Сот Атамбаевтың мүліктеріне құлып салды
Қырғызстан соты экс-президент Алмазбек Атамбаевтың мүліктеріне құлып салып, қамауға алды. Бұл туралы «Интерфакс-Қазақстан» хабарлады.
Сот сондай-ақ «Апрель» телеарнасын да қамауға алды.
«Соттың шешімімен сотқа дейінгі өндіріс шеңберінде Атамбаевтың дүние-мүліктеріне құлып салды. Соттың шешімімен «Медиа-Форум» АҚ мен «Апрель ТВ» телеарнасының мүліктері тұтқындалды», – деп мәлімдеді ішкі істер министрлігінің өкілі.
«Форум» – Бішкектегі кеңсе ғимараты, онда Атамбаев негізін қалаған Социал-демократиялық партиясының (ҚСДП) штаб-пәтері мен экс-президентке қарайтын «Апрель» телеарнасы орналасқан.
Бұдан бұрын, жұма күні парламенттегі ҚСДП фракциясының өкілі ретінде депутаттар Әсел Кодуранова мен Ирина Карамушкина, сондай-ақ парламенттің бұрынғы депутаты Равшан Жээнбеков куә ретінде шақырылды.
ҚСДП саяси кеңесінің мүшесі Фарид Ниязов бейсенбі Қой-Таш айылындағы Атамбаевтың үйінде кепіл ұстау ісі бойынша ұсталды. Онымен бірге Халық штабының бастығы Кыяс Смалиев те қамалды. ҚСДП-ның тағы бір мүшесі Кундуз Жолдубаев куә ретінде тартылып жатыр. Одан екі күн жауап алынды. Атамбаевтың жоғарыда аттары аталған жақтастары маусымның соңында оны қорғау мақсатында құрылған Халық штабының мүшелері болып табылады.
Ішкі істер министрлігі сондай-ақ экс-президенттің ұлы Сейитбек Атамбаевты да жауап алуға шақырды.
7 тамыз күні Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Альфа» арнайы жасағының сарбаздары Бішкектен 20 шақырым жердегі Қой-Таш айылында елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты күшпен қолға түсіріп, жауапқа әкелмекші болып еді, үй алдында оның жақтастарының қарсылығына тап болды. Нәтижесінде 79 адам жарақат алып, 1 адам алған жарақаты салдарынан қаза тапты.
Бейсенбі арнайы жасақтың экс-президентті қолға түсірмекші болып қайта шабуыл жасауы нәтижесінде қақтығыс жалғасын тапты. Осыдан кейін Атамбаев Қырғызстан құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне өзі берілді. Қой-Таш айылында екі күн ішінде барлығы 100-ге жуық адам зардап шекті.
Сонымен бірге, бейсенбі күні милиция Атамбаевтың Бішкектегі орталық алаң мен парламент ғимараты алдына жиналған жақтастарын қуып тарату үшін арнайы құралдар пайдаланды. Ішкі істер қызметкерлері жарқылды-шулы граната мен көзден жас ағызатын газды пайдалана отырып, жалпы саны 1,5 мың адамды орталық алаңнан ығыстырып шығарды.
Жұма күннің кешінде Бішкекте 40-тан астам тәртіп бұзушы ұсталды, 4 адам ауруханаға жатқызылды.
Қыоғызстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 7-8 тамыз күндері қырғыз байтағы мен оның маңындағы елді мекендерде 132 адам зардап шеккен, 20 адам әлі ауруханада жатыр.
Атамбаевтың адвокаты Сергей Слесарев экс-президенттің Қырғызстан сотының шешімімен 26 тамызға дейін қамауға алынғанын хабарлады. Оның айтуынша, Атамбаевқа қылмыс әлемінің серкесі Азиз Батукаевты заңсыз босату ісі бойынша жемқорлыққа ұрынды деген күдік таңылып отыр.