ӘЙТЕКЕ БИ. 22 шілде. Бүгін Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы «Қожабақы» ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ауыл спортының дамуына серпін беретін жаңа нысанның ашылуына арналған рәсімге Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты.
Облыс басшысы салтанатты шарада ауыл тұрғындарын осы оқиғамен құттықтап, елді мекендерде кәсіби және бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын атап өтті.

«Баршаңызды спорт кешенінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауыл – біздің алтын бесігіміз. Ауылдағы тіршілік сапасын жақсартпай, жалпыұлттық дамуды елестету мүмкін емес» деген болатын. Бүгін өздеріңізбен бірге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында «Қожабақы» ауылында салынған жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ашуға жиналдық. Бір күнде 100 адамды қабылдауға қауқарлы заманауи кешенде бокс, грек-рим күресі, волейбол, футбол және баскетбол сынды спорт түрлерімен айналысуға болады. Бұл ауыл жастарының бұқаралық спортпен тұрақты шұғылдануына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге жол ашады деп сенемін», – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен 2022 жылдан бері өңірде 200-ден астам әлеуметтік нысан бой көтерді. Оның 27-сі – спорт кешені, бүгінде ел игілігіне айналды. Бұдан бөлек, Қызылорда қаласында 11 мың орындық «Қайсар Арена» стадионы, «Теннис орталығы», Инклюзивті спорт кешені пайдалануға берілді.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен Шиелі, Жалағаш аудандарында жаңа спорт кешендері ашылды.
Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 80 спорт-ойын алаңы салынды.
Бүгінде облыс орталығында «Қызылорда Арена» көп бейінді спорт кешенінің, «Қайсар» футбол клубы академиясының құрылысы қарқын алып келеді.
USD




