Тағы бір жігерсіз боксшымыз саптан шығып қалды
БЕЛГРАД. 28 қазан. Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатында тағы бір боксшымыз жарыс жолынан шығып қалды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Бүгін кешкі сессияда тағы екі боксшымыз рингке шығады. Солардың бәрін қосып, соңынан бермекші болып отырғанбыз. Бірақ олардың қалай аяқталатыны белгісіз, оның үстіне бір ақпарды екіншісімен астастырып жіберуге болмайды, сонымен, екінші боксшымыздың қалай жеңілгенін айта берейік деп шештік.
Енді «жігерсіз» деген анықтамадан бастайық. Аса ауыр салмақтағы Нұрлан Сапарбаев рингке беттеп келе жатқаннан-ақ ішіміз қылп ете қалды. Себебі, жүрісі тым сөлекеттеу, өзіне сенімсіздеу көрінді. Ауыр салмақты боксшыға ұқсап, алшаң басып келе жатқан жоқ. Рингке көтерілер алдында тоқтағанда байқадық, көзінде ешқандай от жоқ екен. Шаршы алаңға да сылбыр қимылмен шықты.
Ал көздегі сондай жарқырап жанып тұрған отты біз Сәкеннен әр раунд сайынғы үзіліс кезінде де көріп тұрып едік.
Әлден жігерсіз болып тұрған, ширық ата қоймаған спортшыдан бірдеңе күту қиын өзі.
Шынында солай болды. Салғаннан ала алмайтыны байқалып қалды. Соққы да жоқ, ұмтылыс та жоқ. Оған қарағанда, испаниялық Аюба Гадфа ширақ көрінді. Соққыны да сол жасады. Әзірге еш зарп жасамай-ақ жеңіске жеткен бірде-бір боксшыны көрген жоқпыз.
Нәтижесі белгілі – таза ұтылды. Қайта үшінші раунда бірер төреші жеңісті соған беріпті.
Бұған дейін Қазақстан құрамасының капитаны болып келген Қамшыбек Қоңқабаевтың орнын алған Нұрлан Сапарбай сенімді ақтамады. Бұған дейін талай жарысты жарқылдап жүрген оған не көз тигенін біле алмай, дал болып қала бердік.
Бүгін Өзбекстан құрамасы үшінші боксшысынан айырылды. Бұған дейін бірінші болып Хасанбой Дусматов жарыс жолынан шығып қалды. Өзбектер өз елінде оның Сәкен Бибосыновтан жеңілгеніне қанша жерден келіспей жатса да, біздің саңлақтың басым түскені анық. Шамасы, Өзбекстан құрамасының елде қалған бұрынғы боксшылары мұндай ойды Хасанбойдың көңіліне қарап айтып жатқан сияқты. Қазақтар мұндайда «Жеңілген адамның сөзі құрысын» дейді де қояды.
Екіншісі – Өзбекстан құрамасының 19 жастағы дебютанты Шохжахон Абдуллаев бельгиялық Виктор Шелстраетеден 2-раундтың соңында нокаутпен ұтылды.
Үшіншісі – 57 кг салмақтағы қазіргі әлем чемпионы Миразизбек Мирхалилов бүгін америкалық Джемал Харвиден ұпай санымен жеңілді.
Куба құрамасы да екі боксшысын қосынға жіберді. Екі Олимпиаданың жүлдегері, әлемнің үш дүркін чемпионы 60 кг салмақтағы Лазаро Альварес Азия чемпионы, жапон Хаято Цуцумиден ұтылды. Бұдан бұрын Олимпиаданың екі дүркін чемпионы 71 кг салмақтағы Роньел Иглесиас жарыс жолынан шығып қалып еді.
Қазір кешкі сессияда бізден Серік Теміржанов пен Абылайхан Жүсіпов шаршы алаңға шығады.