістерге қатысы бар екенін атап өтеді.
Олардың қатарындағы мыналарды алмастыруға болатын баламалар бар:
👉 Chocolife.me купондарын BeSmart-қа;
👉 Chocotravel авиабилет сервисін Kaspi Тревел-ге;
👉 Chocofood жеткізу сервисін Glovo мен Wolt-қа;
👉 Chocomart.kz, Lensmark.kz интернет дүкендеріне, Kaspi.kz дүкеніне;
👉 iDoctor.kz дәрігер іздеу сервисін Doq.kz сервисіне.
👉 Рахмет кэшбек мобильді қосымшасын Dosmart қосымшасына алмастыруға болады.
Былтыр ChocoFamily выручкасы 17,8 миллион доллар болған. Оның ішіндегі таза кіріс бойынша ақпарат жоқ. Бойкот – егер ол шын жұмыс істей бастаса, енді қараша-желтоқсан айларының түсіміне әсер ететін болады.
Негізі, Choco үшін желтоқсан, Жаңа жыл қарсаңы – ең табысты кезең. Тура сол табысты уақыттың алдында тәжірибелі бизнесменнің бұлай қателесуі күтпеген жағдай болды.