ӘЙТЕКЕ БИ. 5 тамыз. Қазалы ауданында «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты кеңейтілген мәжіліс өтіп, бүгінгі ұрпақтың тәрбиесі жайында тереңінен ой қозғалды. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Бүгін Қызылорда облысының Қазалы ауданында жас ұрпаққа сапалы біліммен қатар тағылымды тәрбие беру мәселелерін талқылау мақсатында «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты кеңейтілген мәжіліс өтті», – делінген хабарламада.
Әйтеке би кентіндегі Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен кеңейтілген мәжіліске құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері, мекеме басшылары, ата-аналар комитетінің өкілдері, мектеп директорлары мен аудан жастары қатысты.
Жиында Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов өскелең ұрпаққа сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беру мемлекет пен қоғам алдындағы ортақ міндет екенін атап өтті. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жас ұрпақты еңбекқорлыққа, тәртіпке, отансүйгіштікке және заңға құрметпен қарауға тәрбиелеу жөніндегі ұстанымдарына тоқталып, бүгінгі қоғамда отбасы, мектеп және мемлекеттік органдардың өзара үйлесімді жұмысы ерекше маңызға ие екенін жеткізді. Сондай-ақ жаңа Конституция аясында қоғамда заң үстемдігін нығайту, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және жауапты азамат тәрбиелеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Мәжіліс барысында арнайы шақырылған қонақтар жастар тәрбиесі, рухани құндылықтарды дәріптеу, діни сауаттылықты арттыру, ұлттық болмысты сақтау, құқықтық мәдениет пен жауапкершілікті қалыптастыру мәселелері төңірегінде мазмұнды ой-пікірлерімен бөлісті.
Атап айтқанда, Астана қаласындағы «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы, дінтанушы, теолог Нұрлан Асанов жастардың теріс діни ағымдардың ықпалынан сақтануы, отбасы, ата-ананың тәрбиесінің маңызы мен рухани иммунитетті қалыптастыру жайында кеңінен әңгімелесе, айтыскер ақын, «Алтын домбыра» республикалық айтысының үш дүркін иегері, облыстық мәслихат депутаты, Н. Бекежанов атындағы қазақ академикалық музыкалық-драма театрының директоры Мұхтар Ниязов ұлттық тәрбие, отбасы құндылығы және ата-ананың жауапкершілігі туралы тағылымды тұжырымдары ортаға салды. Ал танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Күміс қалам-2025» байқауының жүлдегері Ақжол Түменбай жастардың рухани дүниесін байытудағы әдебиет пен ұлттық тәрбиенің орны жөнінде орнықты ой толғады.
Кеңейтілген мәжілісте аудан прокуроры Мадияр Бекпанов жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы сөз қозғады.
Жиын соңында көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасу өтіп, аудан жастары қонақтарға сауалдарын қойып, жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, құқықтық және рухани тәрбиесін күшейту бағытындағы жұмыстарды бірлесіп жалғастыру қажеттігі атап өтілді.

USD




