Көп жыл салық төлемеген» «Алтын Орда» базары» жойылды
ҚАСКЕЛЕҢ. 26 қаңтар. Алматы облысының Қарасай ауданы жеріндегі, Алматы қаласының дәл іргесіндегі «Алтын Орда» базары» компаниясы жұмыс істеуін тоқтатты. Бұл туралы «Орда.kz» хабарлады.
«Бұдан тоғыз жылдан астам уақыт бұрын құрылған компания арнайы мамандандырылған экономикалық соттың шешімімен жойылды», – делінген хабарламада.
Соттың отырысы 2021 жылғы қарашада өтті. Талап-арыз берушілер тарапын Алматы облыстық мемлекеттік табыс департаментінің Қарасай аудандық мемлекеттік табыс басқармасы атқарды. Ал «Алтын Орда» базарының» өкілдері сотқа келген жоқ.
Қабылданған құжатқа сәйкес, компания ұзақ жылдар бойы өзінің салық жөніндегі міндеттемесін орындамағаны белгілі болды.
«Алтын Орда» базары» компаниясы 2012 жылы құрылған, қызметі кең ассортиментті тауарлардың көтерме саудасы болған.
Компанияны ресми түрде жойылуы 2022 жылы 24 қаңтарда тіркелген.
Сонымен бірге, Алматы облыстық әкімдігінің мәліметі бойынша, «Алтын Орда» базары» ЖШС-ының жойылуының қазір жұмыс істеп тұрған «Алтын Орда» базарына қатысы жоқ.
«Аталып отырған «Алтын Орда» базары» ЖШС бұл компанияның басқарушысы емес. Бұл көптеген жылдар бойы тірліксіз тұрған, ешқандай салық төлемеген компания еді, сондықтан да жойылуға жіберілді», – делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, елде болып жатқан карантиндік шектеулер бұл базардың үзіліссіз жұмыс істей беруіне титтей де кедергі келтіре алмады.