25 Тамыз, 01:08
RAST.kz
USD USD 457.99 ₸
EUR EUR 534.15 ₸
RUB RUB 5.47 ₸
Погода в Астане
Погода
Погода в Астане на 2 недели
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
RAST.kz
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
RAST.kz
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету

Гүлзейнеп Сәдірқызы. Нәлет (әңгіме)

10 Желтоқсан 2025 21:18
- Қазына
Гүлзейнеп Сәдірқызы. Нәлет (әңгіме)
Facebook-те бөлісу Twitter-де бөлісу

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ – әдебиетке бүгін келген қаламгер емес.  Қаламы ерте ұшталған, бірақ сол қаламын  оңды-солды сілтеп, жазған-сызғанын қажетті-қажетсіз ұсына бермейтінін байқайтын едік. Бұл қандай қасиет дегенде – тәрбиеге жоритынбыз. Қателеспеппіз. Гүлзейнептің бойында қазақы әдеп, ұлттық қалып, халықтық мінез, өзіне табиғатынан сөз қонған ақыл парасаты жеткілікті-тін, осы реттен бе, ол  әсте шашылып төгілмей, сол талғамынан танбай, жаңылмай өсті. Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстанда» ағаштың бір жерде тұрып көгеретіні сияқты, жапырақ жайып жетілді.

Гүлзейнеп аз жазады, бірақ саз жазады және тақырыбын тауып жазады. Жазғандары оқушы жүрегін тербеп, көңілін нұрға бөлеп, кісі жанын тазартатын таза жазу.

Сол біз білетін Гүлзейнеп бұл күнде – әдебиеттің проза жанрының лиригі, лирик болғанда да ойлы қаламгері.  Әңгімелерінде нәзік сыр бар, кейіпкер толғанысы психологиялық ой-сезімге толы. Жазушының басты құралы тіл болса,  ол  жағынан да кенде емес, тілі шұрайлы, көркем, айтайын деген ойын шебер де жатық жеткізеді.

Гүлзейнеп әңгімелері ойлантады, толғантады, оқушыға осы реттен ыстық әрі қымбат.

 Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ

 

Ел жайлауға көшкен. Он бір жылға сайының аузында жүгірген аң болмаса, жайылған мал көрінбейді. Қойшы қыстауының қарауылы Сәлімнің ала сиыры ғана ен даланы жалғыз жайлауда. Ала сиырдың артынан ерген ала бұзауы бар. Енесі бүгін өрістен оқыра тиіп, ерте  келгендіктен емін-еркін еміп жүр. Қарны тойғаны да,  ары-бері жүгіріп, ойнақтап қояды. Ала сиыр болса басалқы бәйбіше секілді маң-маң басады. Бір қолында шелегі, бір қолында сулық орамалы мен кішкене орындығы бар талдырмаш бойжеткен далаға шығып, қораға қарай беттеді. «Ау-хау, ау-хау» деп  дауыстады. Қораны айнала бере енесімен қатар жүрген бұзауды көрді де, қалт тұрып қалды. «Қап, көкемнен ұят болды-ау!?  Бүгін тағы да сүтсіз қалдық» деп етігімен тарп еткізіп жерді тепсін. Шекерге сиыр сауғанды марқұм анасы үйреткен.

– Балам, салақ әйелдер сияқты  сүртілмеген, майланбаған желінге жабысып,  саусағыңнан сірнеңді ағызып отырма. Емшек жарықтық қашанда қасиетті. Оның үстіне сүртіп, майланған соң өзіңе де тартқанға жеңіл, қолың да талмайды. Есіңде болсын, төлі көтеріліп кеткенше қақтап сауып алмай, бір емшегін бұзауына қалдырып отыр. Ал аяғың талып, берекең кетпес үшін ерінбей кішкене орындық қойып, не істесең де қиындатпай, бабына келтіріп істе, – дейтін де, алдымен су орамалмен емшекті сүртіп, шелегінің ернеуіне жағып әкелген сары маймен майлап, «бісмілләсін» айтып сауа бастайтын.

Кейінгі кезде кішкене ғана талшыбықтай қызының үлкен ала сиырға жабысып отырғанын көргенде әке жүрегі шым ете қалатын. «Жо-жоқ, ел жайлаудан түскен соң жалданып бағып отырған  малшының үйін иесіне аман-есен өткізіп беремін де, ауылға орталыққа көшемін. Ел-жұрттан да ұят болды. Жетеді малдың соңында жүргеніміз. Өзімді  болмаса да қарғадай  баламды аяйын да», – деп Сәлім кесімді шешімін үнемі қайталайтын. Бірақ сол уәдесінде тұра алмады. «Әне көшем, міне көшем» деп жүргенде, әлдебір кесел жабысып, еңсесін көтертпеді.

