25 Тамыз, 02:08
RAST.kz
USD USD 457.99 ₸
EUR EUR 534.15 ₸
RUB RUB 5.47 ₸
Погода в Астане
Погода
Погода в Астане на 2 недели
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
RAST.kz
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
RAST.kz
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету

Гүлзейнеп Сәдірқызы. Ақтоқал (әңгіме)

4 Желтоқсан 2025 23:08
- Қазына
Гүлзейнеп Сәдірқызы. Ақтоқал (әңгіме)
Facebook-те бөлісу Twitter-де бөлісу

Біздің әдебиетімізде күндестік жайлы әңгіме аз жазылмаса керек. Бірақ, оны Гүлзейнеп сияқты шешкен ешкімді көрмедік. Әңгіме өте жақсы, мүлде әдемі. Кейде, нағыз өнеркеш өзінің не жасап, не жазып, не қойғанын білмей қалатын жайлар болады. Сен – өнер иесі, қалам иесі екеніңді бұрын да айтқан едім. Мынау «Ақтоқал» – шынында «күндес» әңгімесі шыншыл, шебер жазылған жақсы дүние.

Жар сүйе білетін жақсы әйел болса, Күлғайшадай-ақ болар. Онда жарын сүйетін жүрек бар. Ол жай ғана сүйе білетін әйел емес, жардың болашағын, тағдырын ойлайтын қарапайым қазақ әйелінің тамаша бейнесін бергенсің. Зерде, қарапайым жай пенденің жар болашағы жайлы батыл ісі, қадамы әйелдің бүтін жан дүниесін айқара ашады. Әділ, шыншыл байлам.

Ендігі ұштай түсетін жайт тоқалдың ішкі дүниесін ашып, бұдан да анық, айқындай түсу. «Күндестің күлі де күндес» емес. Күндесте де күндес бар. Күлғайша күндес емес, ол күншілдіктен аулақ, алыс қана емес, ол өзінің махаббатына бола күндестікті күлше шашатын, сүйгеніне бола күндестікті достыққа, жақсылыққа жеңдіре білетін артық жан.

Тоқалдың мұны қалай түсінгенін айрықшалай түссе, артық емес. Жанады, жан кіре береді.

Өзің білмейтін сөзді пайдалана берме. Ол біреу-ақ.

Жолың болсын деп бұрын да  айтқанмын. Ендігі айтарым, осы тақырыптан – әйел, ана тақырыбынан айныма!

Ақылыңа көзім жетті. Адасып кетуші болма!?

Ағаң Сәуірбек Бақбергенов. 

 3.07.1994 жыл

 

 

Бұрын-соңды мылқау адамның дауыс шығарып гуілдеп, аза тұтып аңырап жылағанын кім көрген…

Қалығұлдың түтінін түтетіп, асын қамдап, азын көптей, көбін көлдей еткен Күлғайша бәйбіше тоқалдан туған бағып-қаққан балалары адам болып, өз қолдары  ауыздарына жеткен шағында көз жұмды. Бәлкім, сонда Ақтоқалдың тілі болғанда сай-сүйегіңді сырқыратар ұзын-сонар жоқтау айтар ма еді, кім білсін?! Байғұстың қолынан келгені екі күн бойы қасқырдай ұлып, теңселіп жылай берді. Мәйітті жөнелткен соң, қораның жанындағы бастырмаға кірді де, күні бойы құнжыңдап жүріп алды. «Бұл не  істеп жүр?» деген әуестікпен баспалап барып көргендер «тезек уатып жатыр» десіп келді. Іңкәрбайдың тракторымен жеткізген екі телешке тезекті балтаның сыртымен дүңкілдете ұрып, күлпаршалап тастады. Өзі борша-боршасы шығып терледі.  Дода-додасы шығып жылады. «Егер  бәйбіше болмағанда ағамның үйінде жеңгеме, олардың бала-шағасына дейін күң болып жүре берер ме едім?! Олардың кемсіткенінің жанында менен туған бес баламды бауырына басып, бағып-қағып ана атандырған, туған күйеуі Қалығұлға қосып, жар сүйдіріп,  өлшеусіз жақсылық, жанашырлық жасаған адамға  алғысымды қалай жеткізейін. Ондай адамды өлімге қалай ғана қияйын?! Туған әпкемдей болып кеткен еді ғой. Не деген мейірімділік! Күндестік жасап «отырсам опақ, тұрсам сопақ» етіп күн көрсетпегенде қайткен болар едім?! Бәйбіше – Алла тағаланың мен сияқты кембағал жанға  жіберген нығметі, сыйы екен ғой» деген ішкі дауысын ешкімнің ести алмасы хақ…

 Кемтар адамның наласынан жасқанды ма, әйтеуір ағайын-туыстың ешбірі Ақтоқалға: «Қой, қарағым, мұның не? Үйге кір» деп айтуға дәті бармады…

