КИЕВ. 7 маусым. Украина Қарулы күштері 7 маусымға қараған түні Қырым түбегіндегі да екі мұнай базасына тұтқиылдан соққы берді. Бұл туралы The Moscow Times ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресей басқыншылары 2014 жылы аннексиялап басып алған Қырым жерінде Феодосия қаласы мен Ленино (Еды-Кую) кентінде орналасқан мұнай базалары, сондай-ақ Советское кентіндегі әскери бөлім украин дрондары шабуылының астында қалды.
«Крымский ветер» паблигі жазғандай, ұшқышсыз ұшақтардың түнгі жорығынан кейін Семиколодезянск мұнай базасынан қараңғы аспанды қақ жарып, өрт бұрқ ете түскен. Соңғы сәтке дейін Мәскеу отырғызып қойған билік тарапынан осыған байланысты ләм-мим деген түсіндірме болған жоқ.
The Exilenova+ ресурсы NASA FIRMS суреттеріне сілтеме жасай отырып, Семиколодезянск мұнай базасына шабуыл жасалғанын және сол жерде өрт тұтанғанын растады. Таблоид атап өткендей, қазіргі уақытта өрт орын алған ауданда ауаның қызуы артып келеді, оның бұдан әрі де күшеюі кәдік.
«Атеш» партизандар қозғалысы мен «Крымский ветер» сайты Феодосиядағы мұнай базасына шабуыл жасалғанын және онда жарылыстар орын алғанын айғақтады. Бұған қоса, «Крымский ветер» Советское кентіндегі әскери бөлімге соққы берілгенін де атап өтті.
Түн ішіне түбектің басқа аймақтарында да жарылыс болғаны жайлы ақпар тараған. Соның ішінде Джанкое, Севастополь және Симферополь қалалары біраз дүрлініскен. «Крымский ветер» арнасы таратқан видеолардан ұшқышсыз ұшақтардың ерекше дыбысы естіліп, артынша жарылыстар даусы шығады.
«Медуза» телеграм-арнасы Қырымға кірер жердегі «Жанкой» өткізу бекетінің украин дрондары шабуылынан кейін жабылып қалғанын жазды. Олар 7 маусымға қараған түні Херсон облысының Чонгар селосы тұсындағы көпірге шабуыл жасап, жолды бұзып тастаған.
USD




