Олжас Сүлейменовтің жуырда «Новая газета. Казахстанда» жарияланған, «Қазақстанды құтқарушы тұрғындардың көп ұлтты құрылымы» деген тақырыпшамен берілген «Адамзат баласын біріктіретін нәрсе» атты мақаласы (№14, 6 сәуір, 2026) туралы мен бұған дейін өз пікірімді толық айтып қойған сияқты болсам да, әлі ойымнан ойқастап шығар емес. Тұрғындардың көп ұлтты құрылымы жайында сөз етіп отырғанында Олжас Омарұлының қаперінде тұтынушы тұлға болып өзбектер мен ұйғырлардың тұрмағаны айдан анық десем, әсте қателесе қоймаспын деп ойлаймын.
Оның жаны, әлбетте, бірінші кезекте еліміз тұрғындары құрылымында славяндардың үлесі азайып бара жатқанына бола жылайды. Сондықтан славяндардың оны кезінде екінші жыл бір сыныпта орнында қалып қойған бұзақы бала секілді қалай бұрышқа тұрғызғанын қазір еске түсіре кетудің мәні бар. Мұндай жағдай оның өмірінде кемінде екі рет орын алды. 1975 жылы «Аз және мен» жарияланғаннан кейін оның орыс ғалымдарының сілкілеуіне түскен бірінші жағдайы туралы жұрттың бәрі біледі. Орыс ғылыми элитасының ортағасырлық Ресей әлемін жасауда өздерінің мінсіз екендеріне өте сенімді болғандары соншалық, осы әлемді ішінара бұзып жіберген провинциялық ағартушының үні оларға көргенсіздік пен қорлаушылық сияқты болып көрінді.
Мен бұл іс-шараның стенограммасын оқыған жоқпын, бірақ Олжас Омарұлының өзі кейінірек бір басылымда еске салып өткендей, академик Б.А. Рыбаков Мәскеудегі конференцияны «Алматыда руське ең қатты қарсы кітап шықты» деген тіркеспен бастапты. Тап солай. Академиктің осы сөздері бүкіл іс-шараның рухын анықтап береді. Педагогтер айтатындай, жанжалды кітаптағы бүргелерді көп болып аулау осылай басталады. Мен бұл оқиғаны тарих пен заманаға қатысты тек орыстың ғана мүддесі көзделген көзқарас заңды болып саналған кеңес дәуірін сағынышпен еске алатындардың бәрінің естеріне сала кетемін.
«Орыс әлемі» Олжас Омарұлын тұмсығынан «перген» екінші оқиға қазір жұрттың бәрінің бірдей есінде жоқ. Біз соны еске түсіруіміз керек. Өйткені ол тек ақынға ғана емес, барлығымызға, қазақтарға да қатысты. Бұл 1989 жылы болды. Қайта құру қызу жүріп жатты. Одақтың Жоғарғы Кеңесіне сайлау өтті. Көптеген жылдар бойы ұсынылған жалғыз кандидаттың өзіне ғана дауыс беруге үйреніп қалған кеңес адамы енді кенет екі кандидаттың бірін таңдауға мәжбүр болды. Олжас Омарұлы оңтүстік астанадан түсуге шешім қабылдады. Уақыт рухына сай болу үшін республика басшылығы оған формальды бәсекелес ретінде құрылыс бригадасының бригадирін белгілеп берді. Ұмытпасам, оның тегі Шопанаев болған сияқты.
Иә, солай. Бүкіл елге даңқы асқан интеллектуал ақын сөйтіп өзін туған ауылының тұрғындарынан басқа ешкім білмейтін қарапайым құрылысшымен қарсылас болып шыға келді.
Бір қарағанда, сайлау нәтижесі күні ілгері белгілі болып тұрғандай сияқты еді. Шын мәнінде, Олжас Омарұлы өзінің бәсекелесінен жеңіліп қалды. Сол жылдардың заңына сәйкес, үміткерлердің бірі 50%-дан астам дауыс жинай алмаса немесе сайлауға қатысушылардың саны 50%-ға жетпесе, сайлау түпкілікті аяқталды деп есептелмейтін. Осы талаптардың бірі бойынша енді құрылыс бригадирі екінші турға баруы керек-тін. Ол солай барды да!
Ал Олжас Омарұлы өзін қалай ұстады? Ол өз кандидатурасын алып тастады. Қорқып кетті. Оның құрылыс бригадирінен жеңіліп, ұятқа қалғысы келмеді. Сосын елдің шығысына барды. Республика және өңір басшылығының қолдауымен қазақтары саны айтарлықтай басым Семей облысының Аягөз сайлау округінен депутат болып сайланды. Ол осылай талабы табада қуырылып, жаны мұрнының ұшына келген кезде қандастарынан қауқар сұрады. Ал олар мұны ұятқа қалдырмады.
Ежелгі тілдердің даналығын зерттеген және көптеген кітаптар мен есепсіз көп мақала жариялаған, «осирис» сөзінің мағынасына дейін білетін Олжас Омарұлы тек қарапайым ғана бір нәрсені – Қазақстандағы орыс адамының және кеңірек алғанда, сол кездегі астана халқының 70 пайызын құрайтын славян тектестердің өзіне қалай қарайтынын біле қоймады. 1989 жылғы санақ қорытындысында қазақтар саны үш есе аз болды. Ал ол, орыс тілді өкіл, бұған атүсті қарады. Олжас Омарұлының шығармашылықта және қарым-қатынаста тек орыс тілін қолданатыны маңызды емес. Әйелі орыс болды. Балаларының да бәрі орыс тілді… Осының бәрі, өмір көрсеткендей, миссионерлік сананы ұстанушы империяшылдарға жағуға жеткіліксіз еді. Олар үшін басқа нәрсе маңыздырақ болды. «Тауларды аласартпай, даланы көтеруге» ұмтылған адам оларға ұнамады, шығармашылығындағы әділ ойлар қазақтардың санасын отаршылдық тәуелділік машығынан құтқаратын ақын қайтпас және қауіпті ұлтшыл болып көрінді. Өйткені олардың көпшілігі тауларды, далалар мен шөлдерді қорлай отырып, орманды көкке көтеретін принцип бойынша өмір сүрді.
Және сосын олар сайлауда нақты құрылысшы бригадирге қолдау көрсеткен жоқ, негізінде өткеннің, бүгінгінің, тілдердің мәселелері бойынша «өзіндік пікірлерін» білдіруге батылы барған Олжас Сүлейменовке қарсы дауыс берді. Мен егер Олжас Омарұлының бәсекелесі қарапайым құрылысшы емес, балтықбойылық немесе кавказдық тегі бар аулада домалап жатқан маскүнем болса да, дауылпаз ақынның жеңіліске ұшырау мәселесі шешіліп тұр еді деп ойлаймын.
1989 жылғы сайлауда белгісіз құрылысшыдан жеңіліп қалған оқиғасы, менің байқауымша, ақын-ғалымның жетесіне ештеңе де жеткізбеген екен, тұрқына туралап тиген шапалақ титтей де сабақ бола қоймапты. Әйтпесе, оның аталмыш мақаласына Қазақстан тұрғындарын құтқарушы ретінде оның көп ұлтты құрылымын тақырыптық қазық етіп алуын қалай түсінеміз? Ал мұндай мүлде мәнсіз мәлімдеме Украинада басқыншылық жексұрын соғыс қайнап жатқан тұста және Қазақстанның жергілікті ұлт өкілдері әлі де азшылықты құрайтын үш облысының агрессор Ресеймен шекаралас болып тұрған жағдайында жасалып отыр.
Марат ЖАНҰЗАҚОВ
USD




