Мәжіліс Назарбаевқа қатысты жартыкеш шешім қабылдады
АСТАНА. 20 қаңтар. Кеше Қазақстан Парламентінің төменгі палатасы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты бірқатар заңдарды қайта қарап, шешім қабылдады. Бұл туралы «Азаттық» радиосы хабарлады.
Депутаттар «Қазақстан халықтары ассамблеясы», «Тұңғыш президент – Елбасы», «ҚР Қауіпсіздік кеңесі» туралы заңдарға арнайы түзету енгізуді қолдады. Осының нәтижесінде оның Қазақстан халықтары ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесіне өмір бойы төраға етуін алып тастайтын заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады
«Қазақстан халықтары ассамблеясын енді Президент басқарады және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Президент болады деген өзгеріс мақұлданды», – деді депутат Снежанна Имашева «Азаттық» тілшісіне.
Оның айтуынша, «Тұңғыш президент – Елбасы» туралы заңға да өзгеріс енгізілген.
« [Нұрсұлтан Назарбаевтың] осы екі ұйымды басқаруға құқығы бар. Сол құқық алынып тасталды, басқа құқықтары (Қауіпсіздік кеңесіне мүше болу, Парламент алдында сөйлеу, маңызды мәселелер бойынша үкімет алдында сөйлеу т.б – С.И) қалды», – деді Снежанна Имашева.
Шешімнің жартыкеш болғаны осы жерден көрініп тұр. Бұл бұрынғы президенттің ел саясатына әлі де араласа алатынын байқатады.
Мәжілістің баспасөз қызметі аталған түзетулер сәрсенбі күні мәжіліс мақұлдаған «Саяси партиялар» туралы заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасында болғанын атап өтті.