Мәскеу метросы жолаушыларға өзбекше жол сілтеп тұр
МӘСКЕУ. 29 қараша. Мәскеу метросының станцияларында өзбек тілінде жол сілтеп тұратын жазба көрсеткіштер пайда болды. Бұл туралы «Национальный акцент» хабарлады.
Тап осындай анықтама-жазба сонымен қоса, тәжік тілінде де бар.
Жазбалар өзбек және тәжік мигранттарына ыңғайлы да түсінікті болуы үшін ілінген. Олар Сокольники және Бутовая желілері бойларындағы «Прокшино» және «Лесопарковая» станцияларында тұр. Бұдан әрі кейінірек басқа станцияларға да қойылып қалуы ықтимал.
Мәскеу көлік департаментінің мәлімдеуінше, Мәскеу облысындағы Сахарово деревнясында орналасқан көші-қон орталығына осы станциялардан арнайы автобустар қатынайды. Оларға баратындардың қатарында өзбекте мен тәжіктер бәрінен көп.
«Біздің міндетіміз – әртүрлі тараптағы жолаушылар үшін бәрі түсінікті де ыңғайлы болу жағын қарастыру. Мәселен, метро вагондарындағы электронды таблоларда біз тоғыз тілде жедел ақпар беріп тұрамыз. Олардың арасында өзбек және тәжік тілдері де қамтылған», – деді департамент өкілі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесу кезінде.