Бүгін Сыр бойының талантты перзенттерінің бірі, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Несібелі Рахмет 70 жасқа толып отыр.
Несібелі Төлтайқызы Рахмет 1955 жылы Қызылорда облысы Тереңөзек ауданындағы Қараөзек станциясында туған. 1981 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Бұдан кейін Сырдария аудандық «Сырдария», облыстық «Сыр бойы» газеттерінде, «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында қызмет атқарды.

Ол прозамен мектеп қабырғасында жүрген кезінен айналыса бастады. Содан бастап түрлі тақырыптағы әңгімелері мен новеллалары, эсселері мен әзіл-шыны аралас мөлтек әңгімелері облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып тұрдыі. Жазушының қаламынан туған туындылар «Бір нәзік сезім» (1999), «Мен табынған құдірет» (2001), «Құмырсқа тірлік» (2006) деген атаулармен жеке жинақтар болып жарық көрді. Ал 2009 жылы «Сырдария кітапханасы» көп томдығының аясында «Жиденің гүлі» атты кітабы баспадан шықты.
Біз бүгін Несібелі Төлтайқызын жыл алмасар шақта келіп отырған төл мерекесімен, мерейлі жасымен шын жүректен құттықтай отырып, оған шығармашылық табыс пен адами қуанышқа ұштасқан ұзақ ғұмыр тілейміз.
Сонымен бірге төменде қаламдас досы, курстасы, белгілі журналист Айткүл Шалғынбаеваның ниеті насат Нәкең туралы жазған жылылыққа толы естелігін ұсынып отырмыз.
***
Бүгін Сырдың бас телеарнасының ұжымы әңгіме, новелла жанрының ақтаңгері Несібелі Рахметті 70 жылдық мерейлі жасымен құттықтады.
Әсіре қызыл, сән-салтанатты сүйе бермейтін Нәкең – мақтау, мадақтаудан қашып жүретін саяқ кісі. Сондықтан болар дәл туған күні ұжымдастар Нәкеңді шам алып іздеп таппайды. Қосыла іздеп, біз де таппадық.
Содан әріптестер қулыққа барған сияқты. Телеарнасын сағынған апаларын бағдарламаға қатысуға шақыру үшін іздеп жатқанын жеткізіп, келе қалған Нәкеңді компания басшысы Нұрбек Әмиша бастаған әріптестер ортаға алып, шапан жауып, орамал тартып, құшағын гүлге толтырып, құрметке бөлеп жіберіпті.
Бұған шын қуандық. Қуанғанымыз сол, дереу саусақтарымыз әріптерді тере бастады.
Несібелі – өте қарапайым, жаратылысынан біткен қасиеттеріне шаң жуымаған, кірпияздығы да өзіне жарасатын, боямасыз жан.
Өткен ғасырдың мұңсыз, шуақты күндерінен шыға қоймаған, аптыққан, аласұрған саясаттан мүлдем алыс, компьютерді менсінбей, қаламын техникаға айырбастамаған, смартфонды игермей, цифрлы дәуірдің таң-тамаша ғажайыптарын мойындамаған XXI ғасырдың бір адамы – осы біздің Нәкең.
Несібелімен журфакта қатар оқыдық. Бір жатақхананың бақытты тұрғындары болдық. Жағыпар Қарабала, Несібелі Рахмет үшеуміздің достығымыз өмірлік болады деп кім ойлаған?
Бос уақытымызда Ленин сарайына концерт, театр, телевизиялық қойылымдарға жиі барушы едік.
Үшеуміздің кафедрамыз РВ ТВ болғандықтан, «Тамаша» ойын-сауық бағдарламасының да шақыру-билеті қолымызға жиі тиетін. Студенттік өміріміз қызықты да күлкілі ситуацияларға толы болды. Басымыз қосылса, сол баяғы студентпіз.
Өндірістік практикамызды үнемі ауылға алушы едік. Облыстық радио мен облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газеті – үшеуміздің де ұстаханамыз.
1991 жылы телеарна ашылып, үш қожанасыр қайта табыстық. Кейін ортамызға Орынбасар мен Қаршыға қосылды. 25-28 жыл бірге қызметтес боп, телеарнаның отына күйдік, қазанында пістік.
Несібелінің журналистикадағы ең өнімді кезеңі – осы телевидениедегі жылдары. Түрлі бағдарламалардың тізгінін ұстап, зейнетке дейін 20 жылдай «Жаңалықтар» қызметіне жетекшілік етті. Ақпараттар ағынын жинау, талдау, өңдеу, тарату ісін жолға қойды. Ақпарат майданының жауынгерлері – тілшілерді тәрбиеледі. Олардың сөз саптасын түзеп, жазу стилін қалыптастырды. Талай шәкірті ұядан ұшып, республикалық телеарналарға ауысты. Бәрі де мақтанарлық мықты маман. Несібелінің мектебі.
