Ресей әскерилері Киевке кіріп, қаланың ортасына беттеді
КИЕВ. 25 ақпан. Ресей әскерилері Украина қарулы күштерінің екі көлігін қолға түсіріп, Киевтің орталығына қарай беттеп барады. Бұл туралы РБК хабарлады.
Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Малярдың айтуынша, орыс армиясының соңынан Ресей техникасының колоннасы еріп келеді.
Ал Ресей телеграм-арналарының баяндауларынша, Украина президенті Володимир Зеленский Киевке Ресей армиясының диверсиялық топтары бәрінен бұрын келгенін айтқан. Ол бұл топтардың басты мақсаты қазір нөмірі бірінші нысана болып отырған өзі болып отырғанын жеткізді. Мемлекет басшысы сонымен бірге астана тұрғындарын коменданттық сағат тәртібін сақтауға шақырды.
Қазір Украина Қарулы күштері Иванков және Дымер аудандарында кескілескен шайқас өткізіп жатыр. Олар жауды Тетерев өзені жағасында тоқтатқан.
Украина Қарулы күштерінің бас штабы Facebook-тегі парақшасында болып жатқан жағдай жайлы айтып берді.
«Бүгін түнде қорғаныс күштері Ресей басқыншылар тобының айтарлықтай күшті шабуылдарына қарсылық көрсетуді жалғастырды», – делінген хабарламада.
Осылайша дұшпан Кроповицкий ауданындағы әскери бөлімшелерге әуеден соққы берген.
Дәл сол уақытта Вылково және Тирасполь аудандарының төбесінде жау тікұшақтары белсенділіктерін арттыра түскен.
«Украина Қарулы күштерінің десант-штурм әскерлері Дымер және Иванков елді мекендері аудандарында кескілескен ұрыс жүргізіп жатыр. Мұнда олар дұшпанның көп көлемдегі бронетехникаларының шабуылдарын Тетерев өзені аумағында тоқтатты. Өзендегі көпір қиратылды», – деді штабтағылар.
Бұдан бөлек, тағы бір тактикалық топ Гостомель аэродромында кеше келіп түскен Ресей десантшыларын тоқтатып тұр.
Өткен түнде Киевтің Позняки ауданының тұрғындары Ресей армиясының артиллериядан берілген толассыз соққысына ұшырады. Снарядтар тұрғын үйлерге түсіп, аулаларда жарылды.
Володимир Зеленский бұдан бірнеше сағат бұрын 137 украин әскери қызметкерінің опат болғанын баяндады.