Елордада «Сапалы жол» жайы жан-жақты талқыланды
НҰР-СҰЛТАН. 29 сәуір. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Нұр-Сұлтан қалалық департаменті басшысының бірінші орынбасары елорданың автомобиль жолдарының құрылысын жүргізуге жауапты және оны бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді.
Іс-шарада «Сапалы жол» аясында жүзеге асырылып жатқан ынтымақтастықтың алдағы перспективалары талқыланды.
Уәкілетті орган ұсынған мәліметтерге сәйкес, бүгінгі күні Нұр-Сұлтан қаласының көлік жүйесі жалпы ұзындығы 868,3 шақырым 1129 көшеден тұрады, оның ішінде 88,4 пайызы (767,7 шм.) асфальт-бетонды жабындысы бар жолдар және 11,59 пайызы (100,62 км.) қатты жабыны жоқ автожолдар.
Биылғы жылы бөлінген қаржыландыру көлемі шеңберінде жалпы ұзындығы 30,2 шақырым 61 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарлануда, оның ішінде 15 орталық көше, 9 тұрғын алабында 36 көше және 10 әлеуметтік нысандарға кіру жолдары.
Осылайша елорда аумағында қатты жабыны жоқ автожолдардың саны 1,7 пайызға азайып, 10,2 пайызды құрайды.