***

Қалығұлға ертеңгі шәйін баптап беріп, жұмысқа шығарып салардағы әдетімен «ең болмаса бүгін шешіліп ойыңдағыңды айтарсың» деген үмітпен көз қиығын тастап еді, бірақ ол  түксиген қабағын ашпаған күйі шығып жүре берді. Күлғайша іштен тынған да қалған. Отасқандарына бір мүшелден асса да,  соңғы жылдары осы бір түксиген қабақтың сырын білмей-ақ қойды. Алғаш танысып, қыз-жігіт болып жүргенде  анда-санда болса да  осы  қабақты байқап қалатын. Сонда қараптан қарап қысылған. Ер адамның сұсты болғаны ішкі жылуын сыртқа білдіргісі келмейтін суықтығы шығар. Сөзден гөрі істің адамы болар деп ойлайтын. Мүмкін арамызда бір дәнекер баланың болмағаны да себеп шығар деп қоятын. Кейін жарасып кетерміз, түнерген бұлт кетер, түксиген қабақ ашылар деген. Бірақ сол бір алдамшы үмітпен  біраз өмірі өтіпті. Ара-тұра ерімен ақтарыла сөйлескісі, іштегі арман-шерін айтқысы келіп, бірді-екілі оқталып-ақ көрген. Бірақ дәті бармады. Түксиген қабақтың қыртысы жазылмаған соң, Күлғайша да жансарайының құлпысын аша қоймаған. Елдің күйеуі секілді арақ ішіп алып, ұрып-соғып, аузына келгенін айтса ғой, бәлкім тілін безеп ойындағысын жеткізіп қалар ма еді? Өзінің де жанын жегідей жеген ойларын ақтарып, шемен боп қатқан шерменделіктен арылар ма еді?! Үйде ешкім жоқта көз жасын көлдетіп алатыны бар. Жылап отырып, Қалығұлмен ойша айтысып бағатын.

«Е, айта түс, айта түс. Бетіме бас. Несіне аяйсың мен бейбақты. «Бала тумаған қатыннан, лақтаған ешкі артық» дегенің ғой. Біз де  Алла тағаланың жаратқан пендесі шығармыз, бір күнімізді көрерміз» деп жылап-сықтап бейшара болмай-ақ, буынып-түйініп басым ауған жаққа кетем де қалам. Сөйтем… Құдайдың бермегенін қалай тартып алайын енді? Отасқалы бері бетіңе жел боп тидім бе? Әй, мынауың бұрыс деген жерім бар ма?»  Осылай іштегі булыққан сөздерін шығарып алатын. Бұл бір жағынан осындай әңгіме бастала қалса, айтар уәжі мен қайтарар жауабын пысықтағандай дайындығы. Әр нәрсені айтып, өзімен өзі сөйлесіп, ақырында өзін-өзі кінәлап тынатын. Қабағы түксисе де Қалығұлды ақтап шығатын. Өзіне өкпелейтін, тағдырына налитын.

Күлғайшаға бұл ауылдағы басқа қатындардың қағанағы қарқ, сағанағы сарқ секілді көрінетін. Өзінен басқа бала көтермеген жан жоқтай сезінетін.   Кейбір әйелдердің балалары бола тұра «бір қыз бермеді», «құдай түсі бөтен бір ұл бермеді» деп  арыз айтып отырғандарын естігенде қараптан қарап жыны келетін. Өзін ауылдағы балалы-шағалы  әйелдерден төмен қоятын. Анау Мінәштің он бала тауып, табаны күс-күс болып жарылып, олпы-солпы жүретін салпы етек қатынына да ысырылып жол беріп, балпылдаған сөзін тыңдап отыра беретін. Бұл аздай, ауылдағы той-жиындарда, ағайын-туғанның құдайы тамағында бала көтермей жүргенін мін санап, көрінгеннің қабағына қарап, бәйек болып, қазан-ошағына білек сыбанып кірісіп кететін. Онысы: «Мына қатын бедеулігімен қоймай, жатқан кесір. Құдай баланы осы ниетіне бермей отыр» дегізбейін, басқа кемістік тапқызбайын дегені. Кейде ғой сондай жиындардан шаршап-шалдығып үйге сүріне-қабына келіп жығылғанда: «Құдайшы, Құдай! Мені қу аяқ, қу таяқ еткеннен тапқан олжаң қайсы? Мұрны пұшық болса да өзегімді өзеуретпей бір қыз болса да берсеңші. Шыбыннан да ұрпақ қалып жатыр ғой», – дейтін де жылап жатып сілесі қатып, көзі ілініп кететін. Содан қайтадан күйкі тіршілікке алданып, өзін-өзі жұбататын. «Құдай жақсы адамды бір жағынан қысады деп жатушы еді. Солай  да шығар. Қойшы, осы қайдағыны бастап. Елді қайтем, Қалығұлым бетіме салық, көжеме қатық қылып айтып жатпаса… Мүмкін оған осындай «бойдақ» жүрген жүріс-тұрыс ұнайтын шығар. Құдай берем десе, оған не тұрады?! Кім білсін?.. Жеткен жерімізге дейін жетейік» деп үміт жібін үзбей, бірнеше күн қаннен-қаперсіз жүреді де, көп өтпей-ақ қайта уайым-қайғыға салынатын.

Мына бір оқиға Күлғайша бір шикіөкпе сұрай Жаратқанға жалбарына жүріп, біраз әулиенің басына түнеп, талай бақсы-балгерге көрінетін сол бір  қара суық күздің келесі жылға қараған жайма шуақ көктемінде болған еді.

