26 Тамыз, 11:08
RAST.kz
USD USD 458.48 ₸
EUR EUR 534.68 ₸
RUB RUB 5.43 ₸
Погода в Астане
Погода
Погода в Астане на 2 недели
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
RAST.kz
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
RAST.kz
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету

Шерағаны сағынғанда…

24 Маусым 2025 20:03
- Жаңалықтар, Таным
Шерағаны сағынғанда…
Facebook-те бөлісу Twitter-де бөлісу

Жуырда Л.Н.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінде мемлекет және қоғам қайраткері, «Қазақстанның халық жазушысы» Шерхан Мұртаза атындағы аудиторияның ашылу  салтанаты болды. Шараға Шерағаның шекпенінен шыққан шәкірттері, қызметтес болған журналист-жазушылар қатысты. Салтанатты жиынды университет ректоры, академик Ерлан Сыдықов ашты.

Қандай керемет қуаныш – екі дос, Сейдахмет Бердіқұлов пен Шерхан Мұртазаның аудиториялары қарама-қарсы бөлмелерге орналасыпты.

Менің есіме сонау сексенінші жылдардың орта кезіндегі мына оқиға оралды. Сейдағаң қадірлі қонақ шақырса, шет елден, не заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов Алматыға келсе, мені іздейтін. «Лениншіл жаста» жүз қызметкері бар. Ол кісінің маған сенім артқанына, әрине қуанамын. Бұл жолы бір топ бас редактор достарын шақырып, шәй бермекші екен. «Отырар» қонақ үйіндегі мейрамханадан 7-8 адамға тапсырыс беруімді өтінді. Аға айтты, бәрі орындалады.

Жұмыстан кейін мейрамхананы бетке алдық. Қазір кейбірі есімде жоқ, білетінім Шерхан Мұртаза, Тұманбай Молдағалиев, Пернебек Бейсенов сияқты елге белгілі редактор, ақын-жазушылар.

– Сейдахмет, осы сенің жақсы інің бар. Қайдан ғана тауып аласың? – деді Шераға маған қарап.

– Қай ауылдың баласы екенін білмеймін. Сейдахметтің ғана тапсырмасын орындайды, – деді Тұмағаң сөзінің жалғасын жұтып қойғандай… Бұл әңгіме өткен жолы да Седағаңның үйінде қозғалған-ды. «Қай ауылдың баласы» деп қазбалай, жақтырмай сөйлегенде: «Бұл менің інім!» – деп Сейдахмет ағаТұмекеңді қағып тастаған болатын.

Ағалардың көңілі көтеріңкі, көктемдей шуақты, бірде шешіле, көсіле әңгіме айтып отырды.  Мен кіршіксіз, дос көңілін сақтап қалған, кесек мінез қаламгерлерге қызыға қарап отырмын. Кейде ыңғайсызданып,  үйге қайтуға ыңғай білдірсем, Сейдахмет аға ағынан жарылып, «Отыра тұр» дейді. Бір кезде, осы бір ғажайып тыныштықты гитараның дыңғырлаған үні бұзып, мейрамхана әртістерінің концерттік бағдарламасы басталып кетті. Жаңа бір әзірдегі жарасымды  әңгіме-дүкен, рахаттана күлген риясыз күлкілер су сепкендей басылды. Қонақтардың мазасыздана бастағанын іштей сезіп отырмын. Қолдан не келеді? Ансамбль мүшелерінің өз жұмысы осы. Өлең айту, келген қонақтардың көңілін көтеру. Сонда да болса, нар тәуекел, өнер адамдарының жетекшісіне барып, сәл жайлап ойнауын сұрадым. Ағаларымның әңгімелесе алмай отырғанын айттым. Менің өтінішімді естіген әртіс жігіттер сөзге келмей, аспаптарын қолтықтап, орындарынан тұрып кете барды. «Қашайын деген киік еді, артынан таяқ тиіп еді» дегендей болды-ау.

Ағалардың көңілі көкке көтеріліп қалды. Дауыстары қатқыл шығып, беттеріне қан жүгіріп, жүздері нұрлана бастады. Шераға татарша өлең айтты…

***

Арада төрт-бес жыл өткен. Мен «Газет» баспасына жетекшілік етіп, қазан-ошағым бөлек мекемеде жүргенмін. Жылдар бойы армандаған Наурыз мерекесінің қайта оралған кезі. Алматыдағы Орталық стадионның алдында думандатып, Наурыз тойы мерекеленіп жатқан. Жағалай тігілген киіз үйлерге жақындай бергенімде, алдымнан журналист-жазушы Жарылқап Бейсенбаев жолықты.

