Түркістан облысында аудан әкімінің орынбасары қамалды
ТҮРКІСТАН. 30 қыркүйек. Түркістан облысында Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Марат Сейтімбетов сот санкциясы бойынша қамауға алынды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Түркістан мамандандырылған тергеу сотының мәліметінше, оған 2013 жылы жасалған сыбайлас жемқорлық қылмысы жөнінде айып тағылған.
Сол уақытта Марат Сейтімбетов Сарыағаш ауданы тұрғын-үй шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарған. Ол өзінің қызмет бабын пайдаланып, мемлекеттік тапсырыспен салынып жатқан және ауылдарды қамтамасыз етуге арналған магистральдық газ құбырын қабылдаған. Жұмыстың тек 50 пайызы істелгеніне қарамастан, мердігерлер бюджеттен 30 млн теңгені толық көлемде алған. Соның салдарынан мемлекетке 15 млн теңге шығын келген.
Осы кезде Марат Сейтімбетов пен оның адвокаттары келтірілген залалдың өтелгенін айтып, айыпталушыны үй қамағына алуды немесе кепілдік төлеуді сұраған. Бірақ айыптау әрекетінің ауырлығына байланысты сот прокурордың өтініші бойынша қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданды.
Қазір бірқатар сараптамалар тағайындалып, іс бойынша куәгерлер анықталып жатыр.
Тергеу амалдары жалғасуда.