Жер аяғы кеңіп, алыстағы нағашыларына жолы түсіп бара қалғанында, оның көзі ең алдымен есікпе-есік көрші үйдің отымен кіріп, күлімен шығып, тыным таппаған, аяқ-қолы балғадай, беті қызыл, тығыршықтай мылқау қызға түсті. Сол сәтте-ақ оның миында бір күңгірттеу ой жылт ете қалған. Кейін ол ойы көптен шешімін таба алмай, шырмауықтай шырмалған ісінің түйінін шешетіндей көрінді. Ауылға келіп тіршілікпен алданса да, осы ойдың тұтқынынан құтыла алмады. «Құдай маған мына қызды бекер жолықтырмаған шығар. Мені де, Қалығұлды да жалғыздық деген жалмауыздан құтқаратын осы қыз» деген ой санасына кіріп алды.

Ақыл қосатын жан таппады. Пенде емес пе, кей күндері нілдей бұзылып қалады. «Екі әйелдің басы бір үйге қалай сыймақ. Ал кешкісін жатарда қайтеміз? Нәпсіні бағындыруға кімнің күші жеткен. Мүмкін қызғаныштан сөзге келіп, бет жыртысып жүрсек, ел-жұртқа масқара  болмаймыз ба? Оның үстіне айтып түсіндіруге өзі саңырау, не тіл жоқ. Бұл қасқаң бас-көзге қарамайтын бір дүлей болса, басым пәлеге қалып, осы күніме зар болып қалмаймын ба?» деп те ойлады. Қойшы, әйтеуір он ойланып, жүз толғанып «құдайдың басқа салғанын көрейін. Жас қой, күшігінен асырап бағып-қақсам, түсінісіп кетерміз. Басқа амал жоқ. Тәуекел!  Бәріне көндім» деді де, бірде кешкісін абыр-сабыр басылып, ел аяғы орныққан шақта отағасына қинала сөз бастады.

– Қалығұл, мені жақсылап тыңда. Сен болсаң екі атадан қалған жалғыз тұяқсың. Сонда, мына қара шаңырақ иесіз қала ма? Ақылым айран болып бір жұмадан бері ұйықтамадым. Айтпағым… Рұқсат… Төсек жаңғырт, – деді де ерні дірілдеп, еңіреп қоя берді.

Бұл әңгімені Күлғайшаның өзінің бастағанына Қалығұлдың іші жылып, қылп ете қалғанымен, мына төбеден түскендей кесімді сөзінен кейін, не істерін білмей сасқаны рас.  «Бұл қатынды кім азғырды» деген күдік те жоқ емес. Бұған дейін сыртқа шығарып айтпадым демесе, ішінен талай бүлінгені есінде. Бар дүниесін жинап-тернеп нағашыларына апарып та тастамақ болған. Бірде жеңгелері: «Қайным-ау, Күлғайша өте жақсы адам, оның  адамгершілігі, түсінігінің өзі не тұрады. Бірақ, артыңды да ойлағаның жөн» десе, екіншісі: «Соныңды әлдеқандай етпеші. Жалғыз сен ажырасып жатқан жоқсың, жібер» деген сөздерінен кейін кәдімгідей күдірейіп қалатын. Кейде ешкімнің көзіне күйік болмай-ақ, жалғыздықтан құтылудың жолы деп, көйлек-көншегін алып қалаға кетіп, көзін құртқысы да келген. Бірақ үйге келсе балапандай жаутаңдап күтіп, баласындай алақанына салып  отырған Күлғайшасын көргенде, қанша оқталғанымен «тек, бүгін емес» деп майша еріп кете баратын. Оның үстіне Күлғайшаның әке-шешесі, не тіреп тұрған бауырлары, жанашырлары болса, бір сәрі. Осы үйден басқа барар жер, басар тауы қалмаған соң да, бір жағынан аяйтын. Қараусыз қалған әкесінің шаңырағы болса ортасына түсіп ол тұр.  Ұжымшар орнына монша саламыз деп бұзғысы келген екен, барған көліктері сынып, қирай берген соң, әруақтан қорқып ешкім жоламапты. Үй есек қораға айналып, көзге күйік – ол тұр. Жетім қызды жылатқанша, не болса да басқа салғанына бірге көндік. Мүмкін құдай қос мұңлықтың көз жасын көрер. Көрмесе қайтеміз, «басқа түскен баспақшыл» деген де қойған. Әлгіндегі сөзінен кейін Қалығұл әжептәуір абдыраса да Күлғайшаға бұл ойдың қайдан келгенін білгісі келіп, тамырын басты.

– Осы сенен кім бала сұрап отыр?! – деді ол қолын құлаштай сермеп, даусын көтере. – Баласы барларды да көріп жүрміз, ондай баланың барынан жоғы.

– Болды, Қалығұл, сабыр. Әр жаққа барыспайық. Осы сөзіңе екі дүниеде де разымын. Қандай шыдамды едің. Он бес жылдан бері көңіліме қарап, қаншама қиналсаң да, айыбымды бетіме бір баспадың-ау. Бір атаның шамын жағып отырған азаматсың ғой. Ұрпақсыз қалма! Сүйекке таңба болмайды, бұл ата-бабамызда бар дәстүр. Жақсылы-жаманды жастайымыздан қосылдық. Тіпті осы үйдің ыдыс-аяғы, ит-күшігіне дейін маған ыстық. Мен бейбақтың сенен кетіп, басқаның есігінде жүргенде де көретін көресім осы тірлік. Одан да сенің-ақ балаларыңды бағып, босағаңда өлейін. Бірақ – алатыныңды өзім таңдаймын!