Байқайды, күннен күнге жүдеп барады. Онымен қоймай, көңілсіз сұлқ жатып алатынды шығарды. Әкесінің бұл күйін бала болса да  Шекер сезеді. Көкесі әзірге жүріп-тұра алады, ал төсек тартып жатып қалса не істемек?! Қалай күтіп-бақпақ? Сиыр сауып, бұзау қайырып, ас қамдап, үй сыпырып жүрсе де осы ой маза бермейді. Бар уайымы сол. Алда-жалда солай бола қалса,  алды артында қара тұтар ешкімі жоқтығы да жанын  жегідей жейді. Шешесі он төрт құрсақ көтеріп, ұл мен қызды төгіп-ақ тауыпты. Бірақ көзге көрініп, балпанақтай  болып өсіп келе жатқанда бәрі шетіней берген. Сонда ғой, Сәлім мен Бәтима мойындарына бұршақ байлап, елден безіп, көрінгеннің малын бағып қыр кезіп кететіні. Ақыры осы Шекері дүниеге келіп, өмірлеріне шуақ шашқан. Құдайдан бір, адамнан екі сұрап алған жалғызы он төртке толғанда Бәтима дүниеден озды. Сәлім болса жалғыз қызының тілеуін тілеп қала берді. Ара-тұра әйелінің басына құран оқуға барғанда Жаратқаннан: «Жанымды қинап, жалғызыма  бейнетімді көрсете көрме. Бар тілегім –  Шекерімнің басын қусырғанын көріп өлсем», – деп жалынып, жалбарынатын.

Шекер есті бала болып өсті. Айтқызбай істейді, қабақтан ұғады. Сәлім дертті болғалы тіпті үйдің бар шаруасын мойнына алған. Шекердің елгезектігіне жаны жадырағанмен, жабысқан кеселінен оңала қоймады. Ақыры ауру алып жықты. Төсек тартып жатып қалды. Құрдастары немерелеріне тай үйретіп, көкпар  тартып жүргенде өзінің осындай хәлге душар болғанына іштей күйзеледі. Байқайды, тамақтан да қалып барады. Ара-тұра: «Әй, кеселім осы жерде тұр-ау?!» деп көкірегін ұрғылап қояды.  Ал қызы болса:

– Тамақ тұрған жерде ауру тұрмайды, жеңізші көке, – деп барын әкесінің аузына тосып әлек.

– Әй, айналайын-ай, сол тамақты жесем, сосын ол мені жейді ғой, – дейтін де, баласының көңілі үшін аузына тамақты салғанмен нәрін сорып, шығарып тастайтын.

Бастапқыда Шекер  көкесін сыртқа сүйеп шығарып, әудем жерге апаратын да, дәрет сындырып алғанша үй айналып кететін. Сосын көкесінің: «Болды, жарығым» деп талып жететін дауысын естігенде жүгіріп келіп, қалт-құлт етіп уыстап ұстап тұрған шалбарын түймелеп, әкелі-балалы екеуі сол әудем жерден сүйретіліп үйге  әзер жететін.

Сәлім өзі бір атадан жалғыз. Әкесімен бірге туғандардан жалғыз қыз бар еді, ол Атырау жаққа күйеуге шыққан, бүгінде үйлі-баранды. Аталас ағайындары болса  кеңшардың орталығында тұрады. Жастары келіп, жүріп-тұрғандары қиындаған олардың да анда-санда сәлем айтқаны болмаса, ешкім ат ізін салмайды. Құрдастары деміл-деміл келіп тұрады. Бірде  молданы, бірде   ауыл фельдшерін, енді бірде емші-тәуіптерді әкелді. Әркім әртүрлі ем-дом жасап, дәрілер жазып берді. Бірақ бірінен шипа болмады. «Денесін суық алып қалған, қойдың құйрық майымен сылай бер, көкемарал ішкіз» деген соң да далбасалап әкесінің көңілі үшін айтқандарының бәрін жасады. Күннен күнге жүдей берді. Бара-бара жүруден қалды, түрегеп отырғанды да ауырсынатындай хәлде. Енді қайтпек керек?! Амалдың жоқтығынан  көрші отырған Әбіләкімді шақыртқан.

– Әй, Әбіләкім, қарағым… Мен төсек тартып, сорлап қалдым, сорлап… Қарғадай бала ғой, Шекерім ұл болса ешкімге жалынбас едім. Айналайын, көкем, мені ренжімей дәретке отырғызып тұрсаң деймін. Бірақ, еңбегіңді жемейміз, күзге қарай бір жабағы аларсың. Не дейін, менің бұл күнімді еш пендеге бермесін, – деген жалынғандай үнмен.

