25 Тамыз, 23:08
RAST.kz
USD USD 458.48 ₸
EUR EUR 534.68 ₸
RUB RUB 5.43 ₸
Погода в Астане
Погода
Погода в Астане на 2 недели
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
RAST.kz
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
RAST.kz
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету

Молжанова: Ұлттық құндылықтарды сақтау үрдісі – ұлағатты іс

СҰХБАТ САНДЫҒЫ

21 Сәуір 2026 13:42
- Жаңалықтар, Қайнар
Молжанова: Ұлттық құндылықтарды сақтау үрдісі – ұлағатты іс
Facebook-те бөлісу Twitter-де бөлісу

Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Анаға тағзым» орталығының ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда, қоғамдағы әйелдер еңбегін дәріптеуде, туған тілге деген құрметті арттыруда, көненің көзін сақтап қалуды жалғастыруда атқарып келе жатқан қызметі ұшан-теңіз. Құрылғанын үш жыл болған әлеуетті ұжымның осыншалықты кең ауқымда жұмыс істеп келе жатқаны елді еріксіз сүйсінтеді. Біздің орталық басшысы Алтынай Молжановамен жүргізген сұхбатымыз осы мәселелердің бірқатарын қамтып өтеді.

– Алтынай Бекмағамбетқызы, әңгімемізді сіз құрылғалы бері басқарып келе жатқан «Анаға тағзым» орталығының тарихынан бастасақ…

– «Анаға тағзым» бірегей жобасы белгілі мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен 2018 жылы Ақтөбе, 2021 жылы Тараз қалаларында бой көтерген. Дәстүрлі мәдениетті жаңғыртып, әйелдер еңбегін дәріптеу және өнегелеуді діттеген осы өміршең идеяны содан кейін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жалғастырды. Оны аймақ кәсіпкер-меценаты, «Парасат» орденінің иегері Марат Дүйсенбаев қолдап әкетті. Соның нәтижесінде 2023 жылы елімізде орталықтың үшінші нысаны Сыр өңірінде салтанатты түрде ашылып, көпшілікке есігін айқара ашты.

Мәдени нысанның негізгі миссиясы – Сыр бойы аналарына, ақ жаулықты әжелерімізге құрмет көрсету және ұлттық тәрбиені заманауи үлгіде жаңғырту. Біздің кешен – тек ғимарат емес, ұлттық нақыш пен креативті индустрия ұштасқан ерекше руханият мекені.

 – Орталықтың іргесін қалап, шаңырағын көтеру миссиясын өзіңіз атқардыңыз. Сіз үшін оның мүлде жаңаша құрылым болғаны аян. Оны бүгінгі күнге дейін жеткізу үшін орасан зор күш-жігер мен білім-білік керек болған шығар?

– Орталықтың қабырғасы қаланған сәттен бастап, біз дайын шаблонмен емес, шығармашылыққа негізделген соны соқпақпен жүрдік. Әр бөлмеге жан бітіріп, мазмұнын қалыптастыруда қызметкерлердің кәсібилігімен қатар, олардың жүрегіндегі мейірім мен адамгершілік парасатына басымдық бердік. Біздің мұндағы басты міндетіміз тағдыры тауқыметті жанды да, ақыл сұраған жасты да жайдары жүзбен қарсы алып, сенім ұялату болып отыр.

– Бізге орталықтың ұлттық құндылықтарды насихаттауды, оларды келесі ұрпаққа мирас етіп қалдыруды, дәстүрлі мәдениетті жаңғыртуды, сондай-ақ әйелдер еңбегін дәріптеу мен өнегеге айналдыруды басты мақсат етіп алға қойып отырғаны айрықша ұнайды. Осы бағытта үш жылдың ішінде атқарылған негізгі іргелі жұмыстарға шолу жасап көрсек.

– Осы уақыт ішінде 60 мыңға жуық адамға қызмет көрсеттік. Біздің ең үлкен жетістігіміз – ұрпақтар сабақтастығын орната алғанымыз. Аймақ аналарына арналған «ашық есік» күні, орталық базасындағы түрлі шеберлік сағаттары, парасаттылық дәрістері мен психологиялық тренингтер, квест ойындары отбасы мүшелерінің өзара татулығы мен ынтымақтастығына ықпал етіп келеді. «Ойтөбе» отбасылық зияткерлік квест ойыны, «Құймақұлақ» ұлттық құндылықтар әліппесі, «Ұлықты әйел – ұлт ұйтқысы» атты «ашық есік» күндері, мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған «Даму LIFT» кешенді жобасы, 15 жаңа бесік жырының жарыққа шығуына ықпал еткен «Әлди-Ана» республикалық онлайн байқауы – төл құндылықтарымызды дәріптеуді көздеген тағылымды жобаларымыздың қатарында.