Күйеуі қарсылығын білдірмесе де, бұдан әрі аузын ашпады. Ол  Құдай қосқан қосағы әйелдің әйелі бара бермейтін іске бас тігіп, тәуекелге келгеніне іштей сүйсініп-ақ қалды. «Менің Күлпашым осындай жан екен-ау…» деген ойды қайталай берген. Үстінен неше жылғы зіл батпан жүк сыпырылып түсіп қалғандай өзін алғаш жеңіл сезінген-ді.

Бәйбіше болса,  соның ертесіне-ақ белін бекем буды. Қыздың ағасына жағалы киім, жеңгесіне тазадан көйлек, алтын сақина, қалың малға тиын-тебенін, өлі-тірісіне деген қойдың ақшасын, бір жәшік  арақ, шай-пұлын, тәттісін алып нағашыларының ауылына тартып отырды. Кешке қарай қыздың аға-жеңгесінің алдына барып, мән-жайды түсіндіріп, келісімге келді. Қойшы, әйтеуір, жеңгесі қайын сіңлісіне күйеуге шығатынын, бірақ әйел үстіне баратынын әзер дегенде ымдап ұғындырып, ағасының батасын алды.

Жеңгеге қараған күн белгілі емес пе? Сол үйдің үндемес күңіне айналған бойжеткеннің ойында не болғанын кім білсін, бірақ қыз еш қарсылық білдірместен, бар үмітін ертеңінен күткендей бәйбішенің етегінен ұстап еріп жүре берді. Күлғайша бұрын байқамаған-ау шамасы, көзі қыздың денесіне түсіп еді, бәтшағар ақ мәрмәрдай екен. «Ей, мынауың өзі Ақтоқал болды-ау» деп күбір етті.

Келесі жылдың жаймашуақ жазында Ақтоқал өзі сияқты ақ сазандай ұл  босанды. Сәби шыр етіп, жарық дүниеге келген күні-ақ бәйбіше «Қалығұлдың да, тоқалдың да баласы емес, бала құдайдікі», – деп етек астынан қойнына салып алды. Көршілеріне көз тимесін деп «қыз туды» деп қойды. Сөйтіп, Жалғасжаны дүниеге келгеннен-ақ Күлғайшаның күндестігі тоқалға емес, балаға басталды. Шешесі емізіп болғанша жанын шүберекке түйіп, кішкене ботақанның қасында міз бақпай қақиып отырады. «Болды-ау» дегенде қолынан жұлып алғандай, кеудесіне басып бөлмесіне кетеді. Онысы Ақтоқалдың балаға мейірі түсіп, иіскеп қоймасын дегені. Балаға есі кеткен бәйбіше: «Қой, қашанғы бұл қатынды аңдып отырамын. Бір амалын іздестірейін» дегені болар, бала қырқынан шыға салысымен оны көндіріп,     жұмысқа шығарып жібереді.

Ауылда әйел адамға қай оңған жұмыс тисін. Ақтоқал жазда күннің астында шыжғырылып қырманда, қалған уақытта кеңшардағы малды ауылдың үйлерін әктеп, жаңа үй салынып бітсе, соның сылағына түсті. Тіпті бұл аз болғандай үйде қарап отырмасын деп, бәйбіше қоймай жүріп, топыраққа сабан араластырып, қолдан кірпіш құйғызып, есігінің алдынан қоржын бөлмелі үй тұрғыздырды.

Күлғайшаның өмірінде өзіне-өзі риза болып сүйсінгені де осы тұс. Себебі, Ақтоқал мен Қалығұл жұмысқа кетісімен қылықты да сүйкімді Жалғасы өзіне оңаша тиеді. Өткен өміріне көз жүгіртсе, іліп алар еш мән-мағына қалмағандай. Енді оған күні қайсы, түні қайсы, сағаты қанша – бәрібір. Тек жанында бөпесі болса – төрт дүниесі түгел.

Басында жеңіл ғой деп ешкінің сүтін беріп, ал кейіннен ұн қуырып, сүтке пісіріп, ара-тұра көршілерінің айтқанымен, қойдың құйрығын сорғызып жүрді. Осылайша күні бойы шаршағанын ет қызуымен білмей кешкісін денесінің ауырлағанын байқағанда: «Қой, Құдайдан сұрап алған медетім еді ғой», деп атып тұрып, ықыласымен баласының жөргегін ауыстырып жататын.

