ЖАҢАҚОРҒАН. 6 тамыз. Қызылорда облысында көп жылғы үзілістен кейін бірінші рет құс фабрикасы ашылды, ол Жаңақорған ауданында бой көтерді. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев аудандағы «Абдулла» шаруа қожалығы құс фабрикасының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Аймақ басшысы осыған арналған шараны сөз сөйлеп ашып, облыс жұртшылығын қуанышты оқиғамен құттықтады. Ол өз сөзінде соңғы кездері өңірде қолға алынып, жүзеге асып жатқан ауқымды жобалар жайында әңгімеледі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа инвестициялар ең алдымен, еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы керек» деген болатын. Бүгінде Жаңақорған ауданында тұрғындарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалар сәтті жүзеге асуда. Соның бірі – «Абдулла» шаруа қожалығы құс фабрикасының ашылу рәсіміне куә болып отырмыз», – деді Мұрат Ергешбаев.
Оның айтуынша, кәсіпорын құрылысына 5,5 млрд теңге бөлінген, фабрика жылына 6 мың тоннаға жуық құс етін өндіреді. Өнімі аймағымыздан бөлек, көрші облыстарға да жеткізіледі. Мұнда 120 адам жұмыспен қамтылады. Бұдан бөлек, мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 1,1 млрд. теңгеге салынған су тарату станциясы пайдалануға беріледі.
«Осындай маңызды жобаны жүзеге асырғаны үшін жеке инвесторға зор ризашылығымды білдіремін. Бұған қоса, «МАИ бекеті» және «Алтыкрант» шағын ауданындағы 2 мыңға жуық тұрғын үй сапалы ауыз сумен қамтылады. Осы жобалардың жүзеге асырылуы облысымыздың, әсіресе Жаңақорған ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді. Баршаңызды құс фабрикасының ашылуымен тағы да құттықтаймын!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Шарада Жаңақорған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов және құс фабрикасын салуға атсалысқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Фабрика аумағында 12 қора, құс соятын, балапан ашатын цехтар, әкімшілік, техникалық қызмет көрсету ғимараты орналасқан.
Айта кетейік, өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда 1 трлн. 900 млрд теңгеге 48 инвестициялық жоба іске қосылып, 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Соның ішінде, биыл 100 млрд. теңгенің 21 жобасын іске қосу жоспарланған.

USD