– Ой, Бейсекем-ай, жаңа ғана Сейдахмет Бердіқұлов сен туралы жақсы бір әңгіме айтты.

– Не деп, – дедім Жақаңның сөзіне құлақ түре. Мақтағанды кім жек көрсін.

– Осы жұрттар мерамханадағы ансамбльге ақша беріп, ән айтқызса, біздің Бейсенбай ақша беріп, ансамбльді қайтарып жіберді.

Сейдағаң баяғы мейрамханада болған оқиғаны айтып беріпті.

– Ағаларым қай киіз үйде отыр? – дедім мен.

– Олар жаңа ғана тарап, үйлеріне қайтып кетті, – деді Жақаң.

Әттең …

***

– Бүгінгі Шерхан аға атындағы аудиторияның ашылуына қалыптасқан тәртіп бойынша, Шерағаңның шекпенінен шыққан журналистер отыр. Үлкен өмірдегі бәріміздің ұстазымыз Шерағаңның болғаны рас. Бірақ Шерағаңды жұмысқа алған мен едім, – деді өз кезегінде сөз алған Уәлихан Қалижанов, жазушы, ҰҒА академигі, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері».

– Бір кездері Шерағаңның жұбайы Мәриям жеңгеміз қайтыс болып, Шераға үйінде жалғыз қалып қойды. Шығармашылықпен айналысты. Бірақ жалғыздық адамды іштей жеп қояды, – деп сөзін жалғастырды Уәкең. – Содан «Егемен Қазақстанға» бас редактор болып бекіген соң, Шерағаңа телефон шалдым. Амандық-саулық сұрастырғаннан кейін, редакцияға соғып кетуін өтіндім. Машина жіберейін дедім.

– Жоқ, Уәлихан мырза. Үй жақын. Паркті кесіп өтіп, таза ауа жұтып, өзім келемін, – деді.

Келді. Амандықтан соң қолқа салдым.

– Үйде отыра бергенше, маған көмекшілікке келіңіз. Жеке кабинетіңіз, жазғандарыңызды компьютерге теріп беретін қыздарыңыз болады. Газеттің басқа тіршілігіне араласпайсыз, кезекшілікке бармайсыз. Уәлі сөзіңіз, баспасөзге жазылу кезінде бірге іс-сапарларға шығып тұрамыз. Болды.

– Уәлихан мырза, шартым бар. Жазғанымды түземейсің, күземейсің. Осы сөзге тұрсаң, қолыңды әкел, – деп қолын ұсынды.

Уәде – Құдайдың бір аты деседі. Қол алыстық. Кейін Камал аға Смайыл мен Шерхан Мұртазаның бір жарым жылға созылған хаттары жарияланды. Қатты айтылды. Билікке жақпады. Ақыры бұл менің қызметтен кетуіме себепкер болды. Бірақ өкінбеймін.

Шерағаңның екінші тынысы ашылды. Парламент мәжілісінде депутат болып, қатар отырдық. Өр дауысы әлі құлақтан кетпейді…

***

Менің Уалихан Қалижанов көкемнің тамаша бір жақсы қасиеті бар. Ол – анда-санда әріптес ағаларының басын қосып, бильярд ойынына шақырып, көңілдерін көтеріп тұратындығы. «Жақсы аға болу үшін, ең алдымен жақсы іні бола білу керек!». Бұл – көкемнің өмірлік ұстанымы.

Ол кезде Уалихан көкем М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болатын. Шұғыл хабарласып, Шерағаның ауруханада жатқанын айтты. Мен көк базарға жүгіріп, жеміс-жидек, көкөністі көтере «Совминкаға» жеттім. Шерағаның палатасына кірдік. Аядай ғана бөлмеде Ұлы жазушы ем қабылдап жатыр екен. Көкем Шерағаны құшақтап, бетінен сүйіп, бауырына басты.

– Шераға, мынау Бейсенбай ғой, ұмытып қалған жоқсыз ба? –деді көкем.

– Жоқ, Бейсекеңді қалайша ұмытайын. Баяғыда, «Қызыл жебе» романымнан «Ұлан» газетінің 8 номеріне үзінді бергені үшін Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің бюросында «үлкен таяқ жегені» әлі есімде. Інім ғой, -деп құшағын ашты. Менің көңілім босап кетті. Кеше ғана Арыстандай айбаттана, дүниені дүр сілкіндіріп жүрген Шерағам-ай!..