Осы үйге  жұмақ иісті періште нәресте келгелі  бәйбішенің көңілі бір нәрсеге қатты ауды. Бірақ оны орындауға жүрексініп көп жүрді. Шебер Құдайдың басқа салғаны ғой, әйтпесе дүниеге төмен етекті болып келген соң пұшпағы қанамай, жас иіс иіскемей, ел қатарлы балалы-шағалы болуды армандап өтемін деп ойлап па? Сәрсенбінің сәтіне осы бір ойын жүзеге асырмақшы болып тастүйін бекінді. Сөйтті де үйдегілер шаруаларына кете салысымен есікті ішінен іліп, ылдым-жылдым суға шайынып, тазаланып алды. Басына ақ жаулығын тартып, мұнтаздай киінді. Бөпесін тап-тұйнақтай етin opaп  жатқызды. Қимылдап жүрсе де санасына кіріп алған беймаза ойлары оны байыз таптырар емес. Онысы егер ойындағысы болмай қалса, көптен күткен соңғы үмітінің үзілгенін қалай көтермек. Осындай күдік араласқан зымиян ойларға шырмалып жүріп, шалынысып омақасы аса жаздағанын қайтерсің. Осы оқыс қимыл оның неше күннен бастай алмай жүрген әрекетіне түрткі болды ма, дереу «бисмилласын» айтып, баланы алдына алды. Сөйтті де жан-жағына ұрлана қарап, көйлегінің алдыңғы түймелерін жылдамдатып ағытты. Оң қолының салалы саусақтарын сол жақ кеудесіне салып жіберді де, уысын толтырып омырауын сыртқа шығарды. Сөйтті де «ешкім көріп тұрған жоқ па?» дегендей тағы да жан-жағына   үреймен қарады да,  саусағымен емшегінің үрпісін жаймен қысып, бөпенің ерніне тигізгені сол екен, ұл бала ашқарақ келеді деген емес пе, борпылдата сора жөнелсін. Сол-ақ екен, денесі ток ұрғандай дір ете түсті. Күлғайшаның ішкі дүниесінде өзі түсінбейтін бір құбылыс басталып кеткендей. Миынан жарып шыққан белгісіз тылсым дүние  тамыр-тамырын бойлағандай. Сәлден кейін сол күш түйдектеліп келіп, қос анарына қызуын жібергендей болды ма? Әйтеуір жүйе-жүйесі бусанғандай. Күлғайша «қозғалсам бар нәрсені бүлдіріп алам ба?»  дегендей тапжылмай отыр. Бір кезде көзі қарсы алдындағы қабырғаға ілінген айнаға түсіп кеткені. Жүзі нұрланып бал-бұл жанып, көзі су тиген қарақаттай жайнап тұр. Күлғайша – бала емізіп отыр. Ақырын сол қолымен кішкентайдың маңдайынан сипап, еміреніп қойды. Өзіне-өзі сұқтанып айнадан көзін алар емес. Осы сәтте өзін алғаш рет төрт дүниесі түгел, бақытты жандай сезінді. Бір кезде үрпісі суыртпақтап ауырғанын сезгендей болды. «Тас емшектің жібуі оңай деймісің» деп, әрі қарай қиялға шомып отыра берді. Осылайша сезімнің шуағына бөленіп, жетегіне ілбіп кетіп бара жатқан оны нәрестенің қыңқылдап жылаған даусы бөліп жіберді. Жамандықтан сескенгендей шошына омырауына жалт қарасын. Бала емуді қойып, апалақтап басын оңға-солға бұрып мазасыздануда. Көзі бірден қанталаған үрпісіне түсті. Көрген мезетте миына ат тепкендей есеңгіреп қалды. Сөйтті де қолқасы үзіліп түскендей қуарып сала берді. Бар үміті үзіліп, көңіл көгі тарылып кетті. Шарасыздан ернін жымқырып алды да, кең   тыныс алғандай болды.  Дел-сал күйі көзін жұмып біраз отырды да, басын қабырғаға аямай екі-үш рет соғып-соғып жіберіп, безерді де қалды. Әлгінде ғана басынан кешкен тәтті сезімнен жұрдай. Қайта денесінен суық жылан сумаңдап жүріп өткендей, сіресіп қатсын. «Нәрестені еміреніп, мейіріңді түсіріп емізсең, тумаған әйелдің де емшегінен сүт шығады» деп үлкендердің айтқанын естігені бар  еді. Жаратқаным-ау, шыр еткенге зар қылғаныңмен қоймай, маған аздаған мейіріміңді де қимағаның ба? Соны да көп көргенің бе»,- деп күбірлегені сол еді, өзін әрең ұстап тұрған бәйбіше дауыстап жылап жіберсін. Қолындағы баланың шырылдағанын да естір емес. Өзін жалған сезімнің жетегіне күштегенмен Тәңірінің болмысына бермегенін тартып ала алмайтынына соңғы рет көзін жеткізді.

Кас-қағым сәтте қайта бейшара күйге түсті. Алданғанын сезген кішкене сәби жылауын үдетсін. Баланың сілесі қатып, даусы қарлығыңқыраған кезде ғана есін жиып, жазықсыз баланы бауырына басты. Жалма-жан пештің үстіндегі бөтелкеге құйылып, емізікпен дайын тұрған сүтті аузына сала қойды. Анасының емшек сүтін сорып еңбектенуді жатсынып қалған бөпе өзінің үйреншікті тамағы аузына тиген соң ашқарақтанып, дамылдамай жұтамын деп шашалып та қалды. Баланың тынышталғанына көңілі жайланғанмен, тамағын беріп жатқанда оның бағанадан бергі тиылмаған кермек көз жасы бейкүнә сәбидің жүзіне моншақтай домалап жатты. Бөтелкедегі сүт те бітті, біраздан бері әбігерге түскен Жалғас та пысылдап ұйқыға кетті. Басындағы жаулығын бір қолымен жұлқи сыпырып алды да, орамалды сұқ саусағына орап, еппен баланың бетіне тамған көз жасын сүртіп, құрғатты. «Жаным сол, ботақаным сол! Бұл менің соңғы көз жасым болсын!? Енді жыламаймын», – деуін десе де көпке дейін өксігін баса алмады.

