МӘСКЕУ. 1 қараша. Қараша айында Ресей мектептерінде әдеттегі қоңыраулар Ұлттық бірлік күніне арналған музыкалық шығармалармен ауыстырылады. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
РФ Білім министрлігінің мәліметінше, «Қоңырау орнына әуендер» жобасы аясында үзіліс заманауи «патриоттық» әндермен басталады. Министрлік бұл тәсіл оқушыларға «ортақ құндылықтар, бірлік және Отанға деген сүйіспеншілік» тақырыптарын талқылауға және сыныптарда «достық атмосферасын қалыптастыруға» көмектесуі керек деп есептейді.
Министрлік баспасөз қызметінің мәліметінше, қараша айындағы ойнату тізіміне Жанна Горелова мен Владислав Поварковтың орындауындағы «Братья мои», Ольга Семенованың «Матушка Россия», Елена Плотникованың «Милая Россия», Евгений Воробьев пен Алексей Гарнизовтың «Мы едины! Непобедимые!» және Денис Майдановтың «Флаг моего государства» әндері кіреді. Министрлік «оқушылар ортақ құндылықтар тақырыбымен біріктірілген заманауи патриоттық әндерді еститін болады» деп атап өтеді.
«Қоңырау орнына әуендер» жобасы 2025-2026 оқу жылы бойы бірыңғай жоспар бойынша жүзеге асырылуда. Білім министрлігі мектептерге ай сайын тақырыптық музыкалық таңдаулар мен оларды пайдалану бойынша әдістемелік ұсыныстар берілетінін түсіндірді. Мысалы, қыркүйек айында мектептер мектеп туралы әндер орындады, ал қазан айындағы әуендер Мұғалімдер күні мен күз тақырыбына арналды.
Министрліктің мәлімдемесіне сәйкес, жобаның мақсаты мектеп атмосферасын «жылы және мағыналы» ету және оқушылар арасында «маңызды күндер мен құндылықтар» туралы пікірталасты ынталандыру болмақ.
РФ шенеуніктерінің ойынша, «Қоңырау орнына әуендер» мектеп оқушыларын «патриоттық тәрбиелеуге» бағытталған басқа бастамаларды толықтырады. 1 қыркүйектен бастап музыка сабақтарында балалар Ярослав Дронов (Шаман) пен Олег Газманов сияқты қазіргі заманғы ресейлік әншілердің «патриоттық шығармаларын» зерттеп келеді. Шыны керек, Мемлекеттік дума бұған дейін мұндай шаралардың жеткіліксіз екенін мәлімдеген болатын: Білім комитеті төрағасының бірінші орынбасары Михаил Берулава тамыз айында бұл тәжірибені балабақшаларға да таратуға шақырып, «Газманов пен Шаманның әндері білім берудің тамаша бастамасы» екенін және оның сөзімен айтқанда, «Ресейді сүю керек, себебі ол ұлы ел» екенін атап өткен-ді.
USD