Әбіләкім келіскен сыңай білдіре бас изеді. Бастапқыда әкесі «Әбіләкімді шақыр» дегенде Шекер жүгіріп барып, көршіні ертіп келеді де, дайындап қойған шылапшынын қолына ұстата қояды. Артынша өзі апарып төгіп тастайды. Үш-төрт күннен кейін Әбіләкімнің аузы-басына ұшық қаптап, қызуы көтеріліп жатып қалды. Енді кімге барсын, кімге жалынсын.   Ешкімнің де келмесіне көзі жеткен қызы есіктен кіре:

– Көке, Әбіләкім аға қатты ауырып қалыпты, енді келмейді. Қайтеміз, кімге жалынамыз? Өзім көрейін де? – деп айтуын айтқанмен, өзін әзер ұстап тығылып тұрған Шекер жылап жіберген. Сөйтті де, әкесіне шылапшынды жақындатып еді, ол ат-тонын ала қашты.

–Жоқ, жарығым, күнім, тәттім, – деді жалынышты үнмен. – Өзіңді де, мені де қинамашы. Асарымды асадым, жасарымды жасадым. Менің жаным шешеңнен әулие деймісің. Туған балама әуретімді көрсеткенше өле қалайын. У берші, әйтпесе бір уыс ұйықтатын дәріңді әкелші. Имандай шыным, шұнақ құдайдың дәл осы қорлығына шыдай алмаспын, – деп  кемсеңдеп жылағанда, көз жасы бес тарамданып бетін жауып кетті. Содан әкелі-бала бірін бірі түсінгендей, құшақтасып ұзақ жылады. Бір кезде Шекер мұрнын бір тартты  да:

– Көке, мен көзімді жұмып тұрамын ғой, – дегені сол екен, екеуі қайта еңіреп қоя берді.

«Басқа түскен баспақшыл» деген. Сол жолы Шекер әзер дегенде әкесін кіші дәретке отырғызып, жандары тынған. Көзін жұмып, тістеніп жүріп бұл шаруаға да икемделіп алды. Иісі шығып кетпесін деп екі-үш күнде  жуындырып жүрді. Бір күні сиыр сауып үйге кірсе әкесі төсегінде тіктеліп отыр екен. Жүгіріп барып арқасына жастық берді. Ыңғайланып отырған соң әкесі сөз бастаған. Өзінің жалғыздығын, шешесі екеуінің басынан кешкен оқиғаларын баяндады. Шекердің бала күнгі қылықтарын айтып, күлісті. Сөз соңын қазіргі күйіне әкеліп тіреген.

– Менің беталысым нашар, балам. Оңалмайтын сыңайым бар. Ажал жарықтық, жас адамның артында жүрсе, ал жасы жер ортадан асып,   кәрілікке мойынсынған пенденің алдына шығып алады. Менікі сол алдыма түсіп, алды-артыма қаратпай дедектетіп жетелеп барады, білем. Егер олай-бұлай боп кетсем, ел бар, жұрт бар, әйтеуір жөнелтесіңдер ғой. Осы бастан айтайын, соншалықты шашылудың керегі жоқ. Жайлауда жүрген ала құнажынның өзі жетіп жатыр, жылқы сойып әуре болмаңдар. Тірі адамға тіршілік керек, алдағы өміріңе де азық қалсын. Жарайды, оны қойшы, бәрінен де сенің жағдайыңа алаңдаймын. Мен айтатын сөз бе еді?.. Шешең тірі болғанда өзі-ақ жайғастырар еді, амалсыз тілімнің тиегін ағытып отырмын. Оған бола мені сөге жамандама. Сенің кішкене кезіңде, еліктің лағындай секіріп ойнап жүргеніңде, ойым арыға кетіп: «Е, Жаратқан ием, мына пендеңді  шын жаратқан болсаң, сенің бар екенін рас болса, маған баламның басын қусырып, адам болғанын көргенше өмір бере гөр», – деп тілек тілеуші едім. Шешеңнің көзі тірісінде көрші отырған Жақсыбай ортаншы ұлына айттырып келгенде де, іштей осы тілекті айтқанмын. «Балалар өздері біледі ғой, қызымыз жас, өссін» дегенімізге қарамай ту биесін есігіміздің алдына байлап кетіп еді. Енді байқаймын, сен мектеп бітіріп бойжеттің, ол  ержетті. Баланы әскерден келді деп естимін. Қақ-соқпен ісі жоқ, біртоға жақсы жігіт секілді. Қанша өмірім қалды дейсің. Маған қарама, ризашылығымды беремін. Сол баланың етегінен ұстап, батамды алсаңдар қалай?! – деді ентігіп.