Кей адамдар киелі келеді. Оларға себепсіз тиісуге, тіл тигізуге болмайды. Киесі ұрады!..

Одан соң Уалихан көкем, Шерағаны асықпай тамақтандырды. Әңгіме айтып, көңілін көтере бастады.

– Шераға, жүріңіз, мен сізді бильярдқа алып барайын. Моншада шомылдырайын, – деді.

Шерағаң барамын дегендей желпіне, басын изеді. Көңіл қашанда жас деген осы шығар. Қайтпайды. Науқастанып жатқаны есінен шығып кеткендей…

Сол кезде бөлмеге Шерағаның ұлы кіріп келмесі бар ма? Баяғыдай салтанат дәуренді жалғастырып, шуақты күндерді еске алуымызға рұқсат бермеді.

Бұл Шерағамен болған ең соңғы кездесуіміз еді…

…Осы бір естелікті жазып отырғанымда Уәкеңнің 2018 жылы шыққа «Тағдырымдағы тұлғалар» атты кітабы есіме түсті. Сонда «Шерхан-Шераға!» деген жүрекжарды толғақ-сөз оқыдым. Соны ықшамдап, осы естелікке енгізуді жөн көрдім.

Уәлихан Қалижан: «Шерхан-Шераға!»

Адам болған соң пендеміз де. Шерхан-Шерағаң туралы әртүрлі әңгіме айтылады. Сұсты. «Алдына келгенді тістейді, артына келгенді тебеді», «Бетің бар, жүзің бар демейді» көзі шақшайып, мұрты едірейіп, «Жапалақты тасқа ұрсаң да жапалақ өледі, таспен жапалақты ұрсаң да жапалақ өледі», «Екі тіл жыланда ғана болады», «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деп парламент мінберінен дауысы саңқ етіп шыққан тау-тұлға емес пе? Сол рас па? Рас. Әділ сөйлейтін ұрпақтың соңғы тұяқтарының бірі – Шерхан-Шераға!

***

«Мен қазір үйірінен айырылған құлжадаймын, бөлек, саяқ жайыламын», «Бәрін де істегім, ұстағым, бәрін де көргім келеді, бірақ оң иығымда бір жеті, сол иығымда бір жеті тұр» деп ағынан жарылып сұхбат берген де Шерхан-Шераға!

***

Мен жазушы адаммын. Менің қаруым – қолымдағы қаламымды ешкім де тартып ала алмайды, – деген де Шерхан-Шерағаң!

***

«Алпыс деген тал түс, жетпіс деген – жет, піс деген сөз» деп сұлу мұртының астынан құйтырқы жымиятын да Шерхан-Шераға!

***

«Бұл Үкіметті қанша қусаң да, құмалақ шашпаса, оны неге қуа береміз» деп мәжілісті ду күлдірген де Шерхан-Шерағаң!

***

«Мен есеп білмеймін, бірақ мынау Қаратай Тұрысов бұл бюджетті дұрыс деп отыр, қолдайық. Ал қателессем обалы Қаратайға!» деп республикалық бюджетті қабылдатып жіберген де Шерхан-Шераға!

***

«Әй, Камал (Смайылов) сен ХХI ғасыр Қазақстан ғасыры болады дейсің. Дұрыс-ақ. Алтын мен күмістің үстінде отыр екенбіз. Айтшы, егер сенің айтқандарыңның бәрі рас болса, онда алтын-күмістің үстінде қазақ неге жалаңбұт отыр?!» деп газетке жазған да Шерхан-Шерағаң!

***

«Егемен Қазақстанға» қызметке шақырдым. Кеңесшілік. «Кеңес беретін адамға кеңесші болмаймын», -деп уәдемді алып, қолымды мытып-мытып

***

Бір оппозициялық газет Шерхан Мұртаза «Егеменнің» босағасында отыр деп жазыпты. «Ұлт газетінің босағасы бола ма, газеттің табалдырығынан төр басталады» деген де Шерхан-Шерағаң!

***

«Кітап бала сияқты. Ол сенің мұрағерің деседі кейбіреулер. Білмеймін. Кейін кітаптарым бала бола ма?» деп бір кем дүние туралы толғанған да Шерхан-Шерағаң!

***

Зұлматы жылдардың жаңғырықтарын, алаштың ардақтысы Тұрар Рысқұловты тірілткен де Шерхан-Шераға!

***

«Қызыл жебе», «Жұлдыз көпір», «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», «Жетім бұрыш», «Ай мен Айша», «Бір кем дүние» деп дүйім жұртты дүр сілкіндірген де Шерхан-Шерағаң!

