КИЕВ. 27 тамыз. Украинада шығарылған «Фламинго» зымырандары Ресейдегі стратегиялық нысандардың көзін жойып жіберуге дайындалып жатыр. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мәтбұғат Украинада жаппай шығарылуы басталған «Фламинго» ракеталарының алғашқы лектері елдің Қарулы күштері арсеналына беріліп қойылған да болуы ықтимал екенін жазады. Әскерлер қазір олармен Ресейдегі нысандарын «толық жойып жіберуге» қызу дайындалу үстінде. Ал соғысты тоқтатпау үшін неше түрлі айла-шарғыларға барып отырған Ресей енді тым көп ұзамай жаңа қарудың күш-қуатын өз жерінде байқап көретін болады.
Украинаның әскери-өнеркәсіптік кешені «Фламинго» зымырандарының сериясын жасап қойған болуы мүмкін. Мұндай қорытындыны OSINT сарапшылары жаңа қарудың тұсаукесері бейнежазбасын талдағаннан кейін жасады. Мұның жайы Defense Express ақпараттық-консалтингтік компаниясының даму жөніндегі директоры Валерий Рябыхтың Espresso-ға берген түсініктемесінде айтылды. БАҚ мәнбесінің айтуынша, жазбада «үш жүзден асатын» сериялық нөмірлер байқалады.
«Бұл зымырандардың белгілі бір санының қазірдің өзінде шығарылғанын көрсетеді», деген сарапшы зымырандардың бір бөлігі сынақ үшін пайдаланылатынын айтты.
Рябых Украина Қарулы күштерінде «фламинголардың» пайда болуын маңызды аргумент деп атады, оның жариялануы Дональд Трамп пен Владимир Путиннің Аляскадағы келіссөздеріне орайластырылған болатын. БАҚ-тың пікірінше, жаңа алыс қашықтықтағы қаруды жасау Украинаның Ресейге бағынғысы келмейтінін көрсетеді.
Defense Express директоры Ресейдегі нысандарды «Фламинго» зымырандарымен жою Кремльдің соғысты тоқтатуға дайын-әзірлігіне байланысты екенін баса айтты.
«Олар алға қойған мақсаттарына қол жеткізулерінің мүмкін емес екенін түсінеді ме екен?», деген орынды сұрақ қойды Рябых.
Оның болжамынша, егер Ресей есін жимаса, қоқиқаздар өз аумағындағы нысандарды «толығымен жойып бітіргенше» тоқтаусыз соққы бере береді.
Еске сала кетейік, алғаш рет 18 тамызда 3000 шақырымға жететін «Фламинго» зымыраны жасалып біткені туралы хабарлаған еді. Жаңа қарудың алғашқы фотосы 14 тамызда тарады. 19 тамызда украин фламинголарының ресейлік Искандер-К мен Х-101-ден нақты қандай критерийлер бойынша артық екені белгілі болды.
USD




