9 Шілде, 04:07
RAST.kz
USD USD 467.98 ₸
EUR EUR 533.87 ₸
RUB RUB 6.11 ₸
Погода в Астане
Погода
Погода в Астане на 2 недели
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
RAST.kz
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
RAST.kz
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету

ӘБИБА

Спорт саңлағы

29 Шілде 2024 20:16
- Таным
ӘБИБА
Facebook-те бөлісу Twitter-де бөлісу

Дерек үшін айтайық. Өзбекстанның тумасы. Сүті қазақ. Өзбекстан құрамасында бірінші. Алайда ала топылы ағайын жеме-жемге келгенде жауапты жарыстарға Әбибаны емес, оның көлеңкесінде жүрген өзбек қызын таңдайды. Ол үшін өзбек ағайындарды кінәлауға болмас. «Қарына тартпағанның қары сынсын» деген бар. Реті келсе, біз де осындай таңдауда қазағымызға бұрып тұрамыз.

Әбибамен бірге тағы бір қазақ қызы Есмигүл Күюрова да тарихи Отанына оралды.

Олар жалғыз емес еді. Өзбекстанда бір млн. қазақ бар. Ресми емес деректердк екі-үш млн деп жүр. Қазақ талантты халық. Спортта да.

Алдымен Өзбекстаннан атақтылардан Ердос Жаңабергенов оралды. Бокстан әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Шаршы алаңнан ерте кетті. Қастық жасалды. Жон арқасынан пышақ сұғылды. Қытайда. Оқу-жаттығу жиынында жүргенде. Тапсырыс берген көлеңкесінде жүрген өз боксшымыз екендігі айтылып қалады.

Әділбек Ниязымбетов. Екі рет Олимпиялық ойындардың күміс жүлдегері. «Алтынға» лайық болатын. Лондон Олимпиадасында Егор Мехонцевпен финалда бокстасты. Жеңіс ресейлікке берілгенімен, бас бапкер Артем Лавров «Қазақ алымды болды. Соққылары ғаламат. Соңына дейін айқасты» деді.

Рио де Жанейрода кубалық қабылан Хулио Сезар ла Крузбен финалда тоқайласты. Круз – әккі боксшы. Айқастан қашты. Жай оғындай жылдам. Ұрады, кетіп қалады. Жеңді, негізі. Бірақ дүние жүзінен жиналған жанкүйерлер кубалықтың жеңісіне қатты наразылық танытты. Көзбен көрген соң айтып отырмыз. Елге келген соң осының бәрін көріп отырған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Әділбек Ниязымбетовке алғыс айтып, жеңімпазға берілетін қаржыны бергізді.

«Олимпиада ойындарына барғың келсе, ұлтыңды өзгерт, өзбек бол» деген талапқа көнбеген Бақыт Сәрсекбаев тарихи Отанына қайтты.

Өз уақытын күтті. Бейжің Олимпиадасының қаһарманы болды.

Жастар арасынан әлем чемпионы Марат Қиясов Өзбекстаннан келді. Грек-рим шебері Елмұрат Ташмұратовта Қазақстанға келгісі келіп еді, қабылдай қоймадық. Өйткені, бұ салмақта теңдессіз балуан Алмат Кебісбаев бар еді.

Өзбек боксының бүгінгі жарық жұлдыздарының бірі Руслан Абдуллаев та – қазақ. Шымкентке үмітпен келді. Бағасын білмедік. Қайта кетті. Сол Руслан әлем чемпионы болғанда, туған ауылының тұрғындары «Қазақ болып тумағанда нетер ем» деген әнмен қарсы алды. Мейманасы тасыған қалың өзбек «бұ қалай» демеді. Қол соқты. Даңқты ұлды қазақтар қабылдамай қойғанға қуанған да шығар…

Мұның бәрін неге айттық?!

Әбиба Әбужақынова – қыздар құрамасының көшбасшысы. Барған жауапты жарыстарынан олжасыз оралмайды. Әлемдік рейтингте 3-орында. Мұндай орынға қазақ дзюдошы қыздарынан әзірге ешкім жеткен жоқ. Парижде финалда-ақ күресетін әлеуеті бар еді. Сәл сәттілік жетіспеді.

Қола медальға жарақатымен шықты. Қарсыласы, он сегіз жастағы қыз швециялық Тара Бабулфат бәрін білді. Спортшыға құрметтен ада қыз жарақат алған аяғын теуіп тастағанын көріп отырдық.

Жеңілгеніне қорланған Әбиба жылады. Жылап отырып, үміттерін ақтай алмаған үшін қазақ халқынан кешірім сұрады. Мына жақта отырып, алтын қыздың жүрекжарды сөзі үшін өзіміз де көзімізді шылап алдық.

