ЖОСАЛЫ. 18 қыркүйек. Бүгін Қызылорда облысында қазіргі заман талабына сай жаңартылған вокзалдар қатарына Жосалы теміржол ғимараты да қосылды. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қармақшы ауданының орталығы – Жосалы кентіндегі теміржол станциясының вокзалында осыған арнап өткізілген салтанатты рәсімге Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев, Құрылтай депутаттары Серік Қожаниязов, Нұркен Бақытбекұлы, Мағжан Ералиев, Ирина Тен, сондай-ақ мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.

Жосалы кентінің іргесі жиырмасыншы ғасырдың басында теміржол станциясы ретінде қаланып, 1905 жылы салынған станцияға «Жосалы» атауы берілген. Бұл нысан «Орынбор – Ташкент» теміржол магистралінің бойында орналасқандықтан, сол кезеңнен бастап жолаушы және жүк тасымалында маңызды қызмет атқарған.
«Теміржолдың салынуы Жосалы кентін экономикалық және әкімшілік орталық ретінде қалыптастырды. Тарихи кезеңдерде өңірдің ғана емес, елдің өндірістік дамуындағы маңызды көлікнысаны болды. Ғасырдан астам уақыт бойы жолаушылар мен теміржолшыларға қызмет еткен бұл тарихи ғимараттың күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғыруы – өткен мен бүгінді жалғаған маңызды қадам», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Салтанатты шарада теміржол саласының, қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізген мердігер мекеменің қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Құрылтай депутаты Нұркен Бақытбекұлы сөз алып, аталмыш оқиғамен өңір тұрғындарын құттықтады.
Соңынан Қармақшы ауданының құрметті азаматы Асқар Мереков жасалып жатқан тірлікке байланысты бата берді.

USD


