АСТАНА. 22 желтоқсан. Қызылордада мәдениет саласының қызметкерлері үшін арнайы тұрғын үй салынып, 40 адамға пәтер кілті табыс етілді. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қазіргі таңда Сыр өңірінің мәдениет пен руханият саласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі – 2022 жылдан бері 20 мәдениет нысаны жаңадан бой көтеріп, ел игілігіне берілген. Ел байтағындағы Орталық коммуникациялар қызметінде берген брифингінде аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев осыған қатысты бірқатар мәліметтерді әңгімеге арқау етті.

Әкімнің баяндауынша, өңірде мәдениет саласында соңғы 3 жылда 21 мәдениет нысаны жаңадан бой көтергені. Оның 9-ы ауылдық клуб, 7-уі «Руханият орталықтары» және Анаға тағзым, Отбасы, Өнер орталықтары мен облыстық тарихи-өлкетану музейі болып отыр.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен биыл 2 ауылдық клуб салынуда. Аудандағы «Руханият орталықтарында» музей, кітапхана, архив, неке қию залына, ардагерлер мен аналар кеңесіне, жастарға, этномәдени бірлестіктерге, үкіметтік емес ұйымдарға толық жабдықталған жұмыс кабинеттері ашылды.
Қызылорда қаласында «Отбасы орталығы», «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Көп функционалды мың орындық «Өнер орталығы» шығармашылық кештер, концерттер мен қоғамдық іс-шаралар өтетін орынға айналды.
«Биыл Қызылорданың Қазақ АКСР астанасы болғанына 100 жыл толды. Атаулы датаға орай 2 млрд 300 млн теңгеге облыстық тарихи-өлкетану музейінің заманауи жаңа ғимараты бой көтерді», – деді аймақ басшысы.
Ол өз сөзінде сондай-ақ Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Қызылорда қаласында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК қолдауымен 3 млрд 800 млн теңгеге салынған «Достық үйінің» жаңа ғимараты жақын күндері қолданысқа берілгелі тұрғанын атап өтті.
«Мәдениет саласының қызметкерлеріне көп қабатты тұрғын үй салынып, 40 пәтер табыс етілді. Жаңадан симфониялық оркестр, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді, жыраулық дәстүр өкілдерінің отауы Жыраулар үйі ашылды», – деді Нұрлыбек Машбекұлы сосын.
Сыр өңірінде сондай-ақ мәдениет, өнер және әдебиет өкілдеріне қолдау көрсету мақсатында «Тұран» сыйлығын жыл сайын табыстау дәстүрге айналған.
Тағы айта кететін жайт, бұған дейін Астана, Алматы қалаларында Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері өтті. Биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Абай, Шығыс Қазақстан облыстарына да өнер сапары ұйымдастырылды.
Бұған қоса, Қызылорда облысының өнер майталмандары Наурыз мерекесін, еліміздің салт-дәстүрлерін халықаралық деңгейде, атап айтқанда, Испания, Финляндия, Эстония елдерінде насихаттады. Ұлттық мереке Республика күніне орай Швейцарияның бірнеше қаласында Қызылорданың мәдениет және өнер күндері өтті.

USD