Шекер әкесінің сөзіне қапелімде не деп жауап қайтарарын білмеді. Екі беті дуылдап отырып қалған. Кешкісін төсекке жатқанда да осы ойдың шырмауына шырмалып, ұйықтай алмады. Рас, марқұм Жақсыбай ағамен бұрын көрші тұрды. Олар  кеңшардың еркек тоқтысын бақты. Үлкен жамбас жайлауын мекендеген екі үй тату-тәтті тұрды. Малы аралас, үлкендері жегжат, балалары дос болып кеткен. Сонда  ғой Жақсыбай марқұм: «Сәке, сендей адаммен құда болсам, арманым жоқ, қызыңды маған бер» деп қалжыңдайтын. Әзілі шығар деп бастапқыда мән бермеген. Бір күні әйелі Күлдәріні ертіп келіп, ту биесін босағаға байлап кетіпті. Үлкендер арасындағы осындай уағданы бала Шекер естімесе де сезген, екі-үш күн Ілияспен ойнауға ұялып та жүрді. Кейінгі бір-екі жыл жайлауға шыққанда  қыз емес пе, қылмыңдап қылық шығарып, еркелеп қоятын. Бірде: «Ілияс десе, егер қазір мына жотаның ар жағынан ай мен күндей хас сұлу  қыз шыға келсе, қайтер едің?» – деген әзілдегенсіп. Сонда олар  он үш-он бес жастағы балалар ғой.

– Не істеймін, үндемей қолынан жетектеп аламын да, мына жартастың арғы бетіне  асырып жіберемін де, саған қайтып келемін, – деді Ілияс.

– Неге?

– Өйткені, сен… сен… – деп тұрды да ары қарай айта алмай жерге қараған. Айтпаса да ойын анық білген Шекер: «Апам, іздеп жатқан шығар» деп үйге жүгіре жөнелген. Одан беріде де Ілияспен сөйлесіп жүрді. Мектепте екі сынып жоғары оқыды. Үнемі сырттай қамқор болып, қорғаштап жүретінін байқайтын. Сезімін білдіріп сөз айтпаса да, бір-біріне ата жолымен байланғанын екеуі де білетін. Құрбы-құрдастары екеуін сырттай қосып, мазақтап күлетін.

Ілияс мектеп бітірген жылы Жақсыбай аға қайтыс болды. Әкесінің асын берген соң әскерге кетті. Хат жазысып тұрды. Осы хаттар ғана екеуінің арасындағы махаббат сезімін бекемдей түсті. Бір-бірін сағынатынын, сүйетінін сезді. Енді, міне, әкесі төсек тартып жатқан уақта Ілияс әскери міндетін өтеп қайтты. Түнеукүні келіп кеткен. Еркелей мойнына асылуға дәті шыдамады. «Әкемнің жағдайын көріп тұрсың ғой, елден ұят, көп келе бермеші» деп шығарып салған.

Әкесі Ілияс туралы шешіліп әңгіме айтқалы бері оны бұрынғыдан да етжақын тартатын сияқты. Бір жағынан амалы да қалмай бара жатқандай. Дәл қазір өзіне сүйеу, тіреу болатын  жақын адамның керек екенін жақсы түсінді. Әкесіне тықыр таянғанын жүрегі құрғыр сезетіндей. «Қой, сол ұятты қоя тұрып, әкемнің айтқан уәжіне тоқтайын. Менің үй болғанымды көргісі келеді екен, ендеше неге арманын орындамасқа» деп бекінді. Осы тоқтамға келгенін күтіп жатқандай таңға жуық көзі ілініп, тәтті ұйқыға бас қойды.

Ертеңіне сиыр сауып, ас-суды қамдаған соң ауылға тартқан. Біреу боп барып, екеу боп келді. Қасында Ілияс. Екеуі үйге кіргенде  Сәлім өз өзімен  сөйлесіп жатыр еді. Олар ойын бөлгісі келмегендей, сәл кідіріп тоқтады. Әкесі болса құдды біреуге арыз айтып жатқандай екпіндеп кеткен.

– Әй, Күлдариға! Саған «Мың нәлет! Мың нәлет!» Естідің бе? – деді дауысын кенеп.

Шекер әкесінің жаны қиналып, сандырақтап жатыр ма деп, жанына жетіп барды да: «Көке, бір нәрсе болып қалды ма?» – деді жөпелдемелетіп. Ал әкесі болса аспай-саспай басын бұрды да, Шекердің артында тұрған Ілиясты көріп: «Келдің бе?» дегендей ишара білдіріп, көзі күлімдеп басын изеді.

