ЕРЕВАН. 8 маусым. Сакартвелоның премьер-министрі Ираклий Кобахидзе алғашқылардың бірі болып өзінің хайастандық әріптесі Никол Пашинянды парламент сайлауындағы үлкен жеңісімен құттықтады. Бұл туралы Minval.az ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Премьер-министр Никол Пашинян мен оның партиясын сайлаудағы жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймын. Біздің халықтарымыздың игілігі үшін Грузия мен Армения арасындағы стратегиялық серіктестік пен достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту жолында біздің бұдан әрі тығыз ынтымақтастығымыздың жалғасуын асыға күтемін», – деп жазды ол түнгі сағат 23:57-де Х әлеуметтік желісінде.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, дауыс беруге сайлау құқығы бар 2 млн 503 мың 976 азаматтың 1 млн 224 мың 957 адамы қатысқан. Осылайша сайлаушылардың келу мөлшері 48,92%-ды құраған. Ал соңғы деректер бұл көрсеткіштің 58,97%-ға барғанын көрсетеді. Не дегенде де, бұлар Армения үшін өте жоғары деңгей болып табылады.
Сайлауды өткізу үшін сайлаушыларды электрондық тіркеудің 4 мыңға жуық құрылғысы пайдаланылды. 1758 учаскеде дауыс беру процесінің тікелей көрсетілуін қамтамасыз ететін бейнебақылау камералары орнатылды. 600-ден астам сайлау учаскелері мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделді.
Дауыс беру барысын 13 жергілікті және 8 халықаралық байқау миссиялары, сондай-ақ дипломатиялық корпус пен шетелдік сайлау органдарының өкілдері қадағалады.
Сайлауға 18 саяси күш, яғни 16 партия және екі блок қатысты.
Сарапшылар қазір Армениядағы парламент сайлауының іс жүзінде елдің сыртқы саяси бағытын таңдау жөніндегі референдумға айналғанын алға тартып отыр. Мұны экзит-полдың алғашқы және алдын-ала деректері де анық аңғартады.
Экзит-пол мәліметтеріне қарағанда, Никол Пашинянның «Азаматтық келісім» атты билеуші партиясы 56,7%-дық дауыспен сенімді түрде жеңіске жеткен. Ол бұған дейін айтылып отырған 32,4 %-дық мөлшерден көп асып түскен. Бұл осы сайлауға «барын салып, бақанын асқан» Кремльдің де жеңіліске ұшырағанынан паш етеді. Егер ресми есептеулер аталған көрсеткішті растап беретін болса, Пашинян билікті берік сақтап, Еуропа одағы мен АҚШ-қа жақындасу бағытын беймалал жалғастыра алады. Ал Мәскеу үкілеп бәйгеге қосқан, Ресейдің олигархы Самвел Карапетянның «Күшті Армения» партиясы 17,5% дауыс жинап, екінші сатыға жайғасқан.
Пашинянның жеңісі Ереванның батысқа қарай анық бұрылатынын айқындап береді. Жақында Армения премьер-министрі Мәскеуден белсенді түрде алыстап, Еуропа одағымен байланысын дамытып, Ереванда еуропалық көшбасшыларды қабылдаған болатын.
Армения Орталық сайлауы дүйсенбіде ресми алдын-ала қорытындыларды жариялауды жоспарлап отыр. Егер билеуші партияның көпшілігі расталмаса, елге екінші тур қауіп төндіруі мүмкін.
USD




