Жыл сайын 1 маусымда бүкіл жұрт балаларын құттықтайды, перзенттеріне ерекше еміренеді. Ал дәл сол күні Темірхан аға құлқынсәріден әйгілі жыршы, танымал ғалым Берік Жүсіповке телефон шалады. Жай шалып қана қоймайды, оны Балаларды қорғау күнімен құттықтайды. «Қызық екенсіз, аға, алпамсадай алыпты сүйкімді сәбилердің мерекесімен құттықтағаныңыз не?», – дейміз біз таңырқап.
Темірхан аға іркілмейді. «Ойбай-ау, ол да бір халықтың баласы емес пе?! Біздің де дәу баламыз ғой!», – дейді жұлып алғандай. Бәйтеректей Берікті балаларды қорғау күнімен құттықтау үрдісінің қашан басталғаны есте жоқ, бірақ біздің жалпақ жыршы жыл құрғатпай маусымның беташар күнінде ағасының айрықша ықыласына бөленетін.
Темірхан аға кейіннен Берікке серік қосып, балаларды қорғау күнімен біз секілді басқа да інілерін құттықтайтын болды. Сөйтіп, жұрттың бәрін құшағына қысып, айналып-толғанып, үнемі өзгені өбектеп жүретін жақсы аға осындай бір әдемі әдет орнықтырды.
Темірхан Тебегенов Қызылорда мемлекеттік педагогика институтын бітіріп, сол оқу орнында қызмет істеп жүргенде де, жалпы жұртшылыққа жақсы танымал болды. Ол республикалық басылымдарға үзбей мақала жазып тұрады. Алматыда өтетін түрлі ғылыми жиындарға жиі келетін. Өзі о бастан елге үйірсек болған соң, Астана жұртшылығы да оны жатсынбайды. Елпілдек зерттеушіні конференциялардан қалдырмайды. Келген сайын төрін ұсынады.
Темірхан ағамыз ақыры Алматыға келіп, түпкілікті орнықты. Білімнің қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ педагогика университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында қызмет істейтін білікті ғалымдардың қатарына қосылды. Филологтардың жас буынан тәрбиелеуге атсалысты. Бір ғажабы, оны шәкірттерінің бәрі шетінен жақсы көреді. Әсіресе, Қызылордада баяғыда дәріс алған, бүгінде белгілі тұлғаға айналған қыз-жігіттердің өзі оны көргенде құрақ ұшады. Алдынан кесе өтпейді. Ағайларына шаң жуытпайды. Демек, Темірхан Тебегенов жас ұрпақтың жүрегіне жол тапқан ұлағатты ұстаз бола білгені ғой. Әйтпесе, қазіргідей қытымырлау заманда қай шәкірт қай ұстазды ұлықтап қарық қылып жатыр осы?!
Ақкөңіл… Ақеден… Елгезек… Емен-жарқын… Осы ұғымдардың бәрі ардақты ағамыздың табиғаты мен тұрпатына толықтай сай келетін. Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романының бір кейіпкері «Неге екенін білмеймін, көшеге шықсам болды, елдің бәрін құшақтағым кеп тұрады. Бақыттылықтан ғой деймін», – деп ағынан жарылатын-ды. Сол айтқандай, Темірхан Тебегенов шынында шәкірттерінің шексіз ықыласына бөленген бақытты ұстаз еді. Зиялы қауымға кең танымал әлеуетті әдебиеттанушы, парасаты профессор Темірхан Тебегеновтің кейінгіге қалдырған бір тәлімі осы-тұғын…
Ол Алматыға қоныс тепкен соң жұмыс барысында ептеп араласа бастадық. Жиын-тойларда жиірек жолығыстық. Шаңырағында болдық. Көбіне-көп өмірі үйінен қонақ арылмайтын жампоз жыршы Берік Жүсіповтің шаттыққа толы шаңырағында жүздесетінбіз. Сондай сәттерде Темірхан ағамыз жан дүниесін айқара ашып, армансыз ақтарылып, серпіле сөйлеп отырар еді.
Сәуір айында Алматының зиялы қауымы Темірхан Тебегеновті соңғы сапарына шығарып салды…
Енді бүгін, 1 маусымда еңгезердей екі-үш баланы кім құттықтайды, аға?
Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
2022 жыл
«Шағала» жинағынан
USD