– Не болды балам, көзің шадырайып кетіпті. Ештеңе болған жоқ. Әкеңде ақыл болмаса да, әзірге аздап ес бар. Ә-ә,  Ілияс балам келген екен ғой, екеуің де бері жақындаңдар, – деді де, жастығын жоғары қойдырып, жайланып жатты.

– Бұл неғылған «нәлет» деп жатқан боларсыңдар. Екеуің де тыңдаңдар,  бала емессіңдер, естеріңде жүрсін. Ілияс сен де бөтен емессің. Осы бір оқиға неше жылдан жанымды жеген ішімдегі жегі құртым еді, бүгін ғана соны сыртқа шығарып айтып қалдым. Шекер сен есепке жүйріксің ғой, есептеп отыр, – деді  күш жинап алғандай сергек. Сөйтті де, әңгімесін жайлап бастады.

– Құдай маған ұл бермеді деп асылық жасамайын. Шекерім қыз да болса үш атаның орнына жүретін жолы бар. Балаларымыз шетіней берді. Құдайдың құдіреті-ай, қатарынан екі балам өліп, біреуін есіктен, біреуін терезеден шығарған күн де туды ғой. Сонда: «Әкем-айлап  жылайтын бала жоқ, ботам-айлап қашанғы аңыратып қоясың?» – деп  жүргенде, біздің көз жасымызға  осы Шекерімді берді. Құдайдың онысына мың да бір  шүкір. Сонда ғой шешесі байғұс: «Е, құдіреті күшті Құдай,  сенің бар екенің рас болса, бұрын туғанды бұрын алып, есебіңді солай түгендесеңші» деп зар қағатын.  Шешесінің сол сөзін естіп қойды ма, Шекерді қалдырып, жаны сол қыздың үстінде жүрген  Бәтимамды алды да кетті. Жалғыздықтың дәмін біздің әулет бір адамдай  татты-ақ. Болмаса ағайын-туғаным көп  болса, құдай күнімді көрші Әбіләкімге қаратып несі бар?! «Тұқымың тұздай құрысын» деген сөзге онша мән бермеуші едім. Сол біздің тұқымымызды құртқандардың бірі –  марқұм Шынәпия апаң. Ол кісіні кішкене кездеріңде көрдіңдер, – деді қоңыр дауыспен  Шекерге  жәймен көз тастап. Шекер болса  басын изеп қойды.  – Ендеше, сол апаңа да «мың нәлет!», –деп қойып қалды.

«Нәлет» деген сөздің мағынасын  білгенімен оның адамға қаратыла айтылғанын естіп көрмеген Шекер, басын шалт тіктеп көтерді де, көзі шарасынан шыға «неге?», «не үшін?» дегендей  иегін көтеріп, ишара білдірді.

– Себебі, сол апаң бәйбішелігін пайдаланып, өзі бала көтермегенімен қоймай, тоқалға күн көрсетпеді. Күнде тоқалдың төсегіне шәй төгіп қойып, күйеуіне «анауың тағы астына жіберіп қойыпты» деп шыжың атандырып, ақыры ішіндегі баласымен төркініне апартып тастатты. Естуімізше, ұл тапса керек, кейін ол баланы шетінеп кетіпті деп естідік. Сол жасаған күндестігі үшін оған мың нәлет!  Хош деп қой.

Ал марқұм Күлпаран апаңнан бар «нәлетті» алып тастап, «мың рахмет» жаудырамын. Қалай дейсіңдер ғой? Өзі бала көтермеген соң сіңлісін  Құлтілеуге қосып, қазір  көріп отырсың, қыз да болса ұрпақ қалды. Бүгінде Атырауда тұрады, менің науқастанып жатқанымды білмейді ғой, естісе бір келіп кетер еді, қарағым. Оны да хош делік. Ал ана сенің жақсы көрген марқұм Нұрбүбіш апаңа екі мың нәлет! – дегенде Шекер орнынан қалай ұшып тұрғанын байқамай:

– Көке, мұныңыз тіпті қиянат қой. Бала тумады  дегеніңіз болмаса, өте  жақсы адам еді  ғой. Бүкіл ауылдың алғысын алмады ма. Әлде сіздің алдыңыздан қия өткен жері болды ма? Ал кісілігін, адамгершілігін неге өлшемейсіз? Ол апамнан ең болмаса «мың нәлетін» алып тастаңыз…

Сәлімнің ашуланғаны бетіне шығып, тұтыққаннан дауысы  әзер шықты.