Кеше Елдостың тарихи жеңісіне қалың қазақ шаттанды. Солардың бірі – ақтөбелік кәсіпкер Әнуар Маханов деген азамат сүйіншіге 100 жылқы атады. Нағыз Атымтай жомарт екен. Қыртып сөйлемесе, көкнарға масайған киевандар құсап шалықтайтындар, «жылқысы бір жұтта қырылып қалады ғой, Ақтөбедегі су тасқынына неге бермеді?» деп жатыр. Берген де шығар. Мемлекет ешкімді өз мұңымен қалдырған жоқ.

Ал ел мерейін тасытқан Елдос бастаған ерлерге алтыннан сарай салдырып берсең де, көптік етпейді. Соның бірі – Әбиба. Бір сұхбатында Атыраудағы үйі ипотекада екенін айтып қалды. Қасына Есмигүлді алған екен. «Париж Олимпиадасының алтынын алсам, үй және әйбат машина алам» деп күліп, арманын да айтып қалды. Жас қой, жарасады.

Әбибаның тарихи жеңістері:

2021 жылы Бішкекте өткен Азия чемпионатының финалында қытайлық спортшы Ли Янаннан жеңіліп, күміс медаль алды.

2022 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен құрлықтық чемпионатта Әбиба тағы да күмісті жеңіп алды, бұл жолы финалда жапондық Вакане Когаға жол берді.

Ташкентте өткен 2022 жылғы әлем чемпионатында қола медаль ұтты.

2023 жылы Португалиядағы Гран-при сериясындағы турнирде жеңімпаз атанды. Ол дзюдодан осындай беделді турнирде жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық болды.

Орысша сұрақ қойған журналистке қазақша сұхбат берген Әбиба-кешегі батыр Әлия, Мәншүк, Хиуаз апаларының жұрнағы. Жеңіске жетсе мәз болып, кимоносындағы қазақ елтаңбасын көрсетіп, қолымнан жүректі бейнелейтін сұрапыл қыз да бар құрметке лайық.

Елдосқа 100 қылқұйрық атайтындай мәрт тер қазақта көп. Допты қисық тебетіндердің өзі сайыпқыран Елдостан көп ақша табады. Жанды дауыспен ән айта алмайтын фонограмшик, әнебір ағамыз айтып жүргендей, шегірткелерге де үйіп төгіп ақша беретіндер осы жолы бір қайрат көрсетулері керек-ақ.

Әбиба жарақат алса да «белім ауырды», «тізем ауырды» деп, жеме-жемге келгенде, Олимпиададан бас тартқан анау келемсектердей, ат басындай алтын беріп ардақтап жүрген отансыздардан барлық жағынан артық.

Қазақтың Атымтай жомарттары, қайдасыңдар?!

Бақтияр ТАЙЖАН

Таңбалар: Әбиба ӘбужақыновадзюдоПариж Олимпиадасыспорт

Ұқсас мақалалар

Сыр бойында соңғы үш жылда 21 спорт кешені бой көтерді
Жаңалықтар

Сыр бойында соңғы үш жылда 21 спорт кешені бой көтерді

22.12.2025
Әбиба Әбужақынова әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды
Жаңалықтар

Әбиба Әбужақынова әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

13.06.2025
ЖАЛҚЫ МЕРГЕН         
Таным

ЖАЛҚЫ МЕРГЕН         

13.06.2025

КӨП ҚАРАЛҒАНЫ

  • Қызылордада Ұлттық домбыра күні «Домбыра – халық мұрасы» атты іс-шара өтті

    Қызылордада Ұлттық домбыра күні «Домбыра – халық мұрасы» атты іс-шара өтті

  • БЕЙІМБЕТТІҢ ІЗБАСАРЫ

  • НОҒАЙ АРУЫ

  • Украина Ярославльдегі МӨЗ-ге және Петербург порттарына шабуыл жасады

  • Соғыстағы стратегиялық сауаттылық сапаға соқпақ салады

  • Қадыровтың кісі өлімін әкелген апатқа кінәлі ұлы жол полициясынан медаль алды

  • Еркін форматтағы жүздесуде жастар саясатының басыңқы бағыттары талқыланды

RAST.kz

Ақпараттық-танымдық, қоғамдық-саяси, ғылыми-көпшілік порталы

Сайт Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде 23.01.2020 ж. тіркеліп, №KZ56VPY00019585 куәлігін алған.

Құрылтайшы:
«Даларус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Яндекс.Метрика

© 2026, Барлық құқықтар сақталған.

  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
HTML Weather widget for website by meteolabs.kz

USD USD 467.98 ₸
EUR EUR 533.87 ₸
RUB RUB 6.11 ₸

© 2026, Барлық құқықтар сақталған.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Құпия сөзді қалпына келтіру үшін пайдаланушы атыңызды немесе электрондық пошта мекенжайыңызды енгізіңіз.

Кіру

Add New Playlist