Ноғай ұлттық мәдени автономиясы жаңа басшы сайлады
ЧЕРКЕССК. 16 сәуір. Ресейдегі Ноғай ұлттық-мәдени автономиясы өзіне жаңа басшы сайлап алды. Бұл туралы «Голос степи» хабарлады.
Оқиға Ноғай федералды ұлттық-мәдени автономиясының II съезінде орын алды. Ол Қарашай-Шеркеш қоғамдық палатасында өтті. Съезге Қарашай-Шеркештен, Дағыстаннан және Ставрополь өлкесінен делегаттар қатысты. Ноғай федералды ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы болып Қарашай-Шеркеш республикасындағы Ноғай мемлекеттік драма театрының басшысы Валерий Қазақов сайланды. Ол өткен жылғы ақпан айында қайтыс болған Қазмагомед Янбулатовтың орнын басты.
«Голос степи» газеті хабарлағандай, Валерий Қазақов аймақтық ұйым арқылы ноғай-орыс сөздігін басып шығару үшін РФ президентінің грантын жеңіп алыпты.
Ноғай ұлттық-мәдени автономиясы 2015 жылы құрылған. Ол ноғай этносын, мәдениеті мен тілін біріктіру және сақтау, сондай-ақ өзге елдерде тұратын отандастармен қызметтестікті нығайту мақсатында құрылған.