Жақсыбеков Футбол федерациясының президенттігінен кетеді
АСТАНА. 4 аұпан. Алдағы 28 ақпанда Қазақстан Футбол федерациясының есеп беру-сайлау конференциясы өтіп, онда Әділбек Жақсыбековтің басшылықтан кететіні белгілі болып отыр. Бұл туралы «Экспресс К» хабарлады.
Футбол инсайдері Айдын Қожахмет бірнеше жылдан бері Қазақстан Футбол федерациясын басқарып келе жатқан Әділбек Жақсыбековтің осы жолы қызметінен кететінін айтты.
«Конференцияда Футбол федерациясының жаңа президенті сайланады. Қазіргі федерация президентінің қызметімен қоштасатыны еш құпия болмай қалды. Осы жайлы тіпті федерацияның өзінде де айтылып жүр», – деп жазды Айдын Қожахмет.
Футбол федерациясының президенті болу үшін үміткерлерді аймақтық федерациялар ұсыну керек. Қазіргі таңда Астана қалалық футбол федерациясынан бұрынғы футболшы Давид Лория ұсынылған. Ал Қарағанды Әділет Барменқұловты қолайлап отыр. Ол «Kazakhmys Smelting» ЖШС-ның бас директоры, «Шахтер» футбол клубы директорлар кеңесінің төрағасы. Сонымен қатар бұрынғы футболшы Дидар Сыдықбек те әлеуметтік желіде өзін жарнамалай бастапты.
Әділбек Жақсыбеков Қазақстан футбол федерациясын екі рет басқарды. Ең алғаш 2007-2014 жылдары тізгінді ұстады. Одан кейін 2018 жылы қайтадан президент болып сайланған.