***

«Мен енді депутат болмаймын. Жетпістен астым» деп жұма намазға жығылған да Шерхан-Шераға!

***

«Уәкем, алпысыңды бір күнге қарызға бере тұршы?! Бұл – өте хитри жас» дейтін де көкем осы Шерхан-Шераға!

***

«Таразда бәрі, бәрі бар, бірақ бір Уәлихан жоқ» деп бауырына қысқан да Шерхан-Шерағаң!

***

Өткен ғасыр қазақ ұлттық журналистикасының шырағы мен пырағы – Шерхан-Шерағаң!

Ол отырған креслоның үлкен кішісі жоқ. Қай қызметке келсе де сол қызметтің атын шығарып, шырайын көтерген де Шерхан-Шерағаң!

Орынтақтың құлы болмай, орынтақтың көркі болған – Шерхан-Шерағаң!

Мұз жүректі жібітті, елінің сөзін айтты, қазақ әдебиетін байытты! Енді Шерхан-Шерағаң төрден қасқайып түспейтін қалпында. О, дүние кемесімен келмеске жүзіп кетті. Бұл – жәннәт сапары, иман сапары болғай. Қазақ халқының шерін тарқатқан Шерхан-Шераға! –деген екен Уәлихан көкем.

***

…Араға екі-үш ай салып, Шерхан ағамыз дүниеден өтті. «Кеңсай» зиратына апарып, арулап жерледік. Айналасы кілең ұлылар жатқан мәңгілік мекен. Әрегерек, қол созым жерде Бауыржан Момышұлының құлпытасы. Баукеңнің қасына барып, тағзым етіп, құран оқымақ болдым. Бір топ жігіттер естелік суретке түсіп жатыр екен. Кедергі жасамайын деп, әрегерек барып, қырын қарап тұрдым.

– Аға, жүріңіз, суретке бірге түсейік. Сіз Баукеңнен сұхбат алған журналистсіз ғой…

***

Шерағаның қоштасу асын Уәлихан Қалижанов жүргізді. Көкем шабыттана, әр сөз берер алдында Шерағаның өмір жолын, көсемдігі мен шешендігін, кемеңгерлігін, қайтпайтын қайсар мінезін сөзіне арқау етіп, естеліктер айтты.

Бұл ас – Шерағаның қоштасу асы –  ең соңғы шығармашылық кешіндей болып өтті.

Қайран, Шерағам-ай!

Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты,

 «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, публицист, жазушы.

 

Таңбалар: естелікжазушы-қайраткерШерхан Мұртаза

Ұқсас мақалалар

«Сапарбаев тұлғасы» – елге қызмет етудің өнегелі жолы
Жаңалықтар

«Сапарбаев тұлғасы» – елге қызмет етудің өнегелі жолы

10.06.2026
Асқар әлемінің жарқылы
Руханият

Асқар әлемінің жарқылы

18.05.2026
МАҒАУИН МИССИЯСЫ
Таным

МАҒАУИН МИССИЯСЫ

18.01.2025

КӨП ҚАРАЛҒАНЫ

  • Өмірдің өрінен тағы бір жайсаң, жақсы жан өтті

    Өмірдің өрінен тағы бір жайсаң, жақсы жан өтті

  • Аида Балаева: Біз «Қазақфильмнен» айырылып қала жаздадық

  • Алашқа аты аян айтулы ақын Елубай Әуезов ақтық сапарға аттанды

  • «Көршінің қызы» керемет еді (видео)

  • Мемлекет басшысы Үкімет құрамында бірқатар өзгерістер болатынын мойындады

  • Денсаулық министрі жеке азаматтарды қабылдап, мәселелерін шешуге ықпал етті

  • Қалп хабар таратып, полицейлерді қараламақ болған қызылордалық қыз жаза алды

RAST.kz

Ақпараттық-танымдық, қоғамдық-саяси, ғылыми-көпшілік порталы

Сайт Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде 23.01.2020 ж. тіркеліп, №KZ56VPY00019585 куәлігін алған.

Құрылтайшы:
«Даларус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Яндекс.Метрика

© 2026, Барлық құқықтар сақталған.

  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
HTML Weather widget for website by meteolabs.kz

USD USD 458.48 ₸
EUR EUR 534.68 ₸
RUB RUB 5.43 ₸

© 2026, Барлық құқықтар сақталған.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Құпия сөзді қалпына келтіру үшін пайдаланушы атыңызды немесе электрондық пошта мекенжайыңызды енгізіңіз.

Кіру

Add New Playlist