– Ол қатын ба, өзінің бала тумағанымен қоймай, сол тым ақылдылығына, көркіне сеніп, екі рет құда түсіп айттырып әкелген қызды тоқалдыққа алдырмай, ақырында бүкіл бір атаның тұқымын тұздай құртты. Оның бір емес, жарты «нәлетін» де алмаймын, – деді де,  сол  ашулы қалпымен біраз жатты. Артынша өзіне өзі келіп дауысын бәсеңдетіп, әңгімесін жалғады.

– Естеріңде болсын,  қарақтарым, қазақ  «жырақтықтан құтқарса – атың мұра, жалғыздықтан құтқарса – қатын мұра» деген. Кейде ақылы асқан, мықты әйелдер осындай әрекетке барып, қаншама өшейін деп отырған әулеттің шамын жаққан. Ал сенің жақсы көретін Нұрбүбіш апаң соған жарамады…

Шекер үндемей қалды. Бірақ, үнсіздікті Сәлімнің өзі бұзды.

­– Ілияс қарағым, біздің жағдайдың жай-жапсарын байқап тұрсың. Марқұм әкең екеуіміз Қоңыртөбенің ен жайлауында көрші отырып, сендердің тату-тәтті ойындарыңды көріп қызығып, ырымдап бір жақсы тілек тілеген едік.  Мен болсам енді, ана дүниенің адамымын. Бар тілегім, арманым – Шекерімнің  бас қусырғанын  көрсем деуші едім. Сенің де Шекеріме деген көңіліңді білемін, көзімнің тірісінде… Қарағым, қолыңды қақпаймын… Батамды берейін… Кеше жаман түс көрдім, бес күндік өмірім қалды білем.    Шеше орнындағы шешең ғой, жеңгең мен ағаңа айтып түсіндірерсің. Әйтпесе, ана дүниеге  «Шекерді жалғыз қалдырдым» деп Бәтимаға қай бетіммен барамын.

Сәлім соңғы сөзін кемсеңдей айтты да, қолын бұлғап «екеуің бермен қараңдар» дегендей ишара білдірді. Сосын маңдайларынан иіскеді де,   қолдарын бір-біріне жәймен айқастыра қойды.

Ілияс өзі айтар сөзді Сәлім ағасынан естігеніне біртүрлі ыңғайсызданып қалды. Бірақ, оған Шекер кінәлі. Үйлену туралы айтқанда әкесінің ауырып жатқанын сылтау етіп, тіпті, бір көруге зар етті емес пе. Болмаса Ілияс осы көктемде болашақ атасының алдына бөркін тастап: «Шекерді енді маған сеніп тапсырып, аманаттаңыз» деп айтуға дайындалып-ақ жүрген.

… Көп ұзамай елге дабыра қылмай Сәлімнің үйіне екі-үш адам құда түсуге келді. Ертесіне түске дейін келіннің бетін  ашып, өлтірісін көрші-қолаңға таратқан соң-ақ, екі балаға  аталарының үйіне барып тұруға рұқсат берді.  Қол ұстасып Шекер мен Ілияс кіріп келгенде суалған жағы дірілдеп, шығыңқы иегі кемсеңдеп қоя берсін.

–   Құдай алдарыңнан жарылқасын. Ілияс айналайын, сен ер азаматсың ғой.  Шекерім сенің қадіріңе жетеді, сағыңды да сындыра қоймас. Тіфәй-тіфәй, өсіп-өніңдер, бірақ құдайдың берген баласын көп көрмеңдерші…

Шекер көңілінің босағанын білдіргісі келмегендей әкесінің көрпесін жауып, аяғын қымтап қойды. Құдай аузына салды ма, сол жатқаннан Сәлім, тіпті нашарлап кетті. Үлкендер «дүниеден жақсы адам әруақ болып азып, тазаланып өтеді» деп жатушы еді.  Жан адамға жаманшылығы жоқ,  сынық  мінезді, аз сөйлесе де саз сөйлеп жұртты аузына қарататын абыз адам ажалды да сол сабырлы қалпымен қарсы алды. Ақыл-естен айрылмады,   сөйлеп жатты.

– Ал, қарақтарым, мен сендерге екі дүниеде де ризамын. Шешелерің екеуіміз ана  жақта жатсақ та  жебеп-желеп жүрерміз. Баламның бас қусырғанын көрсем деуші  едім, арманыма жеттім. Енді алатын Құдай ала берсін. Бірақ, пенде екенмін, енді немеремді сүйіп кетсем ғой деген ой қылаң беріп,    қысқа  тілеу тілегеніме күйініп отырғаным. Өкінішім, әрі мына дүниеден бір  түйіп кетіп бара жатқаным – адам тілеуді ұзағырақ тілегені дұрыс екен. Бірақ, мен Құдайдың осынысына да разымын. Ілиясжан, көкем, Шекерді  өзіңе тапсырдым, ана дүниеде де  сенің қолыңнан алатын болайын, – деді де   иегін бір қағып, жүріп  кете барды…

Айда аяқ, жылда жілік жоқ деген. Жылдар жылжып өте берді. Бірақ қас қылғандай Шекерді  бір перзентке зар етіп қоймасы бар ма. Еркек емес пе,  күйеуі анда-санда ішіп алғанда емеурін танытып, елдің баласы жайлы әңгіме айтатынды шығарған.

