Түрікменстанның экс-президенті 57-ші кітабын жарыққа шығарды
АШХАБАД. 30 сәуір. Түрікменстан президенті Сердар Бердымухамедов кеше өз әкесінің 57-ші кітабын үкімет мүшелеріне таныстырды. Бұл туралы «Хроника Туркменистана» хабарлады.
Президент Министрлер кабинетінің отырысын өткізді.
ТДХ атап көрсеткендей, мемлекет басшысы отырысты аша отырып, өз әкесі, бұрынғы президент Гурбангулы Бердымухамедовтің «Ömrümiň manysy» («Өмірімнің мәнісі») деп аталатын кезекті кітабының жарыққа шыққанын жария етті. Экс-президент жақында болған еңбек демалысы кезінде жазып шыққан бұл кітап оның шығармашылығындағы 57-ші туынды болып отыр.
Экс-президент және Халк маслахатының (парламенттің жоғарғы палатасы) райысы Гурбангулы Бердымухамедов биылғы 25 наурызда ұлы Сердар президент тағына отырғасын, еңбек демалысына кеткен еді. Үлкен Бердымухамедов демалыс кезінде өзінің жаңа кітабын жазып бітіруді алдына мақсат етіп қояды. Бірақ ол өзінің қанша уақыт демалатынын айтқан жоқ. Сол сияқты 29 сәуір күні өткен отырысқа да келген жоқ. Парламенттен оның төменгі палатасы – Меджилистің райысы Гулшат Мамедова ғана жиынға қатысты.
«Аса көрнекті «Ömrümiň manysy» философиялық-әдеби туындысы кемеңгерлік квинтэссенциясының және түрікмен халқының мыңдаған жылдар бойы ұрпақтан ұрпаққа беріп келген шынайы ұлттық рух-адамгершілік құндылықтарының өзіндік бір тегі болып табылады», – делінген кітап аннотациясында.
Кіші Бердымухамедов кітапта сондай-ақ өмірдің белгілі бір белестерінен естеліктер берілетінін айта келіп, авторға жаңа шығармашылық табыстар тіледі.
ТДХ агенттігі Гурбангулы Бердымухамедовтің алдағы уақытта бұл кітаптың «Ömrümiň manysynyň dowamaty» («Өмірімнің мәнісінің жалғасы») деп аталатын дауамын жазғалы отырғанын атап өтті.