Белград: Тағы төрт қазақстандық жеңісті жалғастырды
БЕЛГРАД. 30 қазан. Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатында бүгін шаршы алаңға шыққан қазақстандық төрт боксшы да жеңіске жетті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Осы күні чемпионатта 1/8 финалдық ойындардың шайқастары басталды.
Біздің жігіттерден бірінші болып шаршы алаңға 48 кг салмақтағы Теміртас Жүсіпов алаң иесі – сербиялық Омер Аметовичпен шықты. Бұл біздің бағланның турнирдегі бірінші ұрысы болса, оның қарсыласы мұның алдында түрік боксшысын жеңіп кеткен еді. Бұл жекпе-жек қазақстандықпен басымдығымен өтті. Бірақ соңғы раундта ол ептеп иницитиваны беріп қойғандай болды. Дегенмен, қорытынды есепте 4:1 етіп ұтып шықты. Осылайша бұл екі жігіт бізден бірінші болып 1/4 финалға жолдама алды.
Бұдан кейінгі шайқастардың бәрі 1/16 финалдық іріктеу ұрыстары болды. Оның кезегін 75 кг салмақтағы Нұрқанат Райыс бастап берді. Өткен жолы риза еткен біздің дебютант бұл жолы да жоғарыдан көрінді. Оның салқынқанды айқасы, өте мұқият ойнайтыны ұнады. Бірақ ол да үшінші раундта қарқынды баяулатып алды. Сөйтіп, молдован Влад Гаврилычті 4:1 етіп тізе бүктірді. .
Қазақстандықтар сапынан күндізгі сессияның соңы болып 80 кг салмақтағы Нұрбек Оралбай рингке беттеді. Ол бразилиялық Исаяс Фиоьомен жұдырық түйістірді. Біздің саңлақ 2-раундта бәсекелесін бір рет нокдаунға жіберді. Қорытындыда 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Кешкі сессияда бізден 63,5 кг салмақтағы 21 жасар Санатәлі Төлтаев қана өнер көрсетті. Ол өзінен 2 жас кіші молдован Василий Чеботарьды үш раунд бойы ұтып отырды. Нәтижесінде 5:0 етіп ұтты.
Қазақстан құрамасы сапынан екі боксшы өздерінің бірінші шайқастарында ұтылып, жарыс жолынан шығып қалды. Олар: Бек Нұрмағанбетов (86 кг) пен Нұрлан Сапарбаев (+92 кг).