Ал ол өзінің жүкті бола алмай жүргенін баяғыда  зәресі қалмай қорқып, шошынғанынан көреді. Кешкісін көршінің үйіне бір зат сұрап бара қояйын деп көшеден өтіп, арықтан аттай бергенде  көк төбет артынан білдірмей «арс» ете түскенінде, бар дауысымен шыңғырып құлайды. Ертесіне төсектен тұрса үстінен қызыл жүріпті. Ол кезде бойына бала біткенін тіптен білмеген. Ал құлағаны, ауырып жүргені  жайында ешкімге айтып, тіс жармайды.  Содан  бір айға дейін там-тұмдап қызыл үзілмей, ес-түссіз, құлап түскенге дейін жүре берген. Сонда  ғана абысыны ауруханаға апарды. Ондағылар Шекер екі айлық түсік тастап, артынан тазаланбағандықтан қан кете беріп, жатыры іріңдеп қанға кеткен деген диагноз қояды. Содан дереу операция жасап, жатырды түгелімен алып тастайды. Бұл жағдайды жеңгесі ғана білетін. Шекердің өзіне де айтпаған.Дәрігер «мұндай жағдайда бізге өтірік айтуға болмайды» деп, ат тонын ала қашқанмен, тиын-тебенін беріп, зорға   көндіріп, «жатырдың бір түтікшесін алдық,екіншісімен де  бала көтеруге болады»  деп  үміттендіріп қойды.

Бір айналдырған ауру шыр айналдырмай қойған ба?! Ақыры небәрі  32 жасқа  толғанда әлгі қанға кеткен дерт жаман ауруға айналды. Алматыдағы онкологиялық орталыққа келіп төрт рет химия терапия алды. Шашы түсіп,  жағдайы күрт төмендей берді. Ілияс та қолынан келер бар амал-шарғыны жасады.  Бірақ дәрігерлер бесінші химия терапияны Шекердің денсаулығы мүлдем көтермейтінін, енді бұл ауруханаға әкелудің қажеті жоқтығын,  санаулы өмірі қалғанын айтып шығарып салған.

Есті адам ауруының қаншалықты дертті екенін  сезеді ғой. Шекер болса, Ілиястың қабағы мен үйдегілердің күбір-сүбір әңгімесінен бәрін байқап, істің насырға шапқанын сезеді. Бірде  екеуінің оңаша қалғанын пайдаланып, жанын жегідей жеген ойының шетін шығарды.

– Есіңде ме, Ілияс, – деді Шекер ақырын сөз бастап. – Әкем ауырып жатқанда, сені шақырып келгенім… Сонда жарықтық әкем жатып алып, тұқымын түгендеп, бір сұмдық әңгіме айтты емес пе?! Сол Нұрбүбіш,  Шынәпия апаларымның кейіпін енді мен киіп отырмын. Егер әкей тірі болса, маған да «нәлет» айтар ма еді?  Бәлкім, әке жүрегі қызының бедеу болып қалатынын сезіп, ескерткені ме екен? Кім білсін… Сонда марқұм өліп, сүйегі қурап кеткен жеңгелерінің атына ауыр сөздер айтты емес пе? Асылы, қазақта қайтыс болған адамның артынан жаман сөз айтпайды деп жататын еді. Әйел ретінде әкемнің асылық сөйлеп жатқанын біліп: «көкемнің өзінде де қыз бар ғой, мұнысы қалай?» деп сескеніп қалғанмын. Қай әйел дүниеге төмен етекті болып  келген соң, пұшпағы қанап, бала  туып, ұрпақ жалғастыруды  ойламайды дейсің. Құдай бермесе, ол байғұстар қайтсін?! Әй, әруағың жар болғыр көкем-ай… Ілияс, кейін сендерде маған «нәлет», «лағнет» айтасыңдар ғой, ә…

Бұл әңгімеден кейін Ілияс Шекердің  қолын  ұстап, уқалай бергені болмаса,  жөпелдемеде қандай жауап қайтарарын білмей абдырап қалды.  Не  әйелінің ойына ой қоспады, не жұбататын сөз айта қоймады. Өйткені, Шекердің айтып отырған шыңғырған шындығының алдында ол да дәрменсіз еді. Біраз уақыт үнсіздіктен кейін ғана  тіл қатты.

