ТБИЛИСИ. 5 қазан. Сакартвело байтағы – Тбилиси қаласында 4 қазан күні өткен қарсылық акциясын ұйымдастырушыларды ұстау басталды. Бұл туралы Newsgeorgia ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Полиция әзірге қарсылық акциясының ұйымдастыру комитеті құрамында болған «Біртұтас ұлттық қозғалыс» лидерлері Муртаз Зоделава мен Ираклий Надирадзені ұстады.
Ұстау парламент үйінде бірнеше ондаған шеруші қалған кезде жүргізілді. Оны ішкі істер министрлігінің әртүрлі бөлімшелерінің бірнеше жүз қызметкері жүзеге асырды. Оларға Зоделава мен Надирадзе қарсылық көрсеткен жоқ.
Осы кезде арнайы жасақ пен прокуратураның қызметкерлері наразылықты ұйымдастырушылардың тағы бірі, опера әншісі Паата Бурчуладзе жатқан клиникаға барды.
Ұйымдастыру комитетіне сондай-ақ «Агмашенебели стратегиясының» бас хатшысы Паата Манджгаладзе мен Грузия қарулы күштері бас штабы бастығының бұрынғы орынбасары, полковник Лаша Беридзе де бар. Әзірге олардың ұсталғаны жайлы хабар жоқ.
Алдын ала өзінің өту мақсатын «бейбіт революция» деп жариялап алған қарсылық акциясы кеше Тбилисидегі муниципалды сайлаумен қатар жүрді. Оның ұйымдастыру комитеті Сакартвелоның қазіргі үкіметін «заңсыз билік» деп атап, одан «тізгінді бейбіт жолмен» өткізуді талап етті. Саяси кеңестің шақыруы бойынша шерушілердің бір бөлігі президент резиденциясына басып кіруге әрекет жасады.
Арнайы жасақ жауынгерлері қарсылық акциясына қатысушыларды көзден жас ағызатын газдың және су шашатын көліктің көмегімен тұрған орындарынан ығыстырып шығарды. Бұдан кейін демонстранттар жақын маңдағы барлар мен ресторандардың жиһаздарын осында әкеліп, баррикадалар ұйымдастырды. Олар сол жақтан полицейлерге отшашулар жіберіп, тас атты.
Денсаулық сақтау министрлігі қазір соның салдарынан 21 қызметкер мен 6 шерушінің әртүрлі жарақаттармен ауруханаларға жатқызылғандарын баяндады.
Тбилисидегі баррикадаларға қатысты Қылмыстық кодекстің 4 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олар конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге немесе мемлекеттік билікті құлатуға шақыру, зорлық-зомбылықты ұйымдастыру, көшбасшылық рөл атқару немесе соған топтық мөлшерде қатысу, сондай-ақ теледидар, радио немесе байланыс құралдарын, стратегиялық немесе арнайы нысандарды басып алу немесе қоршау, мүліктің бүлінуі немесе жойылуы деп аталады.
Тбилисиде өткен наразылық акциясын ұйымдастыру комитетінің мүшелері енді тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
USD