«Жұмысшы мамандықтар» жылында орталық бастамасымен «Гүлдей нәзік, болаттай берік» тақырыбымен облыстық жұмысшы арулар фестивалі өтті. Еңбек адамдарының адал еңбегі мен жетістігін дәріптеу, қоғамдағы рөлін көрсетуді діттеген жоба аясында аймақтағы 7 ауданды аралап, механизатор, түйеші, краншы, тігінші, аспаз, тазалықшы, технолог, қоймашы сияқты түрлі саладағы 70-ден аса жұмысшы аруға құрмет көрсеттік, адал еңбекті өскелең буынға өнегеледік.

«Анаға тағзым» – кәсіпкер мен тұтынушы арасындағы алтын көпір. Әйелдердің өз кәсіптері арқылы өнімдерін коммерциялауға қолдау көрсету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, орталық қызмет бағытының бір бөлігін креативті индустрияға бейімдеген. Қос тарапқа да тиімді мүмкіндік, ыңғайлы орта ұсынған игі бастамалардың бірі – «Брендке бір қадам» сауда көрмесі. Аймағымызда креативті кәсіпкерлердің кластерін қалыптастыруды діттеген жаңа жобаның алғашқы айында 18 қала кәсіпкері өз қолымен жасаған туындыларын орталық базасында тегін жарналамалауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, қаржылық сауаттылық, бизнесті бастау және дамыту, кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шаралары секілді өңірімізге белгілі бизнес спикерлердің ақпараттық-танымдық семинар-тренингтеріне қатысты.

Дәл осы «BRENDKE BIR QADAM» атауымен аймақта алғаш рет Сыр өңіріндегі креативті индустрияны дамытуға үлес қосу мақсатында республикалық форум да өткіздік. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің креативті индустриялар департаментінің басшысы Гүлісхан Нахбаеваның қатысуымен өткен шарада өңір кәсіпкерлерін қолдау тақырыбы басты назарға алынды.

Креативті индустрия бағыты бойынша тағы бір ерекше жобамыз –«Creative Caravan» облыстық креатив көрмесі. Бір айға созылған жылжымалы алаң аясында қолданбалы өнер шеберлерінің бұйымдар көрмесі, маркетинг бойынша тренингтер, кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жайлы кәсіби кеңестер және фотосессиялар өткізілді. Жалпы, 7 аудан және қала бойынша 150-ге жуық кәсіпкер жеке бренд қалыптастыру, өз өнімін әлеуметтік желіде сауатты жарнамалау, салық әліппесін меңгеру бойынша тренингтерге қатысты. Ең бастысы, «Creative Caravan» жобасы «Qyzylorda» телеарнасының «Жыл таңдауы – 2025» телевизиялық байқауында «Жыл креативі» номинациясын жеңіп алды! Бұл – біздің еңбегімізге берілген ең жоғары баға.

«Анаға тағзым» – кәсіпкерлердің бренд қалыптастыруына қолдау көрсетумен қатар, өзінің де брендтік өнімдерін шығарып жүрген креативті орталық. Біздің өз гимніміз, «Өмір иірімдері» атты төл тұмарымыз және ақпараттық журналымыз жарық көрді. Былтыр ғана авторлық әрі эксклюзивті «Анаға тағзым collection» топтамамызды көпшілік назарына ұсындық. Өткеннің терең даналығы мен этно-рухты бүгінгі нәзік минимализммен тоғыстырған бірегей туынды жеті образдан тұрады. Топтаманың басты ерекшелігі – әрбір киім үлгісінің дәстүрлі әшекей-моншақсыз, ою-өрнексіз, тек кенеп жіпті өру, ширату әдістері және «Шексіздік» мағынасын білдіретін геометриялық кескіндер мен құрақ тәсілдері арқылы безендірілуінде. Бұл көркем шешімдер әйел затының өмір жолын сипаттайтын жеті түрлі бейненің ішкі мазмұнын аша түседі. Олардың қатарында «Балауса», «Керім», «Алтын құрсақ», «Ақ жеңге», «Бегім», «Бибі Ана», «Ақ үрпек ана» секілді клубтар бар. Бұлардың әрқайсысы біздің ортақ мақсатымызды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарымызды әр қырынан жүргізеді.

– Орталық жұмысына қариялардың атсалысу белсенділігі қандай?