Бәйбішенің есіне сол жолғы оқиға түссе, денесі тітіркеніп сала береді. «Әйтеуір, бір нәрсе сезіндім ғой, сезіндім ғой» дейтін іштей күбірлеп. Мүмкін ол ел айтып жүрген аналық мейірімнің сәл толқыны, пұшпағы болар» деп түйді. Қалай десе де, оның  өміріндегі бұл күн берік есте қалды. Жалғасжанын бұрынғыдан да жақсы көріп, жаны баланың үстінде тұрды.   Тіпті, сиыр саууға барғанда кішкенесін арқасына таңып алатынды  шығарды. Бар ойы – баланы Ақтоқалға қалдырмау.

Бала дегенің де сезімтал-ау, шіркін. Тілі шығып, ес біліп қалған кезі. Онысы екі шеше арасындағы осы бір қатынасты түсінгені де. Бірде Жалғас  апасына жүгіріп келіп:

– Апа-апа, аналар бетімнен сүйейін деп тұр ғой деймін. Маған қайта-қайта қарап, шақыра  береді, – деген бәйек қағып. Апасы сасқанынан күліп жіберген.

– Солай ма, – деп мақұлдағансып кішкенесін бас салып құшақтай алсын.

– Соны сезген кішкентей жүрегіңнен, айналайын, – деді де, аспандатып бір-екі көтеріп,  құмары қанғанша сүйсін-ай кеп. Сол күні баласының бұл тірлігіне қуаныштан төбесі көкке жеткен де шығар-ау.

Алақандай ауылға Қалығұлдың тоқал алғаны көпке дейін ермек болды. Бірде шалы мен тоқалдың айлығын алып дүкенге бара қалды. Ерігіп кезекте тұрған қатындар кімді оңдырсын. Ал кеп бәйбішені ортаға алсын.

– Әй, Күлғайша! Сен қатын осы елден ерек қай-қайдағы, жай-жайдағы пәлені бастадың. Ана жаман мыжырайған шалыңа «екі қатыным бар» дегізіп шолжаңдатып қойғаның анау. Тоқалға күндіз шайыңды, түнде байыңды беріп, чі-кін-ай-а, аяқ астынан данышпан бола қалғаныңа жол болсын?!  Айтшы ендеше, ортақ бай деген қандай болады екен, – деді біреуі беліне таянып басын қайқаң-қайқаң еткізіп.

– Ойбай-ау, бай берген мен жан берген бірдей.  Қалай шыдап шыбын жаның шырқырап шықпай жүр, пәлі,- деп біреуі бетін шымшымасы бар ма?

Бәйбіше осындай сөздердің әйтеуір бір алдынан шығарын сезетін. Дәл қазір еш асқан да, сасқан да жоқ. Ақырын маңғазданып дүкеншіге қарап:

– «Доңыздың өз майын өзінен аяма» деген, маңдай терімен тапқан ақшасы ғой, ана біздің Ақтоқалға әне бір үлбіреген жібек матаңнан, кең-молынан жетсін, бес метрін өлшеші, – деді де жүзін әлгі әйелдерге қарай бұрды.

– Е, несі бар дейсің, одан жаман болғаным жоқ. Сол тоқал келгелі аққа да, ақшаға да жарып қалдық. Соның арқасында құрсағым толмаса да, құшағым толды. Аузымды толтырып бала сүйіп отырмын. Өле қалсам, сол тоқал ақ жауып, арулап көмеді. Соның балалары «апалап» есік алдын шулатып жылайды. Ал сендер ғой, бір өздеріңе бүтін бір бай тиген соң, ойбай-ой, ырбыңдап-жырбыңдап тұрыстарың мынау. Әйтпесе, үстеріңе жас иіс алып, кешке қарай отағасының аяғы бүгін кімді түртер екен деп, андытып қойса, көрер едім. Сендердікі кесірлік, кесірлік, – деді түсін суытып.

Сөйтті де дүкеншіге кесек ақшадан сытырлатып алдына тастады да:

– Әй, қызымка, апаңа ыздашы бермей-ақ қой, – деп есікті тарс жауып шығып кетті. Осы ниетіне де шығар құдай бәйбішеге тоқалды адалынан берді.

Тұңғышынан кейін тоқал құрсағы құрғамастан қатарынан екі ұл, екі қыз тапты. Оларды да Күлғайша аузымен тістелеп жүріп өсірді. Онысын баққан балалары түсінді де. Бір жағынан туған шешелерінің кемістігіне, әлі  жақсылы-жаманды түсініп үлгермеген балалар айтпағанмен қысылатын да. Содан да шығар, Ақтоқалға анамыз екен деп біреуі еркелемейтін.   Мұнысына бәйбіше риза. Шешелеріне үйір болмады демесе, Ақтоқал жұмыстан шаршап келгенде қолына су құйғызып, аяқ киімін тазалаттырып қоятын. Ал тоқал болса баласы бағулы, тамағы дайын тұрған соң да, осы үйдің еркегіндей көп майда-шүйдеге араласпай, балаларға да суық қарайтын. Мүмкін, онысы көңіл тоқтығынан да шығар, кім білсін?

