Қазақ тіліне қарсы шыққан Мухоряпов жұрттың талқысына түсіп жатыр
АЛМАТЫ. 20 қазан. Қазақстандық бизнесмен Рамиль Мухоряпов көпшілік алдында қазақ тіліне қарсы шығып, дау-жандалдың бораны астында қалды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Кәсіпкер кеше өткен жиындардың бірінде орысша қойылған сауалға қазақша жауап бергендердің бейнесінен «ұлтшылдықтың сәл көрінісі барын, бұл жағдай үлкен мәдениеттің белгісі емес екенін» көретінін жеткізген. Осы сәт қамтылған видео заматында желіге тарап кетті.
Айтылып отырған жиында орысша сөйлегендерге Қазақстанның азаматтары қазақша жауап берсе қалай болатыны жайлы мәселе талқыланған. Сол кезде кәсіпкер ойын: «Егер мұндай болса қатты қапаланар едім. Меніңше, бұл сәл біртүрлі. Ұлтшылдықтың сәл көрінісі. Бұл үлкен мәдениеттің белгісі емес. Біздің меймандығымыз бәрін көтеріп кетуі керек», – деп бәрін өзі кесіп-пішіп тастайды.
Мұндай мәлімдеме бірден қазақ тілді қауымның ашу-ызасын туғызды. Көпшілік оны «мемлекеттік тілді аяқ асты етіп отыр» деп айыптады. «Қазақстанда қазақша сөйлемегенде, енді қайда барып сөйлейміз?» деп көтеріліп кеткендер де көп.
Даудың ақыры Мухоряповқа тиесілі «Chocolife.me, Chocotravel, Chocomart.kz, iDoctor.kz, Aviata.kz» өнімдерінен жаппай бас тарту жөніндегі үндеулерге ұласып кетті.
Кешелі бері кәсіпкердің оқыс айтқан оспадар сөзіне 10 мыңға жуық пікір білдіріпті.