Жалпы, біздің ортамыз ерекше. Редакциямызда бөстек әңгіме, сылдыр сөз, өсек айтылмайды. Таза шығармашылық.
– Айткүл, бірдеңе сұрайын. Сенің орысшаң тәуір ғой, мына әңгімеде бір орыс апам бар еді, пәлтө деп айтатын, соны жазайын десем, кідіріп қап отырмын. Пәлтө сөзінде жіңішке белгі – мягкий знак бар ма? – дейді Нәкең өзінің аңқаулығына сап.
Мен де оның осындай қызықты трюктерін білгендіктен, қарсы сұрақ қоя салам.
– Нәке, пальто-ның жіңішке белгісін алып тастап, айтшы, кәні тыңдайық, –деймін.
– Палто болды, Айткүл-ау, – дейді түк саспай.
– Ал, Ниска, енді мені тыңдашы, ПАЛТО ма, ПалЬто ме? Л әрпін жіңішкелеп созып, тағы бір қайталаймын.
– Ии, пәльтө екен ғой, – дейді өз ыңгайына салып.
Сосын: «Әй, өзім де жүзу біледі екем ғой», деп кеңкілдеп бір күліп алады.
Нәкең балаша аңғал, көп нәрсеге киліге бермейтін, кішкентай жақсылыққа қуана білетін, теріс нәрсеге көп күймей, қол сілтей салатын жан, кейде тыныштық керек деп, көне салатын жұмсақтығы тағы бар.
Кейде басшылармен тіл табыса алмай, бағдарламамның позициясын қорғап, шыр-пыр болам. Ондайда: «Туу, Айткүл-ай, осы ақты қара десе, қара дей салшы, басыңды қатырмай, илегеніміз бір терінің пұшпағы ғой» дейді.
Ол үшін екі оттың ортасы. Баяғы студенттік кездегі 3 қожанасырдың біреуі –бастық, біреуі – мен, біреуі – өзі. Біздерді ұрысқа қимағандағысы. Жұмыс бабында тартыссақ та, жұмыстың арасында бастық кабинетіне пирожки жеуге шақырады. Түскі ас ішуге қол тимей, аш екенімізді біз ұмытсақ та, Жағыпар бастық ұмытпайды. Жауапты эфирлерді өткізгенде де, Жәкеңнің шайы мен пирожкиі дайын. Тек біздер үшін, басқаларға қатаң басшы.
Ал енді өзі Жағыпар досына еркелегенде, түбін түсіреді. Жұмыс бабымен айғайласып қалса, Нәкең жоқ. Жұмысқа келмей, өзіне демалыс жариялап жатып алатыны бар. Қашан ашуы басылады, сонда төбе көрсетеді. Жәкең де сабаздың баласы, мықты ғой, Несібеліні «Нискалап», іздейді, бірақ таппайды. Еркелеп болсын, келер дейді де, Нисканың келуіне «той» жоспарлайды. «Баронға» барамыз, кәуап жейміз. Сол баяғы студенттік таусылмайтын әңгіме жалғасын табады. Арасында кластас болған бастығымды Нәкеңнің «Ау, горшоктастар» дейтіні де өзімізге жараса кетеді.
Несібелі Рахмет бүгінде мықты суреткер. Қаламы жүйрік жазушы. Бірнеше кітаптың авторы. Әр туындысы осы заман өрнегі, осы заман келбеті, осы заман адамдарының өмірі, терісі, оңы, бәрі қатпарлы, қарбалас тірлікпен бірге өріледі. Оқып отырып, әр адам өзін таниды.
Бір ерекшелігі, шығармаларында бүкіл кейіпкер цифрлық дәуірде емес, бүгінгі күннің сипатымен Несібелінің әлемінде өмір сүреді. Несібелінің әлемі – шынайы сомдалған түрлі образдар. Қарапайым да күрделі бейнелер. Әр геройдың мінез-құлқы, жан-дүниесі айқара ашық. Сол арқылы қоғамды, ондағы құбылыстар мен оқиғаларды көресіз, бағамдайсыз, бағалайсыз…
Журналистикаға ғұмырларын арнаған, үзеңгіге аяқты қатар салған әріптес, достардың үшеуіне тән бір қасиет бар. Ол – атақ іздемеу, біреумен жарыспау, басшыларға жалбақтамау.
Ал Жағыпар Қарабала өзі басшы болса, оның да бастықтары жетерлік. Бірақ бреуінің алдында қипақтап, аласарғанын көрмеппін. Айтарын бетке айтып, сөзін өткізе алатын қасиеті сол – бәрімізге ортақ. Өз мамандығымызға адалдық біздерді бірге көтерді, бірге зейнетке шығарды.
Міне, Несібелі достың 70 жылдық мерейлі жасы біздің сағымға айналған жастық шағымыздан тінін тартып, үлкендіктің сара жолына бастап барады. Жолымыз ұзақ болғай…
Айткүл ШАЛҒЫНБАЕВА
ҚЫЗЫЛОРДА
USD




