ЯУНДЕ. 10 тамыз. Африка құрлығындағы Камерунды 1982 жылдан басқарып келе жатқан президенті Еуропаға сапары барысында үшті-күйлі жоқ болып кетті. Бұл туралы The Moscow Times ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Камерун президенті Поль Бийя екі айдан астам уақыттан бері шетелге кеткенінен қайта еліне оралмай жатыр. Ол 7 маусым күні «қысқа мерзімді жеке сапармен» Еуропаға қарай ұшып шыққан екен, бірақ оның бұл жорығы өзі ел биілігіндегі отырған кездегі ең ұзақ іссапары болып шықты, деп жазады Associated Prees (AP) агенттігі. Қазір 93-тегі Бийя әлемдегі ең жасы үлкен президент болып саналады, ал тақта ұзақ уақыт отыруы жағынан Экваторлы Гвинея президенті Теодоро Обианга Нгемы Мбасогоны ғана алға түсіре алады. Ол соңғы рет 2025 жылдың күзінде сегізінші кезекке сайланған екен, оның мерзімі 2032 жылы ғана аяқталады.
Президенттің бұлайша ұзақ уақыт сыртта жүріп қалуы Камерун халқының алаңдаушылығын туғызып жатыр. Көпшілік ең алдымен оның денсаулығына алаңдайды. Сондай-ақ ол жоқта билікті басқа біреу басып ала ма деп те қорқады. Ал оның саулығы жағдайы соңғы уақыттары талай қауесеттің тууына себепші болып жүр. Ол қазір мемлекетті басқаруды отбасы мүшелері мен жақындарына тапсырып қойып, ұзақ мерзім Еуропада, соның ішінде Франция мен Швейцарияда жүріп қайтуды әдетке айналдырып алыпты. Камерун конституциясы президенттің елді бірнеше айға тастап кетуіне тыйым салмайды екен. Алайда Бийя бұл жолы кәрі құрлыққа елдің іші ала тайдай бүлініп тұрған кезде кетіпті. Камеруннің солтүстігінде «Боко Харам» террористік ұйымы күшіне мініп тұрса, батыста сепаратистік жанжал өршіп келеді.
Бийя осы аралықта сыртта жатып, президенттік жарлықтар беруді жалғастырып жатқан көрінеді. Ол 3 тамызда елдің жоғары әскери билігінде кең ауқымды ауыс-түйістер жасапты.
USD