– Шекетай, сен не айтып тұрсың?! Сенен кім бала сұрады? Ең бастысы, мен сені өлердей жақсы көремін. Алла Тағала перзент бермесе, басқа жолдары көп қой. Тіпті болмаса жетімдер үйінен бала асырап аламыз. Кім айтты саған, бауырыңа басқан бала өзекке тебеді деп…

– Жә, қойшы болмайтын әңгімені айтып, – деді де  бетін теріс бұрып алды. Сосын жәймен күйеуінің бетіне тура қарады да: – Көптен жанымды жегідей жеген бір ой бар еді. Саған айтсам ба, айтпасам ба деп көп ойландым. Бірақ, айтуға бел байладым. Өйткені, сенен жақсылықты көп көрдім. Менің қас-қабағыма қарадың. «Бала тумадың» деп бір рет болса да бетіме баспадың. Рахмет, саған. Ол мына әңгіме еді. Баласы жоқ ерлі-зайыптылардың қайсысы бірінші қайтыс болса – сол бақытты. Өйткені, сен мені арулап көміп, марқұмға жасалатын құрметті жасайсың. Сол реттен келгенде, мен – бақытты болып кетіп барамын. Ал сенің жағдайың қалай болады? Сені кім көмеді? Кімге сенесің? Сондықтан мен қайтқан соң, асыма да қарама, төсек жаңғырт. Мен саған ризамын.Тек жалғыз қала көрме!..

Ілияс үн-түнсіз басын көтерместен отырып қалды. Бірдеңе дем айтқысы келіп ышқынып еді, Шекер әлсіз қолымен күйеуінің аузын жаба қойды. Сәлден кейін басын изеп, «болды» дегендей ишара білдірді.

Бұл  оқиғадан кейін Шекер ауырып көп жатпады. Бақилыққа кетер  күні дене қызуы көтеріліп, жаны қиналып, аласұрып жатқанда аузына түскен сөзі «нәлет» болды. Тіпті, иман суын беруге молда келгенде де «нәлет…», «маған мың нәлет…», «жоқ, миллион нәлет…» деп күбірлеп сөйлеп жатты.

– Қарағым, Шекер-ау, аузыңа басқа сөз түспеді ме? Ең болмаса тіліңді кәлимаға келтіріп, «Ля  иллаха иллаллах, Мұхаммадун расул аллах» десеңші, айналайын» деген сөзіне құлақ аспады. Қасында отырғандар: «Айналайын-ай… Сандырақтап жатқаны ғой…» деп қойса, ол сөздің түп-төркінін түсінген Ілиястың ғана іші қан жылап тұрды. Бір кезде Шекердің ол сөзді де айтуға  шамасы келмей «н-ә…», «н-ә-ә-ле…», «н-ә-ә…» деп  барып,  соңғы демі үзілді…

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ

«Қазақ» газеті,  21 қаңтар  2011 жыл

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Таңбалар: ІлияссүйіспеншілікШекер

Ұқсас мақалалар

Мақала жоқ

КӨП ҚАРАЛҒАНЫ

  • Өмірдің өрінен тағы бір жайсаң, жақсы жан өтті

    Өмірдің өрінен тағы бір жайсаң, жақсы жан өтті

  • Аида Балаева: Біз «Қазақфильмнен» айырылып қала жаздадық

  • Алашқа аты аян айтулы ақын Елубай Әуезов ақтық сапарға аттанды

  • «Көршінің қызы» керемет еді (видео)

  • Мемлекет басшысы Үкімет құрамында бірқатар өзгерістер болатынын мойындады

  • Путиннің кедейлерге арналған соғысы байларды байыта түседі

  • Денсаулық министрі жеке азаматтарды қабылдап, мәселелерін шешуге ықпал етті

RAST.kz

Ақпараттық-танымдық, қоғамдық-саяси, ғылыми-көпшілік порталы

Сайт Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде 23.01.2020 ж. тіркеліп, №KZ56VPY00019585 куәлігін алған.

Құрылтайшы:
«Даларус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Яндекс.Метрика

© 2026, Барлық құқықтар сақталған.

  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
HTML Weather widget for website by meteolabs.kz

USD USD 457.99 ₸
EUR EUR 534.15 ₸
RUB RUB 5.47 ₸

© 2026, Барлық құқықтар сақталған.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Құпия сөзді қалпына келтіру үшін пайдаланушы атыңызды немесе электрондық пошта мекенжайыңызды енгізіңіз.

Кіру

Add New Playlist