– Өте жақсы. Соның ішінде әңгімені «Мирас» әжелер клубынан бастағым келеді. Ол – біздің орталықтың алтын діңгегі. Мұнда өмір көрген данагөй аналарымыз жас келіндерге, бойжеткендерге ұлттық қолөнер мен салт-дәстүрді үйретеді. Олар – тек кеңесші емес, орталықтың рухани қозғаушы күші. Әжелердің ақылы – біз үшін сарқылмас қазына. Осы тұста орталық жанынан құрылған «Мирас» әжелер ансамблін ерекше атап өтемін. Ұстаз, дәрігер, психолог секілді түрлі салада қызмет еткен зейнеткерлер осыдан екі жыл бұрын ерікті түрде ансамбль құрып, бүгінде түрлі мәдени шараларымыздың сәнін келтіріп жүр. Қоржынында 20-дан аса әні бар өнерлі әжелер жеке де, топпен де ән шырқап, көрермен көңілін тербеп келеді. Бұл біздің орталықтың балауса қыз баладан ақ жаулықты әжеге дейін бас қосатын тал бесік тәрбие мектебі екенін тағы бір мәрте айғақтай түскендей.

– Орталықтың базасы өте жақсы. Онда бірнеше атаулы клуб жұмыс істейді екен. Бір-бірлерін толықтырып тұратын болғанымен, миссиялары әр қилы. Олардың қызметтерін қалай үйлестіріп отырасыздар?

– Біздегі клубтардың миссиясы әртүрлі болғанымен, мақсаты бір – ұлттық тәрбиені өскелең буын бойына сіңіруге үлес қосу. Орталық базасында қыз-келіншектер талғамы мен қызығушылығына қарай «Береке» аспаздық студиясы, «Мирас» әжелер клубы, «Бойтұмар» қыздар клубы, «Ана тілі»       клубы, «Жас отау» жас отбасылар клубына тұрақты мүше болып, кәсіби мамандардың инсайтқа толы шеберлік сағаттарына қатысып келеді. Сондай-ақ, психолог-медиатор кабинетінде тұрақты түрде консультациялар мен тренингтер ұйымдастырылып, әйел-аналар өздерін мазалаған сауалдарға кәсіби кеңес алып жүр. Ал «Шамшырақ» фото-бейне студиясы – орталықтың көзі, құлағы һәм тілі. «Анаға тағзымдағы» әрбір шараны әлеуметтік желіде ақпараттандырып, орталықтың төл өнімдерін, пайдалы подкасттар мен танымды сұхбаттар, әлеуметтік бейнероликтер, арнайы рубрикаларды  көпшілікке ұсынып келеді.

Қысқаша айтсақ, «Бойтұмар» қыздар клубында қыз бала әдебін тілге тиек етсек, «Жас отауда» шаңырақ шаттығының қыр-сырын талдаймыз, ал «Береке» аспаздық студиясында ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдарды үйретеміз. Бұл жүйе адам өмірінің кезеңдері сияқты бірін-бірі толықтырады: бойжеткеннен келінге, келіннен анаға, анадан дана әжеге дейінгі жауапкершілігі мол жолды қамтимыз.

– Алтынай Бекмағамбетқызы, былайша жай барлау жасап қарағанның өзінде «Анаға тағзым» орталығының атқаратын қызметінің орасан зор екенін байқауға болады. Осы қиындықтардан қажыған кезіңіз кездескен жоқ па? Сыр бойының халқы бұған дейін сізді рейтингісі жоғары өзіндік бағдарламасы бар, есімі республикаға танымал тележурналист ретінде жақсы білетін еді. Мұның алдындағы бүкіл саналы ғұмырыңызды арнаған сол сала жұмысын сағынбайсыз ба?

– Журналистика – менің тағдырым, қанымда бар қасиет. Иә, эфирді, түсірілім алаңын сағынатын сәттер болады. Бірақ қазіргі қызметімді де сол журналистиканың логикалық жалғасы деп білемін. Мұнда да мен түрлі тағдырлармен жұмыс істеймін, қоғамдық мәселелерді шешуге атсалысамын. Қажыған кездерімде келушілердің алғысы мен жас қыздардың көзіндегі от маған жігер береді. Мұндағы басшылық та зор шығармашылық серпін мен тың ізденістерді керек етеді.

– Қызылорда облысында келген бір сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орталыққа арнайы ат басын тіреді. Одан алынған әсер қандай және қандай тапсырламар мен ұсыныстар берілді?

– Иә, рас, 2023 жылдың қазан айында Сыр өңіріндегі іс-сапары аясында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ арулары мен аналарының рухани шаңырағына арнайы аялдады. Ана мен баланы қолдау, отбасылық құндылықтарды нығайту мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өткен Мемлекет басшысы жаңа нысанның жауапты әрі салмақты қызметіне ризашылығын білдіріп, оң бағасын берді. Бұл бізге үлкен серпін мен жауапкершілік жүктеді. Көп ұзамай, 2024 жылдың наурызында, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Мемлекет басшысы біздің орталыққа 22 орындық автобусты сыйға тартты. Қазіргі таңда бұл көлік аудандарды аралап, түрлі форматтағы іс-шаралар мен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр.

