ҚЫЗЫЛОРДА. 1 қазан. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев Халықаралық қарттар күніне орай №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып, қарттарды мерекемен құттықтады. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Сапар барысында Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев аймақ басшысымен бірге болды.
«Қазақ халқы үшін үлкенді сыйлау, қарттықты қадірлеу – ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан озық дәстүр. Бұл – өскелең ұрпақ үшін өлшеусіз рухани қазына. Сондықтан қазыналы қарияларымызды құрметтеу – әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Аймақ ардагерлерін әлеуметтік қолдау – менің назарымдағы басты мәселе. Сіздерге көрсетілетін қамқорлық әрі қарай да жалғаса береді. Біз Сіздерге қолайлы жағдай жасап, қызмет көрсетуге қашан да дайынбыз. Баршаңызға мықты денсаулық, амандық тілеймін!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы қариялармен кездесу кезінде сөйлеген сөзінде.
Облыс әкімі орталық ғимаратының алдындағы киіз үйде ұйымдастырылған көрмемен танысты. Көрмеге орталық қызметін алушылардың өз қодарлымен жасаған ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдары қойылған.
Бүгінде өңірде 90 мыңға жуық қарт тұрады. Оның 2 мыңнан астамы арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылған. №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына биыл 843,8 млн теңге қаржы бөлінді.
Орталық заманауи талаптарға сай жабдықталып, қызмет алушылардың денсаулығын жақсарту, оңалту үшін қолайлы жағдай жасалды. Материалдық-техникалық базаны толықтыру әлі де жалғасады.
Сонымен қатар Талсуат елді мекеніндегі 150 орынға арналған оңалту орталығында, Қызылорда қаласындағы 50 орындық жартылай стационарда зейнеткерлерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі.

USD




