Тоқаев биыл күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынды
АСТАНА. 1 қыркүйек. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынды. Бұл туралы rast,kz хабарлады.
Мемлекет басшысы ұсынысты Қазақстан халқына Жолдауында баяндады.
«Билік өзінің жоспарын қоғамнан жасырын ұстайтын саяси дәстүрден арылуымыз керек. Сондықтан мен бүгін алдағы сайлау науқандарының кестесін барша халыққа жариялағым келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын. Сондай-ақ мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады», – деді Президент одан әрі.