ПАВЛОДАР. 21 тамыз. Павлодарда қайтыс болған азаматтың ағзаларын донор ретінде пайдалану арқылы үш науқастың өмірлерін ұзартудың орайы келді. Бұл туралы Pavlodarnews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бақилық болған адамның туыстары өздері үшін қаншама ауыр тиетін болса да, адамгершілікке қарай жығылып, аса ізгі шешім қабылдап, марқұмның ағзаларын донорлыққа беруге келіскен.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова кеше Facebook әлеуметтік желісінде осы оқиғаға байланысты жүрек тебірентерлік жазба қалдырды. «Павлодар облысында жүрегімізді толқытқан оқиға орын алды, – делінген онда. – Адам өмірден озды, бірақ оның отбасы донорлыққа келісім беруге күш тапты. Бұл шешім бірден бірнеше адамның өмірін сақтап қалды. Мен донордың жақындарына олардың адамгершілігі мен батылдығы үшін шын жүректен алғыс айтамын».
Павлодар облысы трансплантология үйлестірушісі Дмитрий Потеребухтың айтуынша, донор – 1982 жылы туған ер адам. Кесел өткен аптада ауыр бас-ми жарақатымен ауруханаға түскен. Дәрігерлер науқасты аман сақтап қалу үшін бірден трепанация жасап, ми ішіндегі гематоманы алып тастаған. Алайда жағдайы күннен-күнге нашарлай береді.
«Жұма күні ота жасалғанымен, сенбіден бастап науқастың жағдайы күрт нашарлады. Жексенбі күні ми өлімі белгілері байқалды. Ал дүйсенбі күні консилиум ресми түрде «ми өлімі» диагнозын қойды. Біз барлық хаттаманы сақтап, тәуліктік бақылаулар жүргіздік. Өкінішке қарай, мидың қызметі толық тоқтады», – деді Дмитрий Потеребух.
Науқастың көзі тірісінде донорлыққа қатысты келісімі немесе қарсылығы туралы ресми шешімі болмаған. Сондықтан дәрігерлер оның туыстарымен байланысқа шыққан.
«Біз жақындарын шақырып, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Олар бұл тақырыпты бұрын естіген екен. Ашық қарсы болмады, керісінше, түсіністікпен қарады. Олар орган күтіп отырғандардың да тағдыры барын жақсы түсінді. Ақырында келісімдерін берді. Бұл – нағыз азаматтық пен адамгершілікке лайық шешім», – дейді Дмитрий Потеребух.
Келісімнен кейін донордың ағзалары жан-жақты тексерістен өткен. Әуелі инфекцияға сараптама жасалады.
«Зерттеулерден соң жүрек пен екі бүйрек жарамды деп анықталды. Бауырды қараған кезде визуалды түрде жарамсыз екені белгілі болды. Осылайша, үш органды алуға шешім қабылданды. Арнайы бригада Астанадан келіп, Павлодардың №1 қалалық ауруханасында жүрек пен бүйректерді алды», – деді үйлестіруші.
Органдардың жеткізілуіне шамамен 4-5 сағат кеткен. Бұл уақыт медициналық талаптарға сай. Жүректі арнайы құрылғыда – «мини-роботта» тасымалдаған. Онда орган қанмен қамтамасыз етіліп, жұмысын жалғастыра береді.
Мультиағзалық алу – көптеген қызметтердің нақты әрі үйлесімді өзара әрекеттесуін талап ететін күрделі процедура. Бұл жолы да ерекше жағдай орын алды: қала әуежайы жөндеу жұмыстарына байланысты жабық болғандықтан, ағзалар Астанаға жер үсті көлігімен жеткізіледі. Жеткізу барысында Ішкі істер министрлігінің сүйемелдеуі маңызды рөл атқарды.
«Қазірдің өзінде жүрек пен екі бүйрек жаңа иелеріне салынды. Жүрек жедел түрде кешегі күні, ал бүгін екі бүйрек трансплантацияланды. Үш адамға жаңа өмір сыйланды деуге толық негіз бар», – деді Дмитрий Потеребух.
Мұндай трансплантация – тек дәрігерлердің еңбегі ғана емес. Үлкен логистикалық тізбек іске қосылады.
«Бұл процеске ондаған адам қатысады: хирургтер, анестезиологтар, санитарлар, медбикелер, полиция қызметкерлері, министрлік пен басқарма мамандары. Әрқайсысы өз үлесін қосады. Бір ғана донордың арқасында үш адамның өмірі құтқарылды», – деді бөлім меңгерушісі.
Дмитрий Потеребухтың айтуынша, әрбір азамат тірі кезінде «иә» немесе «жоқ» деп шешім қабылдап, құжат түрінде рәсімдесе де, қазір шешімді ең жақын туыстары – ата-анасы немесе балалары қабылдайды. Өйткені мыңдаған адамның өмірі әрбір шешімге байланысты.
Павлодар облысында қазіргі уақытта 214 адам орган ауыстыруды күтуде: 199 – бүйрекке, 11 – бауырға, 3 – жүрекке, 1 – өкпеге мұқтаж.
Бірақ көрсеткіш өсіп келеді: былтыр өңірде небәрі 6 мәйіттік донор болса, биыл тамыз айына дейін 8 донор тіркелген.
Министрдің баяндауынша, өткен жылы елімізде 23 трансплантация жасалса, биылдың өзінде 32 операция жүзеге асырылған. Бұл сандар – қоғамның донорлықтың маңызын түсіне бастағанының айқын көрінісі. Бүгінде 4384 отандасымыз ағза күтіп отыр, олардың ішінде 121 бала бар. Бір донор жеті адамның өмірін сақтап қалады.
Әрбір осындай істің артында үлкен команда тұрады. Донорлық стационарлар ең күрделі дайындық жүргізеді, трансплантаттау орталықтары жоғары технологиялық операциялар жасауға толық жабдықталған. Бұл жолы тіпті ІІМ қызметкерлері де көмек көрсетті – әуе тасымалы мүмкін болмаған кезде медицина қызметкерлерін жол бойымен сүйемелдеді. Бұл – мемлекет пен халықтың бірге үміт сыйлай алатынының жарқын үлгісі.
Бүгінде eGov порталында 119 278 ерік білдіру тіркелген: оның 110 мыңнан астамы – бас тарту, ал 8 мыңнан сәл астамы – келісім беру. Әрқайсымыз осы статистиканы өзгерте аламыз. Өз еркімізді білдіру үшін небәрі бірнеше минут жеткілікті.
«Донорлық – адамгершіліктің ең терең көрінісі. Отбасы келісімін берген әр жолы Қазақстанда жаңа үміт туады. Мұндай мысалдар бәрімізді бір-бірімізге жақынырақ болуға, өмірді қадірлеуге және қолдан келгенше көмек көрсетуге шабыттандырады деп сенемін», – деп жазады Ақмарал Әлназарова соңында.

USD