Уақыт өз дегенін алып, Күлғайша да қартайды. Бірақ жасы келіп, егде тартты дегенмен бір үйіңді дөңгелетіп-ақ ұстап отырған. Құдайдың жазмышы да, бір күні Ақтоқал тракторшылармен келісіп, әкеліп тастаған тезекті бастырмаға қалап жатып, кенеттен денесi ауырлап, басы айналып құлап түсті. Апаларының жығылып жатқанын байқап қалған балалары ұлардай шулап, төсекке жатқызып, ауылдағы дәрігер қызды шақырып келді. Қан қысымы көтерілгендіктен, денесінің оң жағы жансызданыпты. Тілі күрмеліп, созылыңқы шыққанмен – анық.

Қанша айтқанмен көпті көріп, көп нәрсені түйген Күлғайшаның жүрегі жаманшылықты сезіп, өзіне тықыр таянғанын сезді. «Егер осыдан тұрып кетсем, өзім де біразға барып қалармын. Бірақ қайдам…»,- деп бір қойды. Таңертең ғана жүгіріп жүріп шайларын берген шешелерінің бұл жатысынан үйдегілер де секем алып, балаларды үрей билей бастады.

Жайшылықта уайым-қайғыға тез берілетін Күлғайша, енді одан да бетер ойдың шырмауына шырмалып кете барды. Бір сәтте-ақ бар ғұмыры көз алдынан жүгіріп өткендей ме. Оның ойын мектептен арсалаңдай кіріп келген  Жалғасының дауысы бөліп жіберді. Баласының маңдайынан иіскеп, сүйді де дереу отағасы мен аналарын жұмыстан шақырып келуге жіберді. Осы екі арада көршілері де үсті-үстіне кіріп, Күлғайшаның көңілін сұрап жатты. Кештетіп екеуі де жетті.

– Не болды, Күлпаш-ау, – деді дауысында діріл бар Қалығұл қалбалақтап.

– Ақырын, – деді Күлғайша сау қолын сәл көтеріп, – балаларды шошытасың. Осылай болды. Тілім барда саған айтар әңгіме бар. Өзіммен бірге алып кетсем қиянат болар. Сөзімді бөлме, – деді.

Қалығұл қабағы түксиген қалпы кішкене орындықтың бірін алып, ақырын ғана төсекке жақындатып, сұлық отыра кетті.

Күлғайша ауыр күрсінді де:

– Алдарыңда жасаған қиянатым болса  –  сен Қалығұл, сен Ақтоқал кешіңдер мен бейбақты. Ал менің екеуіңе айтар арызым жоқ. Пұшпағы қанамай, күнәһар болды десе, сол күнәмді жуарлық қызмет жасадым білем. Осы мінім үшін енді маған ешкім лағынет айта қоймас, – деп жанары жасаурап сөзін бітірді.

Осы сөздерді айтып жатқанда босамайын-ақ деген. Бірақ өзін қаншама жыл қинап, көкірегінде шеміршектей қатып қалған, соншама жыл үрейін алған жүрегінің түбіндегі зіл батпан ащы шындықтың алдында дәрменсіздік көрсетіп, еңіреп қоя берді. «Жалғыздың діні қатты» деген, ес білгелі көзінің жасын сығып көрмеген Қалығұл да неше жыл отандасып, тілеуін тілеген, Құдай қосқан қосағының өңменінен өтер жәудіреген көзін көріп шарасызданғаны ма, әлде әлгінде ғана жүрек түкпіріндегі тасты аунатқандай айтқан сөздерінің әсері ме, ол да өзін өзі ұстай алмай, отырған қалпы қолын көлегейлеп еңкілдеп қоя берді. Жағдайды көріп, естіп тұрған есі кірген балалардың  да көздері жыпылықтап еңіресе жөнелді. Күлғайшаның не айтқанынан хабарсыз болғанымен, айналасындағылардың қас-қабағынан әйтеуір жүрек сыздатар сөздің сөйленгенін ұғынғаны ма, әлде жанашыр адамының төсекке байланып жатқанын аяды ма, бұл кезде Ақтоқалдың да көзі боталап тұрды. Соны байқаған бәйбіше көз жасын сүртіп, оның көңілін аулағысы келгендей ақырын ғана:

– Ақтоқал-ау, мына жамандардың бәрі сенікі. Адамнан жасырсам да, Құдайдан қалай жасырайын? Сен тапқансың, – деді де, түсінікті болсын дегені ме, қолымен балалардың әрқайсысын нұқып-нұқып көрсетіп, артынша айналдырып «осының бәрі сенікі» дегендей тоқалды меңзеп көрсетті. Осы сөзді естісімен Қалығұл әйтеуір, бір айтылатын шындықтың алдында атып тұрды.

– Не айтып тұрсың, Күлпаш?! Бала – тапқандікі емес, баққандікі. Сенікі, – деді жұлып алғандай.

