АСТАНА. 24 қыркүйек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Халық Кеңесі бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде еліміздегі мемлекеттік тіл мәселесіне де тағы бір қайтара оралды. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздік пен мәдениетсіздіктің белгісіне айналды», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ол өз сөзінде Халық кеңесінің алдында этномәдени бірлестіктер мен осы салада қызмет ететін басқа да қоғамдық ұйымдарды бір мақсатқа біріктіру міндеті тұрғанын атап өтті. Дұрыс шешімін табуды талап ететін түйткілдер шаш-етектен мелдектеп тұр. Солардың бірі мемлекеттік тілге қатысты өрбиді.
«Осыған дейін бірнеше мәрте айтқанмын: ұлтты ұйыстырып, мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы осы орайда.
Президент, бір қуаныштысы, «бұрын болжаммен, долбармен ғана айтылатын жағдайлардың» қазір бүгінгі күннің шынайы шындығына айналғанына тоқталды. Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, уақыт ағымымен бірге көпшіліктің тілі болып келе жатыр. Әсіресе, жастарымыздың қазақ тілінде еркін, сауатты сөйлейтіні қуантады.
«Ана тіліміз мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие, ұлттық мәдениетімізді, болмысымызды шырайлы да шұрайлы туған тіліміз арқылы көрсетеміз. Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздік пен мәдениетсіздіктің белгісіне айналды. Мұның бәрі – мәжбүрлеуге емес, толеранттық пен сенімге негізделген ортақ жұмыстың нәтижесі», – деді осы сөздің сыралғысында Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Алайда бұл басқа тілдерден бас тарту керек дегенді білдірмейді, әрі оларды шеттетуге құқық бермейді. Өздеріңізге мәлім, Конституцияда тіліне, тегіне, ұлтына, дiни көзқарасы мен нанымына немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсітуге тыйым салынған, – деп түсіндіріп өтті сосын ол. – Соған қарамастан, ара-тұра кейбір тісқаққан арандатушылар әлеуметтік желіде ұлтараздықты қоздырып, әдейі отқа май құяды. Мына нәрсені түсінген жөн. Олардың көздегені біреу – қоғамды әлсіретіп, Қазақстанның егемендігіне нұқсан келтіру, елді бірліктен айырып, бейбіт, алаңсыз өміріміздің астаң-кестеңін шығару. Расында олар балаларымыз бен немерелеріміздің бақытты болашағының тамырына балта шапқысы келеді. Сондықтан құқық қорғау органдары мен тұтас қоғам бұған табанды түрде қарсы тұруы керек. Конституцияда бекітілген «Заң мен тәртіп» қағидатына сай әрекет етуіміз қажет».
Президенттің пайымынша, «Тіл – Жаратқанның адам баласына берген ең үлкен игілігі, теңдессіз сыйы. Қандай да бір тілге қарсы күрес жүргізу – Жаратқанға, оның нығметіне қарсы шығу. Сірә, бұдан асқан ақымақтық болмас. Сондықтан тіл (қандай тіл болса да) бірлік пен өркениеттің өлшемі болуға тиіс».
Мемлекет басшысы бүгінгі таңда түрлі ұлттың жастары қазақ тілі мен мәдениетін кеңінен насихаттап жүргеніне назар аударды. Бұған қуанбауға бола ма! Бұған қалай қуанбассың! Қазақ елінің нағыз патриоттары да – солар. Қазақстанның болашағы да – солар.
«Олар, шын мәнінде, рухани дүниесі бай, бойында талант тұнған жандар. Достыққа дәнекер болған осындай адамдар қашанда жоғары құрмет пен қолдауға лайық. Мемлекет те оларды елеусіз қалдырмайды. Өйткені қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, әлемдік үдерістердің өркениетті, табысты қатысушысы ретінде мемлекетіміздің абырой-беделін асқақтатуға осындай азаматтардың қосар үлесі зор», – деп, қазақ тіліне қатысты тұжырымдарын түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

USD