Айта кету керек, Президент былтыр да Сыр өңіріне арнайы келіп, Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық даму динамикасымен танысты. Осы іссапар барысында маған Сыр өңіріндегі рухани-мәдени бастамаларды таныстыру мүмкіндігі берілді. Мемлекет басшысы аймақтағы мәдениет саласында атқарылған жұмыстарға жоғары баға беріп, республика бойынша тәулік бойы қызмет көрсететін үшінші Президенттік кітапхана Сыр өңірінде салынатынын жеткізді. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш әрі зор мәртебе.

– Орталықтың биылғы жұмыс жоспары жөнінде қысқаша нендей нәрселерді айтып өте аласыз?

– Біздің алдағы жұмыс жоспарымыз тек орталықтың аясында ғана шектелмей, облыс, тіпті республика деңгейіндегі стратегиялық мақсаттарды қамтитын жаңа белестерге бағытталған. Орталықтың үш жылдық тәжірибесін негізге ала отырып, біз республикалық «Анаға тағзым» форумын үшінші мәрте өткізуді басты меже етіп отырмыз. Бұл жиын, түптеп келгенде, еліміздің әр түкпірінен жиналған аналардың басын қосып, ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды нығайтудың жаңа форматтарын қалыптастыратын бірегей диалог алаңына айналмақ. Сонымен қатар, аймақтық деңгейде «Рух керуені» кешенді жобасын қолға алып, жеті ауданда бой көтерген «Руханият» орталықтарының жұмысын мазмұндық тұрғыдан жандандыруға, оларға әдістемелік көмек көрсетіп, ортақ құндылықтар жүйесін қалыптастыруға тікелей атсалысатын боламыз.

Ал әлеуметтік бағыттағы «Алып Motivation» атты жаңа жобамыз ана мен бала мәселесімен бетпе-бет келген, тағдырдың түрлі тауқыметі мен ауыр дертті басынан өткеріп жатқан, дамуға демеу іздеген 500-ден астам жанға рухани қолдау көрсетуді көздейді. Бұл жоба аясында білікті психологтарды, мотиваторлар мен сала мамандарын шақыру арқылы қажыған кісілерге жігер беріп, олардың қоғамға бейімделуіне, ертеңгі күнге деген сенімін нығайтуға барынша күш саламыз. Осылайша біздің болашақ жоспарымыз креативті индустрияны дамыту, ұлттық кодты сақтау және әлеуметтік қолдаудың үйлесімді бірлігі ретінде жалғасын таба бермек.

– Әрлі әңгімеңіз үшін көп рахмет!

Әңгімелескен Дастан ЖҰМАБЕК

Таңбалар: Алтынай МолжановаАнаға тағзымҚызылордаорталықұлттық құндылықтар

Ұқсас мақалалар

Қалп хабар таратып, полицейлерді қараламақ болған қызылордалық қыз жаза алды
Жаңалықтар

Қалп хабар таратып, полицейлерді қараламақ болған қызылордалық қыз жаза алды

24.08.2026
Алашқа аты аян айтулы ақын Елубай Әуезов ақтық сапарға аттанды
Жаңалықтар

Алашқа аты аян айтулы ақын Елубай Әуезов ақтық сапарға аттанды

24.08.2026
Қызылордада «Мерейлі отбасы» байқауының қорытындысы өзінің мәресіне жетті
Әлеумет

Қызылордада «Мерейлі отбасы» байқауының қорытындысы өзінің мәресіне жетті

22.08.2026

КӨП ҚАРАЛҒАНЫ

  • Өмірдің өрінен тағы бір жайсаң, жақсы жан өтті

    Өмірдің өрінен тағы бір жайсаң, жақсы жан өтті

  • Аида Балаева: Біз «Қазақфильмнен» айырылып қала жаздадық

  • Алашқа аты аян айтулы ақын Елубай Әуезов ақтық сапарға аттанды

  • «Көршінің қызы» керемет еді (видео)

  • Мемлекет басшысы Үкімет құрамында бірқатар өзгерістер болатынын мойындады

  • Денсаулық министрі жеке азаматтарды қабылдап, мәселелерін шешуге ықпал етті

  • Путиннің кедейлерге арналған соғысы байларды байыта түседі

RAST.kz

Ақпараттық-танымдық, қоғамдық-саяси, ғылыми-көпшілік порталы

Сайт Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде 23.01.2020 ж. тіркеліп, №KZ56VPY00019585 куәлігін алған.

Құрылтайшы:
«Даларус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Яндекс.Метрика

© 2026, Барлық құқықтар сақталған.

  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
HTML Weather widget for website by meteolabs.kz

USD USD 458.48 ₸
EUR EUR 534.68 ₸
RUB RUB 5.43 ₸

© 2026, Барлық құқықтар сақталған.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Құпия сөзді қалпына келтіру үшін пайдаланушы атыңызды немесе электрондық пошта мекенжайыңызды енгізіңіз.

Кіру

Add New Playlist