Күлғайша болса «жоқ» дегендей үнсіз басын шайқап, әлдебір түсініксіз мысқылмен күлімсіреді.

Манадан бері адамның сезімін шоқтай қаритын ызғарлы сөздер ешкімге де оңай тиіп жатпады. Әсіресе, бәйбішеге. Содан да болар, оның онсыз да тасып, кемерінен асқан қан қысымы жоғарыламаса, төмендемеді. Бір кезде   күретамырының соғысы жиілеп, қос жанарының суырып айналып түсетіндей алып бара жатқанын сезді. Сосын ауырсынып демалды да әлсіз ыңыранып, кірпігіне мұз қатқандай қабағын әзер қимылдатып, көзін жұмды. Бір пәленің болғанын сезген Қалығұл жан ұшыра көрші доғдыр қызға жүгірді.

– Оң жағының қан қысымы қайта көтерілген. Жағдайы өте ауыр, артының қалай боларын білмеймін, – деді  салқын үнмен.

Доғдыр қыздың айтқаны келді. Күлғайша екінші қан қысымы көтерілгеннен кейін тілден айрылды. Ол аз болғандай төсек тартып жатып қалды. Ақтоқал жұмысты қойып, күні-түні бәйбішенің қас-қабағына қарап, балаша күтті. Бәйбіше де тоқалдың шын ниетімен елпелектей жүріп жасаған қызметіне риза болып, іштей тәубесіне келіп жатты. Тек қайтыс болар күні  Ақтоқалға: «Қалығұлға сені қосқанда, қарағым-ай, пендешілік жасап, кемтарлығыңды, мылқаулығыңды көңіліме медет етіп едім. Құдай бар екен, менің сол пиғылымды көрді ме, енді міне, екеуімізді теңестіріп, тілден айырып, мен де мақаумын. Иә, адам есіркегенмен, Құдай есіркемесе түк те емес екен. Бірақ, мен Құдайдың құдіретінің осынысына да ризамын» дегенді айтқысы келіп еді, үні шықпады. Сөйтті де, осы ойын қалайда Ақтоқалға жеткізу үшін мылқау адамның тілімен сөйлегісі келіп икемденді. Көтеруге сәл келетін сол қолымен алдымен өзін, сосын Ақтоқалды көрсетті. Сосын тілін жаймен шығарды да, қимылға аз-маз жарайтын сол қолымен бар күшін жинап шорт кесті. Артынша қолын кеудесіне басып, бар ықыласымен басын изеп «ризамын» дегендей ишарат жасады. Сол-ақ екен, кеудесінде бір сырыл басталды.

Күлғайша мәңгілікке көз жұмар сәтінде осылайша қырық құрау ойға қамалып, арпалысып жатты.

Бәйбішенің жанарын жауып, жағын таңған уақыттан бастап Қалығұлдың үйінен Ақтоқалдың ерекше зарланып шыққан уілдеген дауысы бірнеше күн бойы кішкене ауылдың үстінде әуелеп тұрып алғандай әсер бергені рас еді…

«Қазақ әдебиеті», 19 қараша, 1993 жыл.

 

Таңбалар: әңгімеГүлзейнеп Сәдірқызытоқал тақырыбы

Ұқсас мақалалар

Путин Трамппен әңгімесінде Украинамен соғысты тоқтатуға қарсы шықты
Жаңалықтар

Путин Трамппен әңгімесінде Украинамен соғысты тоқтатуға қарсы шықты

15.06.2026
Гүлзейнеп Сәдірқызы. Жас жесір (әңгіме)
Қазына

Гүлзейнеп Сәдірқызы. Жас жесір (әңгіме)

09.05.2026
Қасқыр тірлік
Қазына

Қасқыр тірлік

10.07.2024

КӨП ҚАРАЛҒАНЫ

  • Өмірдің өрінен тағы бір жайсаң, жақсы жан өтті

    Өмірдің өрінен тағы бір жайсаң, жақсы жан өтті

  • Аида Балаева: Біз «Қазақфильмнен» айырылып қала жаздадық

  • Алашқа аты аян айтулы ақын Елубай Әуезов ақтық сапарға аттанды

  • «Көршінің қызы» керемет еді (видео)

  • Мемлекет басшысы Үкімет құрамында бірқатар өзгерістер болатынын мойындады

  • Путиннің кедейлерге арналған соғысы байларды байыта түседі

  • Денсаулық министрі жеке азаматтарды қабылдап, мәселелерін шешуге ықпал етті

RAST.kz

Ақпараттық-танымдық, қоғамдық-саяси, ғылыми-көпшілік порталы

Сайт Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде 23.01.2020 ж. тіркеліп, №KZ56VPY00019585 куәлігін алған.

Құрылтайшы:
«Даларус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Яндекс.Метрика

© 2026, Барлық құқықтар сақталған.

  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
HTML Weather widget for website by meteolabs.kz

USD USD 457.99 ₸
EUR EUR 534.15 ₸
RUB RUB 5.47 ₸

© 2026, Барлық құқықтар сақталған.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Құпия сөзді қалпына келтіру үшін пайдаланушы атыңызды немесе электрондық пошта мекенжайыңызды енгізіңіз.

Кіру

Add New Playlist