БУДАПЕШТ. 9 мамыр. Еуропа одағында Ресей мен Путиннің мүддесін қорғау үшін ғана отырған сияқты болған венгер премьері қызметін тапсырды. Бұл туралы The Moscow Times ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Владимир Путиннің Еуропа одағындағы басты одақтасы болып саналған Виктор Орбан Венгрияның премьер-министрі қызметінен ресми түрде кетті. Жаңа үкімет басшысы Tisza центристік партиясының жетекшісі Петер Мадьяр болды. Ант бергеннен кейін бірден Мадьяр бұл күнді «тарихтағы бетбұрыс» деп атады және азаматтарды «режимнің өзгеру қақпасынан өтіп, Венгрия тарихын қайта жазуға» шақырды. Парламент алдында сөйлеген сөзінде ол «Біздің партияның алған мандаты – үкіметтің өзгеруі ғана емес, сонымен бірге «жүйенің өзгеруі» және «бәрін таза тақтадан бастау» мүмкіндігі» дегенді айтты.
Жаңа премьер-министр сондай-ақ өзінің алдындағы әріптесін қатты сынға алды. Оның айтуынша, Орбан билігі жылдарында Венгрия Еуропа одағы елдері ішіндегі ең жемқор мемлекетке айналған. Ол Орбан дәуіріндегі ел президентінен бастап, оны тағайындаушыларға қарата сөз сөйлеп, осы айдың соңына дейін бәрін түгел доғарысқа кетуге шақырды.
Орбан премьер күрсісіне 2010 жылдан бері отырып келіп, тек 2026 жылғы сәуірде ғана жеңіліске ұшырады. Сайлауда Мадьярдың Tisza партиясы заң шығарушы органның жаңа құрамындағы 199 орынның 141-ін жеңіп алды.
Орбан Украинаға қарсы қанқұйлы соғыс ашқан қылмыскер, Ресей диктаторы Владимир Путиннің Еуропадағы басты одақтасы саналды. Осыған орай ол одақтың Украинаға бөлетін қаржысын, Ресейге қарсы санкцияларды бұғаттап, Мәскеуден мұнай мен газ сатып алуды жалғастырып келді.
Жаңа премьер олардың бәріне санаулы күндері қалғандарын мәлімдеді.
Осы уақыт аралығында, сайлаудың қорытындысы жарияланғаннан кейін бірден Орбанның шеңберіне жақын бизнесмендер мен шенеуніктер шетелге активтерін шығаруға шұғыл кірісіп кетті. Мадьярдың өзі олардың билік ауысқаннан кейін міндетті түрде тексерілетін қаржыларын осылай алдын ала қорғап қалуға тырысып жатқандарын мәлімдеді.
USD




